Бүгінде өрімдей жастардың қылмыс жасап, құқық бұзуы бұқараны алаңдатып отыр. Тәртібі қиын баланың есейген сайын қылмыстың ауыр түрлеріне бейімі арта беретінін ескерсек, бұл аса өткір мәселе екенін мойындауға мәжбүрміз.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ Суреттерді түсірген К.Бердецкий

Соңғы уақыттарда әлеуметтік желіде таралған, жасөспірімдердің қатысуымен әлімжеттік, күш көрсету оқиғалары түсірілген бейнежазбалар елімізде кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс деңгейінің жоғары екенін айғақтайды. Мұндай мәселе Жамбыл облысында да жиі көрініс тауып, қоғамның талқысына түсіп келеді. Осыған орай, қаладағы №3 мектеп-лицейінің мәжіліс залында облыстық прокуратура, ювеналды сот, полиция департаменті, облыстық білім басқармасы басшылығының қатысуымен «Кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері» тақырыбында кеңейтілген отырыс өтті. Жиынға сондай-ақ ата-аналар комитеттері мен қамқоршылық кеңестердің мүшелері, мектеп инспекторлары мен психологтар қатысып, мамандарға өздерін алаңдатқан сауалдарын жолдады.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша алғашқы болып сөз алған Жамбыл облысы полиция департаментінің ювеналды полиция бөлімшесінің басшысы, полиция полковнигі Қуаныш Қалжанов өңірдегі жасөспірімдер арасындағы қылмыс деңгейінің өткен жылғы көрсеткіштерін ортаға салып, құқық бұзушылықтың негізгі факторларын атап өтті.

– 2018 жылдың қорытындысы бойынша өңірде жасөспірімдер арасында 149 қылмыс тіркелген. Көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 18,1 пайызға төмендеп отыр. Ал қала бойынша орын алған қылмыс саны 95-тен 80-ге азайған. Профилактикалық шараларға қарамастан, денеге ауыр жарақат салу бойынша 9 дерек тіркелген. 16 жасқа толмағандармен жыныстық қатынасқа түсу деректері 15-тен 23-ке көбейген. Бұл деректер медициналық тексеру нәтижесінде анықталған. Олардың барлығы бүгінде азаматтық некеге тұрып, ортақ сәбилерін тәрбиелеуде. Сонымен қатар, түнгі көңіл көтеру орындарын тексеруге бағытталған 3398 рейд өткізіліп, 8523 кәмелетке толмаған баланың ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды , – деді Қуанышбек Жақсылықұлы.

Тізе берсек, жас өскіндердің қатысуымен болған қылмыстар шаш етектен. Бұғанасы бекімеген жас буынның арасында есірткіге елітетіндер де жоқ емес. Осы жәйтке қатысты ювеналды полиция бөлімінің басшысына облыстық ата-аналар комитетінің төрайымы, қалалық мәслихат депутаты Эльмира Мырза–Ғали токсикомания фактілері бойынша алаңдаушылық білдіріп, сауал жолдады. Оның айтуынша, қала мектептерінде оқушылар арасында желім иіскеу әдеті белең алған. Мұны желім сататын саудагерлер де растап отыр. Қуанышбек Қалжанов токсикомания фактісі бойынша бүгінгі таңда Жамбыл ауданынан 2 жасөспірім ғана тіркеуде тұрғанын айтты. Аталған статистикалық мәліметке қанағаттанбаған Эльмира Иниятқызы бұл мәселеде барынша қырағы болу керектігін алға тартты.

– Кеңейтілген отырысқа баршамыз балаларымыздың болашағына жанымыз ашығандықтан жиналып отырмыз. Директорлар өздері басқарып отырған мектепте орын алған олқылықтарды жасыруға тырысады. «Бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде» деген ұстанымға берік. Менің ойымша, ондай фактілерді жасыратын себебі, ертеңгі күні сол үшін жазаланудан қорқады. Қандай жағдай орын алса да, біз үнемі мектепті, мұғалімді кінәлаймыз. Директорларды жұмыстан қудалауға дейін алып барамыз. Сол себепті бүгінгі таңда жасөспірімдер арасындағы қылмыс азаймай отыр. Бұл кемшіліктерді реттеу үшін біз ауруды жасырудан арылуымыз керек, – деді Эльмира Мырза–Ғали.

Расында, мектептегі оқушылар ата-анасының көзін ала бере ғаламтордан түрлі теріс ақпараттарға оңай қол жеткізеді. Қадағалаудан тыс қалған жас өскін ортасына қарай жетіліп, айналасындағы жәйттерді тез қабылдағыш келеді. Көп еліктейді, көргенін жасағысы келеді. Оларды қоғамда орын алып жатқан зұлымдықтар мен қылмысқа итермелейтен факторлардан арашалау әуелі ата-ананың, одан кейін мектеп ұстаздары мен құқық қорғау органдарының тікелей міндеті. Жоғарыда аталған мәселенің өзектілігін растаған облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова мектеп директорлары мен психологтарды әр баламен жеке жұмыс жасауға шақырды.

– Айтылған мәселені жоққа шығара алмаймыз. Жақсы басшы ешқашан ештеңені жасырмайды. Кез келген мәселенің шешу жолдарын қарастырады. Құқық бұзушылық деректері тіркелген мекемелердің жұмыстары зерделене келе, барлық олқылық сыртқа шыға бастайды. Ата-анамен қандай жұмыс жүргізілді? Мектеп психологы немен айналысады? Осы сауалдарға жауап іздегенде бірден көзбояушылық әрекеттері қылаң береді. Жүргізілген соңғы зерделеу жұмыстарына сәйкес, психологтардың баламен сұқбат жасау методикасынан хабарсыз екені анықталды. Қылмыстың алдын алу, баланың бұрыс жолға түспеуі, ата-ананың, мектеп пен құқық қорғау органдарының бірлескен іс-қимылына байланысты екенін есте ұстау керек. Осыған байланысты мектеп әкімшілігі инспекторлармен тығыз байланыста болуы тиіс. Былтыр қазан-қараша айларында мектеп инспекторлары ата-аналар комитеті мүшелерінің алдында есеп берді. Біз сараптама жасай келе, қандай жұмыстардың атқарылғанын анықтай алмадық. Себебі, ешкім мардымды жауап бере алмайды. Облыстағы 446 мектептің барлығында осындай жағдай. Жыл сайын рейдтер мен арнайы шаралар ұйымдастырамыз. Мектептердің 88 пайызына видеокамера орнатылған. 5000 камера мектептерге орнатылса, 2500 камера балабақшаларға қойылған. Барлық мекемеде жағдай жақсы. Мемлекет көмек көрсетіп отыр. Ал жұмысымыз көрінбейді. Бүгінгі жиын барысында мектеп инспекторлары мен директорларға, психологтарға арнайы индикаторлар жасап, тиісті мекемелерге есеп беріп отырсын деген бастама көтермекпін. Жұмысты жүйелемесек, тәртіп болмайды,–деді Рахия Сейтбекқызы. Тәрбие ата-ана мен мұғалімге ортақ іс екені айтпаса да түсінікті. Бірақ ата-анасынан жырақта жүрген балалардың тәртібімен қатар, мінез-құлқына да зер салу қажет-ақ. Нарық қыспағына алған бүгінгі заманда ата-аналардың дені жұмысбастылықты желеу етеді. Осыған байланысты мұғалімдермен бірігіп, жұмыла жұмыс істеуге құлшынбайды. Мұның барлығы айналып келгенде оқу орындарындағы келеңсіздіктердің көбеюіне ықпал етеді. Осы мәселеге байланысты қаладағы №41 А.С.Пушкин атындағы мектеп гимназияның директоры Жәмила Төребекова Жамбыл облысының кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Ербол Дүйсенбаевқа сауал жолдады.

– №41 мектеп-гимназиясында білім алатын біраз баланың ата-анасы ұзақ уақытқа шет мемлекеттерге күнкөріс қамымен ақша табуға кетеді. Балаларын ата-әжесіне, туыстарына тастайды. Бүгінгі таңда сол балалардың тәрбиесі үлкен мәселеге айналып отыр. Себебі, қарт кісілердің немерелеріне қарайтын қауқары жоқ. Ал туыстары мойындарына жауапкершілік алғысы келмейді. Бұл жалғыз №41 мектептегі жағдай емес. Осындай жағдайда кәмелетке толмаған балалардың ата-анасы не істеуі керек? Қамқоршылықты заңдастыру жөнінде қандай кеңес бере аласыз?, – деді Жәмила Мавлетқызы.

– Бұл – өте өзекті мәселе. Ювеналды соттың құрылған 7 жылында біз осы мәселені көп кездестірдік. Осыған байланысты, жоғарғы сот төрағасының тапсырмасымен қыркүйек айынан бастап «Отбасы соты» пилоттық жобасы құрылып, көп жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, ұзақ уақыттан бері АҚШ-та, Кореяда жүрген ата-аналардың балаларымен жұмыс жүргізілуде. Бұл түйткілдің шешілуі оңай емес. Бәріміз ата-анамыз. Негізінде, заң талаптарына сәйкес бала ата-анасымен тұруы тиіс. Олай болмаған жағдайда қамқоршысының немесе асырап алушының қолында болуы керек. Неке және отбасы туралы кодексте де осылай көрсетілген. Өкінішке орай, қазақы менталитетімізге сәйкес, ата-анасы ажырасса, бала нағашыларында, кейде өз ата-әжесінің қолында қалып, жастайынан психологиялық зақым алады. Соның әсерінен бала қылмыс жасауға, құқық бұзуға бейім болады. Осы себепті, қалалық білім бөлімі, әр мектептің психологы мен мектеп инспекторлары осындай жағдайда өмір сүретін балалардың ахуалын көзбен көріп, шешім шығарып, қорғаныш және қамқоршылық кеңеске хабарлауы тиіс. Әр баланың жағдайын комиссия жіті тексереді. Қылмыстық процессуалдық кодекстің талаптарына сәйкес әр баланың заңды өкілі болуы тиіс. Баланың жағдайы нашар, қылмысқа бейім, қамқорлықсыз қалғаны анықталса, ата-анаға бірден шара қолдану қажет. Бұл, әлбетте, өте ауыр мәселе. Бірақ тығырықтан шығудың жолы осы ғана. Сонда ғана әрбір ата-ана жауапкершілікті сезінетін болады, – деді Ербол Мизанұлы.
Жиын барысында облыстық ардагерлер кеңесінің білім беру жөніндегі тұрақты комиссиясының төрайымы Нұркен Қасымова өз ұсынысын ортаға салды.
– Біздің облыс білім саласында дарынды балалармен жұмыс істеу, республикаға таныту бойынша жақсы жетістіктерге жетіп жатыр. Бұл жүйені жақсы меңгергенбіз. Өкінішке орай, тәрбие жұмыстарына келгенде олқылықтар көп. Бізге нақты нәтижелер беретін жақсы жүйе құру керек. Бір-екі мектепте осы жүйені пилоттық жоба ретінде іске қосып, жас директорларға тәжірибе жүргізуге болады. Әлбетте, әр мектеп, әр директор өз тәсілдерімен жұмыс жүргізіп жатқанын білеміз. Бірақ тәрбие мен қылмыс мәселесіне келгенде баршамызға үлкен ынтымақтастық қажет болып тұрғанын айқын аңғаруға болады.

Жүйенің алға жылжуына белсенді ардагер ұстаздарды да жұмылдырса, жақсы нәтиже береді деп ойлаймын,– деді Нұркен Нұрмаханқызы. Білім беру саласында ұзақ жыл қызмет атқарған маманның ұсынысын құп алған білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова бұл бастаманы қолға алып, мектептерге арнайы тапсырма беретінін жеткізді. Расында, көрсетілген деректер бойынша жасөспірімдер арасындағы қылмыс деңгейінің айтарлықтай жоғары екені анықталып отыр. Бұл бүгінгі қоғамның ақсап тұрған тұстарының бірі десек, қателеспейміз. Аталмыш жиынның да мақсаты осы түйткілдердің тетігін тауып, жастардың опа таптырмайтын қылмыс әлеміне, құқық бұзушылыққа баруын азайту болып табылады. Алайда жиын барысында құрғақ сөзден гөрі, қоғамды құрдымға жіберетін қылмыстардың алдын алуына, мектептегі және үйдегі тәрбиеге байланысты нақты ұсыныстардың айтылмағаны ата-аналарды абыржытқаны рас. Қалай болғанда да, қоғамның негізі саналатын жасөспірімдерге әр ата-ана заңды білмеу ешуақытта жауапкершілік пен жазадан босатпайтынын ескертуі тиіс. Сонымен қатар, білім беру ошақтары да «ауруын жасырған өледінің» кебін кимеу үшін әр баланың тұлға екенін ескеріп, мәселе туындаған жағдайда оны тұншықтырмай, жылдам шешу жолдарын қарастырып, нақты нәтижеге бағытталған жұмыстар жүргізсе деген тілек бар.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған