Қалалық қоғамдық-саяси газет

Саннан сапа маңызды

Үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын қалай жандандырамыз?

0 372

Үкіметтік емес ұйымдар – азаматтық қоғамның тірегі. Сондықтан атқарушы билік пен халықтың ортақ мүддеге сай ықпалдасуына үкіметтік емес ұйымдар үн қосып келеді. Десек те, биыл Тараз қаласы бойынша 198 ұйым уәкілетті органға жұмыс ауқымы жөнінде мәлімет ұсынбаған.

Әділет департаментінің дерегі бойынша Тараз қаласында бас-аяғы 593 коммерциялық емес ұйымдар (КЕҰ) тіркелген. Оның ішінде 415 қоғамдық бірлестік, 149 қоғамдық қор, 29 заңды тұлғалар бірлестігі бар. Тараз қаласы мемлекеттік кірістер басқармасының ақпаратына сүйенсек, бүгінде 73 үкіметтік емес ұйым қызметін уақытша тоқтатқан, ал үш ұйым тарауға құжаттарын әзірлеп жатса, 32-сі сот шешімімен мәжбүрлі тараған. Ашығын айтсақ, бүгінде үкіметтік емес ұйымдардың барлығы бірдей белсенді емес. Тек 100-ге жуығы қаланың әлеуметтік-экономикалық өміріне белсенді араласуда. Олар жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, өңірде қордаланған сан алуан мәселелердің оң шешілуіне ықпал етуде. Себебі үкіметтік емес ұйым мүшелері қала әкімдігінің бірнеше комиссиясы мен кеңес құрамында бар. Жергілікті атқарушы органдар жыл сайын үкіметтік емес ұйымдармен байланысты нығайту мақсатында қаржылай қолдау көрсетіп келеді. Мысалы, биыл мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 14 жоба жоспарланған. Аталған жобада гендерлік теңдік мәселесін шешу, қоғамдық келісімді нығайту, жастар саясатын қолдау, әлеуметтік көмек көрсету, отбасы институтын нығайту, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру, діни тұрақтылықты қамтамасыз ету сияқты тағы бірнеше өзекті мәселелер қамтылған.
Жобаларды жік-жігімен айтар болсақ, қала әкімдігінің ішкі саясат бөлімі төрт жобаны іске асырған. Нақтырақ айтсақ, отбасы институтын, этносаралық келісімді нығайтуға, жануарларға жауапкершілікпен қарауға және қоғамдық пікірді зерттеу бойынша жобалармен айналысқан. Ал қала әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі инватакси қызметі, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін «Туған өлке» экскурсиясын өткізу, «Ұлы Жібек жолы» жобасы бойынша ерекше балаларды оқыту, үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету сынды жобаларды орындаған. Сол секілді Жастар ресурстық орталығы да бес жобаны жүзеге асырды. Жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мен насихаттауға, нашақорлықтың, құқық бұзушылықтың алдын алу және құқықтық сауаттылыққа тәрбиелеу, сонымен қатар жасөспірімдер, жастар арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу бойынша мақсатты іс-шаралар өткізді. Бұдан бөлек, жастар арасында радикалды діни ағымдарға қарсы иммунитет қалыптастыруға, діни сауаттылық деңгейін арттыруға, дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттауға бағытталған, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға шақыратын жоба оң нәтиже берген. Мүмкіндігі шектеулі жастардың шығармашылық әлеуетін дамыту бағытындағы іс-шаралар да жемісті жүзеге асқан.
Үкіметтік емес ұйымдар 2017 жылдан бастап Қазақстан Республикасының «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Заңының 41-бабы 5-тармағына сәйкес жыл сайын қаңтар-наурыз аралығында уәкілетті органға өзінің қызметі туралы ақпаратты ұсынуы қажет болды. Осы өзгерістер туралы жыл сайын қала әкімдігінің әлеуметтік желілердегі парақшаларына (Facebook, Instagram), «Jambyl-Taraz» қоғамдық-саяси газетіне мақала жарияланады. Бірақ былтыр дерекқорға қаладағы 411 үкіметтік емес ұйымның тек 190-ы өздерінің қызметі жайлы мәліметтерді жолдаған. Қалған ұйымдар мәліметін карантиндік шектеулерге байланысты уақытылы өткізбеген. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ақпаратына мән берсек, ағымдағы жылы Тараз қаласы бойынша тек 225 үкіметтік емес ұйым дерекқорға ақпарат ұсынған. Ал жұмыс ауқымы туралы мәлімет бермеген 198 үкіметтік емес ұйымның басшыларына әкімшілік құқық бұзушылық бойынша хаттама толтыру үшін хат жолданған. Сол үкіметтік емес ұйымдарға әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 17 хаттама толтырылып, Тараз қаласының әкімшілік сотына жолданған. Енді оларға әкімшілік құқық бұзушылық бойынша ескерту түрінде жаза қолданылмақ.

Ұлана Сламбекова,
Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.