Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Сергек» іске қосылды

Айыппұл арқалаймын демесеңіз, ереже сақтаңыз!

0 375

Тараздық темір тұлпар тізгіндеген тұрғындардың «Облыс орталығына «Сергек» орнатылады» дегеннен-ақ мазасы қаша бастаған еді. Бұл бақылау жүйесі жұмыс істеп тұрған өзге қалалардағы жүргізушілердің «әр қимылыңды қалт жібермей қадағалап, шалыс бассаң, артынан айыппұлы келіп тұрады» дегені үрейлерін алғаны ма, әлде тәртіп сақшылары жоқ жерде көлігін қалауынша айдап үйренген әулиеаталықтар машинасын «емін-еркін басқарудан қалатын болдық» деп қапаланғаны ма, әйтеуір «Сергектің» орнатылуын қолдағандардан гөрі қарсылық танытқандардың қарасы қалың болды.

«Көне шаһар халқының тұрмыс деңгейі Астана, Алматы мен Шымкентпен салыстырғанда төмен болғанына қарамастан, айыппұл барлығына бірдей есептелетіні қалай?» дегендер де табылып жатты. Алайда «Бұйрық – қатты, жан – тәтті» дегендей, биліктегілер қолға алған жұмысқа қара халықтың кедергі бола алмайтыны белгілі. Нәтижесінде, аталған аппараттық-бағдарламалық жүйе өткен жылдың аяғына таман толықтай орнатылып, 16 қаңтарға дейін сынақтан өткізіліп келді. Өзінің жүйелі жұмыс істейтінін дәлелдеген ол үстіміздегі аптаның алғашқы күні іске қосылып та кетті. Ал «Жүйе жұмысын бастаған алғашқы тәулік ішінде-ақ 2 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды» деген хабар рөлдегі азаматтардың онсыз да қамыққан көңілін одан әрі түсіріп тастағандай болды. Жалпы жаңашыл жүйенің қоғамға әкелер пайдасы не? Оның жұмыс істегенінен кім ұтады, кім ұтылады? Тәулік сайын айыппұлдар арқылы түсіп жатқан қыруар қаражат кімнің қалтасына түсіп жатыр? Сұрақ көп-ақ…

Бұл сауалдарға жауап іздеместен бұрын, әуелі «Сергек» қоғамдық және жол қауіпсіздігі жүйесінің жұмысына тоқталып өтейік. Жамбыл облысы Полиция департаменті Ақпарат және байланыс басқармасының бастығы Еркін Сақыбаевтың айтуы бойынша, аппараттық-бағдарламалық кешеннің жұмысы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары мен жолдардағы өлім-жітімді азайтуға бағытталған. Сонымен қатар бұл көлік құралдары жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін сақтауына әсер етудің тиімді құралы болып отыр екен.
– Жоба аясында Тараз қаласында 48 аппараттық-бағдарламалық кешен қаланың жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Олардың 35-і желілік учаскелерде, ал 13-і көше қиылыстарында орнатылған. Бұдан бөлек, 1 250 жалпы бейнебақылау камерасы қойылған. Жүйе жылдамдық режимінен асып кету, бағдаршамның тыйым салу сигналына өту, жол белгілерiн сақтамау және тоқтау сызығын басу, қиылыстың алдында дұрыс орын ауыстырмау, тыйым салынған жерде тоқтау жән тұрақтау секілді жол ережелерінің бұзылуларын тіркейді, – дейді Еркін Игілікұлы.
Жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркеу автоматтық режимде жүргізіліп, полиция қызметкері тексергеннен кейін құқық бұзушыға жіберіледі екен. Сонымен қатар барлық ереже бұзу жағдайлары ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің әкімшілік өндірістерінің бірыңғай тізілімінде автоматты түрде есепке алынатын көрінеді. Хаттамаларды электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен erap-public.kgp.kz және egov.kz сайттарынан, сондай-ақ «Kaspi» банкінің мобильді қосымшасындағы мемлекеттік қызметтер бөлімінде жүктеуге мүмкіндік бар екен. Аппараттық-бағдарламалық кешендерде тіркелген құқық бұзушылықтармен келіспеген жағдайда Жамбыл облысы Полиция департаментіне хабарласуға немесе нұсқамада көрсетілген телефон нөміріне қоңырау шалуға болады.
Ал «Сергек» жобасының басшысы Нұрсұлтан Тұрғанбаев жүйе расында-ақ жолдағы апат пен адам шығынын азайтуға үлкен септігін тигізіп отырғанын айтады. Бұл сөзінің дәлелі ретінде жүйе орнатылған өзге қалалардың статистикалық мәліметтерін келтірген ол Астанада жоба іске қосылған бірінші жылдың өзінде жол-көлік оқиғаларынан қаза болғандар саны 43 пайызға кемігенін жеткізді. Ал Алматыда 2019-2022 жылдары қайтыс болғандар саны екі есеге дерлік азайыпты. Республикалық маңызы бар үшінші қала Шымкентте 2020-2022 жылдары апаттан көз жұмғандар саны 57-ден 38-ге дейін төмендеген екен.
– Жүйені орнатудағы басты мақсат – Тараз қаласындағы қауіпсіздікті күшейту. Бұған қоса, қоғамдық орындарда, қаланың қылмысқа бейім аймақтарында, мектептердің жанында, тұрғын үйлердің аулаларында орнатылған бейнебақылау камералары жолдың жүріс бөлігін ғана емес, оның маңайындағы аумақтарды да түсіреді. Олардан алынған барлық ақпарат ситуациялық орталыққа жіберіледі. Яғни жүйенің көмегімен қалаларда көлік ұрлау, ұрлық және кісі өлтіру сияқты қылмыстық құқық бұзушылықтарды да ашуға мүмкіндік бермек, – дейді жоба басшысы.
Әрине, қайғылы оқиғалардың алдын алуға, қылмыстық ахуалды түзетуге оң ықпалын тигізетін бұл жүйенің пайдасы зор. Дегенмен жүргізушілер арасында «Сергектің» төңірегінде туындаған сұрақтар әлі де көп. Соның бірі – «Қар жауғанда көрінбей қалатын жолақтарды басқан жағдайда ереже бұзылған болып есептеле ме?» деген сауал. Облыстық полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасы әкімшілік полиция бөлімінің бастығы Нұрсұлтан Алишевтің айтуы бойынша, мұндай оқиғаны бейнебақылау камералары тіркейтін болса, полиция қызметкерлері жағдайға жан-жақты талдау жасап, жүргізушінің кінәсі анықталмаған жағдайда айыппұл салмау туралы шешім қабылдайды екен.
Ал әлеуметтік желі пайдаланушылары айыппұлдан түсетін қомақты қаражат кімнің қалтасын қалыңдатып отырғаны айтылмай жатқанына таң қалуда. Бұл сұраққа шорт кесе жауап берген «Сергек» жобасының басшысы Нұрсұлтан Тұрғанбаев жүргізушілерден алынатын қаржы аппараттық-бағдарламалық кешенді орнатқан жеке компанияның есебіне түспейтінін айтады.
– Жамбыл облысы әкімдігі, облыстық полиция департаменті және біздің арамызда үшжақты келісім жасалған. Жүйені орнату мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жүргізілді. Айыппұлдан түсетін барлық қаражат облыстың қазынасына түседі. Ал жеке компания ретінде біздің қандай пайда табатынымызға келсек, арада жасалған келісімге сәйкес, жұмсалған шығынымыз алдағы 5 жыл ішінде бөлініп төленеді, – дейді жауапты маман.
Желіде, сондай-ақ «Сергек» іске қосылған алғашқы күнде қалайша 2 миллион теңгеге жуық айыппұл салынғаны төңірегінде де қызу пікірталас жүруде. Тәртіп сақшыларының берген мәліметіне сүйенсек, бұл тәулік ішінде жол ережесін бұзудың 170 дерегі тіркелген. Оның ішінде жылдамдықты шекті межеден асыру фактісі ең көп орын алған. Мамандар «ақылды» камералар көлік жылдамдығын белгіленген шектеуден сағатына 10 шақырымнан асырған жағдайда ғана ереже бұзу болып саналатынын айтады. Яғни сағатына 60 шақырымнан жылдам жүруге болмайтын жол бөлігінде сағатына 71 шақырым жылдамдықпен өтсеңіз, айыппұл төлейсіз. Ал сағатына 70 шақырыммен жүрсеңіз, бұл ереже бұзу болып саналмайтын көрінеді. Бұдан бөлек, «Сергек» қауіпсіздік белбеуін тақпау және рөлде отырып ұялы телефон пайдалану секілді тәртіп бұзушылықтарды да қадағаламайды екен.
«Сергектің» қатаң қадағалауынан полиция, өрт сөндіру және жедел жәрдем секілді арнайы қызметтердің көліктері де тыс қалмайды. Егер қызметтік көлік шақырту немесе шұғыл жағдайға бағыт алып бара жатпай жол ережесін бұзатын болса, жүргізушілер қатардағы азаматтармен бірдей заңға сәйкес айыбын өтеуге міндеттелетін көрінеді.
Аппараттық-бағдарламалық жүйе облыс орталығына іргелес жатқан Байзақ және Жамбыл ауданының тұрғындарының да тынышын қашырып отыр десек те болады. Олар күндіз-түні тынымсыз бақылайтын жүйенің аталған аудандарға да орнатыла ма деген үреймен жүр. Жауапты мамандар бұл тұрғыда алаңдауға негіз жоқ екенін айтады. Өйткені қалаға жақын аудандарда «Сергекті» орнату әзірге жоспарда жоқ екен. Алайда орнатушы компания өкілдері Тараз қаласында өз тиімділігін көрсетіп, облыс басшылығынан сұрау түссе, орнатуға болатынын айтады. Айта кетер жайт, «ақылды» қамералар Жамбыл және Байзақ аудандарының аумағында қазірден бар. Олар «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізінің аудандар аумағынан өтетін бөліктерінің бойына 9 жерге қойылған.
Өз кезегінде темір тұлпар тізгіндеген азаматтар бақылау камералары тек автокөліктердің жүрісін қадағалауға ғана бағытталып, ереже бұзатын өзге де жол қозғалысы қатысушыларын назардан тыс қалдыратынына қапалы. Өйткені шаһарымызда әлі де есек арбамен жүретін азаматтардың кездесетіні жасырын емес. Сондай-ақ электрлі самокаттармен сабылып жүретін жастар да жетерлік. Мамандар бұл жағдайда ереже бұзушылар «Сергектің» қатулы қабағына ілікпейтінін айтады. Сол секілді көшені белгіленбеген жерден кесіп өтіп, апатқа себепкер болған жаяу жүргіншілер де жазадан сытылып кете баратын көрінеді. Дегенмен жол бойы орнатылған қосымша камералар мұндай тәртіп бұзушыларды тіркеп, тәртіп сақшыларының назарына ұсынып отырады екен.
Иә, жаңашылдықты жатырқау – кез келген қауымға тән қасиет. Оған қоғамның өткен ғасырдағы бірқатар ғылыми жаңалықтарды қабылдаудан бас тартқаны тарихи дәлел. Алайда сол кезде шеттетілген көптеген өнертабыстар өзінің тиімділігін дәлелдеп, бүгінгі тіршілігімізбен біте қайнасып кетті. Бәлкім, «Сергек» те алғашында көзге шыққан сүйелдей түрпі көрінгенімен, уақыт өте келе өз пайдасын көрсете жатар. Әрине, оны уақыт көрсетеді. Десе де, дәл қазіргі уақытта Таразда аталмыш жүйенің айналасында жауабын таппаған сауалдар әлі де бар. Мәселен, жолдың алдағы бөлігінде «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешені бейнебақылау жүргізетіні туралы хабарлайтын белгілер қашан орнатылатынын жүргізушілерді әлі алаңдатып отыр. Рас, мұндай белгілер шаһарымыздың кейбір аумақтарында орнатылған. Дейтұрғанмен көлік тізгіндеген азаматтар олардың тым кішкентай екенін және көзге көріне бермейтін тасада орналасқанын айтып жүр. Сол секілді, «Облысымыздың қазынасын толықтырып отырған айыппұлдан түсетін миллиондаған теңге қаражат көне шаһардың күйі нашар көшелерін жөнге келтіруге жұмсала ма?» деген сұрақ та әлі жауапсыз қалып отыр. «Сергектің» жұмысын бастағанына әлі жұма болған жоқ. Алдағы уақытта көптің көкейіндегі бұл жайттың да анық-қанығы айтылып қалар деп үміттенеміз.

Мұратхан ӘЛІМХАН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.