Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев көпбалалы ана Әсия Дубаеваны құттықтап барды.
Ақ жаулықты ана 1934 жылы 8 наурызда дүниеге келген. 10 бала тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған жан. Өзгенің көне көздері сынды еңбектің ащы дәмін татқан.
Қала әкімі Әсия Берікбайқызын көктем мерекесімен тұспа-тұс келген жаңа жасымен құттықтап, ізгі тілегін арнады.
– Сіздің өткен өмір жолыңыз тағылымы мол тәрбиелі кітаппен тең. Көргені-түйгені көп сіздей адамды құрметтеу – бүгінгі ұрпақтың парызы, – деген шаһар басшысы мерейтой иесінің иығына шапан жауып, көңіл кірлемесін деген ниетпен ақ орамал тақты.
«Алтын белгі» төсбелгісінің иегері Әсия әжей елге ақ батасын беріп, алғысын жеткізді.
Дедек Төлен