Қалалық қоғамдық-саяси газет

Пайым мен парасат партиясы

0 175

«Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық филиалының кезектен тыс ХХVІ коннференциясы өтті. Жиынды партия қалалық филиалының төрағасы, Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов жүргізіп отырды.

Бекнұр САТЫБАЛДИЕВ
Суреттерді түсірген К.Бердецкий

Күн тәртібінде Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын іске асыру жолдары жайлы әкім орынбасары Кенжебек Олжабай, «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығы: Жасампаздық және әлеуметтік даму кезеңі» туралы партия филиалының саяси кеңесінің бюро мүшесі Арын Асқарбеков баяндама жасаса, «Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі бағдарламасы жобасының негізгі ережелері туралы партияның саяси кеңесінің бюро мүшесі, ТарМУ ректоры Махметғали Сарыбеков сөз алды.


Алғаш болып мінберге көтерілген Кенжебек Мамашбайұлы Жолдау жүктеген міндеттердің жүзеге асыру барысындағы жүйелі жұмыстарды кеңінен тарқатып айтып берді. Ол өз сөзінде: «2018 жылдың 5 қазан күнгі Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы – егемен елімізді одан әрі дамытудың, биік табыстарға жеткізу жолын бағдарлаған маңызды құжат.


Жолдаудағы іс-қимыл бағдарламасы мен Президенттің стратегиялық бағыты Қазақстан халқының әл-ауқатын жақсартудың айқын дәлелі екендігіне көзіміз жетті.


Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастауымен және халқымыздың бірлігі мен тұрақтылықтың арқасында экономикалық және демократиялық даму үлгісінде азаматтық қоғам құрылып, Қазақстан сапалы жаңа кезеңіне жетті. Бұл Елбасы белгілеген Бес негізгі реформа арқылы анықталып отыр.


Бүгін «Нұр Отан» партиясы қоғамның жетекші саяси күші бола отырып, Партия Доктринасында белгіленген «Бірлік пен келісім», «Отбасы және дәстүр», «Заңның үстемдігі», «Адам», «Әділеттілік» пен «Ынтымақшылдық», «Болашаққа ұмтылыс» сияқты негізгі ұстанымдарды басшылыққа алып, қазақ халқының әл-ауқатын арттыру мен гүлденуі жолындағы тарихи миссияны қолға алды.


Олай болса, Мемлекет басшысы жеткен жетістіктерімізді сақтап, оларды одан әрі күшейтудің 6 басымдығын белгілеп берген болатын. Олар:
– халық табысының өсуі;
– тұрмыс сапасын арттыру;
– өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру;
– азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат;
– тиімді сыртқы саясат;
әрбір қазақстандықтың еліміздегі өзгерістер үдерістеріне атсалысуы», – дей келе, нақты көрсеткіштерге тоқталды. Баяндамашы сөзінен белгілі болғанындай, Жолдауда көрсетілген әр бағыт бойынша байыпты жұмыстар қолға алыныпты.
Бұдан әрі сөз алған партия қалалық филиалының саяси кеңесінің бюро мүшесі Арын Асқарбеков филиал тарапынан атқарылған жұмыстарды баяндамасына арқау етті.
– Жалпы, биылғы жыл «Нұр Отан» партиясы үшін ерекше жыл. Өйткені партияның саясат сахнасына шыққанына биыл 20 жыл толғалы отыр. Бұл биылғы жылдың ерекше оқиғаларының бірі деп санаймын. Осы уақыт ішінде партиямызбен бірге талай асуларды бағындырып, биік белестерге жеттік.
Бүгінде партия қалалық филиалы – қала халқының үкілі үмітін ақтап келе жатқан, құрамына 16 мыңға жуық мүшесін біріктірген, өңірдегі басты саяси ұйымға айналды.


Партия Тараз қалалық филиалы құрылғалы бері, бүгін міне 26-шы конференциясын өткізіп отыр. Бұл басты жиындар қала тұрғындарының жарасымды өміріне, тұрмыс-жағдайын жақсартуға, саяси тұрақтылықты қалыптастыруға және де жалпы қаламыздың өркендеуіне үлес қосу мақсатында ұйымдастырылып өткізілді.


Үстіміздегі жылдың қаңтар айындағы жағдай бойынша филиалда 53 бастауыш партия ұйымдары жұмыс істейді.
Бастауыш ұйымдарының барлығы 100 пайыз жеке кабинеттермен қамтамасыз етілген. Компьютерлер және кеңсе жабдықтарымен қамтуда оң динамика байқалады және ол 97,4 пайызға жетіп отыр.


Осы уақытқа дейін БПҰ төраға/ – төрайымдарының 80 пайызына жуығы партиялық оқуларға қатысты.
Филиалға қарасты «Алау», «Салауат», «Жамбыл облыстық ауруханасы», «Қазақстан Темір жолы», «Бәйтерек», «Құмшағал», «Озат», «Өрлеу» және Республикада жеңімпаз атанған «Арайстроймаркет-2003» сияқты белсенді партия ұйымдарының жұмыстарын ерекше атауға болады.


Қазіргі таңда, партия қалалық филиалы мен құрылымдары ішінде де ауқымды жаңғырту жұмыстары басталып, 20 жаңа бастамашыл партиялық жобалар жүзеге асырылуда.


Қоғам назарын өзіне ерекше аударып отырған бұл ауқымды партиялық бастамаларды жүзеге асыруда партия Тараз қалалық филиалымен нақты әрі нәтижелі жұмыстар жүргізілуде, – деді Арын Ілиясұлы.


Сонымен қатар жиында партияның жаңа бағдарламасының жобасы талқыланып, конференциясының қаулысы қабылданды және партия облыстық филиалының кезектен тыс ХХІV конференциясына делегаттар сайланды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.