Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шаһардағы шаруалармен танысты

0 268

ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматуллин Тараз қаласына жұмыс сапарымен келіп, шаһардағы бірқатар нысандарды аралады.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Мәжіліс төрағасының сапары жаңа Жамбыл фосфор кәсіпорнындағы №16 жөндеу-механикалық цехын аралаудан басталды. Өндіріс орынының тыныс-тіршілігімен серіктестік басшысының орынбасары Нұрзия Лесбекова таныстырып, зауыттың жаңа жетістіктерін баян етті. Жалпы «Қазфосфат» ЖШС өткен жылдың қорытындысы бойынша 112,1 мил-лиард теңгенің өнімін өндіріп, Жаңа Жамбыл фосфор зауытында 96,5 мың тонна сары фосфор, 27,8 мың тонна натрий триполифосфаты және 41,3 мың тонна ортофосфор қышқылы шығарылған. Өнім Германия, Түркменстан, АҚШ, Дания, Швейцария, Польша, Чехия, Өзбекстан, Тәжікстан, Украина, Венгрия және Нидерланды мемлекеттеріне экспортталған. Осындай ауқымды істерді еңсерген кәсіпорынның жетістіктерін Мәжіліс төрағасына баяндаған серіктестік басшысының орынбасары зауыттың өндіріс көлемі келешекте де арта түсетінін айтты.

Кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен кеңінен танысқан Нұрлан Зайроллаұлы зауыт жұмысшыларымен кездесіп, Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауындағы басым бағыттар мен одан туындайтын міндеттер турасында сөз қозғады. Сондай-ақ, биылғы мәжіліс қарауында жатқан заң жобалары туралы әңгімелеп, жұмысшылар көкейіндегі баспана алу, айлық жалақының өсуі сынды бүгінгі күні басты назарда тұрған сауалдарға жауап берді.

Нұрлан Нығматуллин бұдан әрі М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дің бас ғимаратына ат басын бұрып, Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтен бастаған өңірдің студенттерімен кездесті. Шаһардағы мен деген жастардың шоғыры жиналған келелі жиынды аталмыш білім ордасының ректоры Махметғали Сарыбеков ашты. Сонымен қатар басқосуға облыс әкімі Асқар Мырзахметов қатысып, өңір жастарының тегеурініне сенім білдірді. Нұрлан Зайроллаұлы өңірде биылғы жастар жылының табысты өтуіне табыс тіледі.

– Әрбір мемлекеттің болашағы және қозғаушы күші, әрине, жастар. Сондықтан елімізде Жастар жылы жарияланған өте маңызды кезеңде өздеріңізбен кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Бұл шын мәнінде мемлекет тарапынан жас ұрпақты қолдауға бағытталған маңызды қадам екендігі сөзсіз. Елбасымыз айтқандай, сіздер тәуелсіздіктің рухыменен өсіп келе жатқан мемлекетіміздің сенімді тірегісіздер. Қазақстанның болашағы тікелей сіздердің білімдеріңізге, энергияларыңыз бен патрио-тизмге байланысты. Осы орайда, әсіресе Жамбыл облысы жастарының патриоттық рухы бәрінен биік болуы тиіс деп есептеймін. Себебі «жері байдың – елі бай» деп халқымыз айтқандай, аумағы алпауыт мемлекеттерден кем түспейтін Жамбыл облысының жер байлығы да, тарихы да мол. Осы кездесуде арманы асқақ, мақсаты биік, Мағжан ақын айтқандай «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» жастар отыр. Сіздер ойға алған барлық арман, мақсатты жүзеге асырып, қуатты Қазақстанымызды дамыған отыз елдің қатарына қосу жолында аянбай еңбек етесіздер деп сенемін. Бұл жолда жаңа технологиялар,инновация және автоматтандыруға зор назар аударылады. Сондықтан сіздер үшін барлық жол ашық., – деді Мәжіліс төрағасы.
Жұмыс кестесіне сәйкес Нұрлан Нығматуллин түстен кейін «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдауға келген Талас аудандық ауруханасының дәрігері Сановар Миркасимова «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша аудандық маңызы бар қалаларға жұмысқа орналасқан жас мамандар «қала» статусының болуына байланысты аталған бағдарламадағы жеңілдіктерге қол жеткізе алмай отырғандарын айтты. Өз кезегінде Нұрлан Зайроллаұлы бұл бағдарлама негізінен қалаларда емес, ауылдық елді мекендердегі маман тапшылығын жою мақсатында қабылданғанын алға тартып, жас маманның ұсынысын ҚР Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп қарастыратындарын жеткізді. Тұрғындардың дені мәжіліс төрағасына ауылдарды газдандыру және ауған соғысы ардагерлерінің тұрғын үймен қамтамасыз етілуі мен шипажайларда тегін емделуі секілді сауалдар қойып, нақты жауаптар алды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.