Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сананы жаулаған «синтетика»

0 545

Әлемде де, елімізде де есірткі тұтынатын адамдар санымен қатар, есірткімен байланысты құқық бұзушылықтар саны да өршіп, оларды тарату жолдары түрленіп барады.

Барлығына мәлім, кеңінен таныс гашиш (анаша), каннабис (марихуана), каннабис шайыры, героин және өзге де есірткі заттарынан бөлек, «синтетикалық есірткі» дейтін қоғамдық дерт кеңінен белең алды.
Елімізде «синтетикалық есірткі» дейтін ұғым осыдан жеті-сегіз жыл бұрын пайда болды. Алғашында Қазақстанға темекі қоспалары бар «спайс» келді. Уақыт өте түтіні жоқ темекі «снюс» саудаға шыға бастады. Кейіннен есірткі әлемін «кристалл», «жылдамдық», «ваннаға арналған тұз», «экстази», «индейка» деген түрлі лақап атаумен тараған синтетикалық заттар тез жаулап алды.
Сонымен қатар қазіргі таңда меткатинон (эфедрон), пирролидиновалерофенон (альфа-PVP), мефедрон сияқты құрамын болжау өте қиынға соғатын есірткі заттары мен есірткі тектестер қоғамға қауіп төндіріп тұрғандығы анық.
Статистикаға сәйкес, 2023 жылы облысымызда есірткіге байланысты 591 құқық бұзушылық тіркеліп, құқық қорғау органдарымен 6 тонна 928 грамм есірткі заттары, психотроптық немесе улы заттар, прекурсорлар алынған. Олардың ішінде ең жиі кездесетін синтетикалық және жартылай синтетикалық есірткі заттары – Меткатинон (Эфедрон) (Metcathynone) – 34 кг 227 грамм, Пирролидиновалерофенон (альфа-PVP) – 0,7 грамм, 2-(пирролидин-1-ил)-1-фенилпентан-1-он (α-пирролидиновалерофенон, α-PVP) – 457 грамм, 2-(метиламино)-1-(3,4-метилендиоксифенил) пропан-1-он (bk-MDMA, Метилон) 790 грамм тәркіленген.
Синтетикалық есірткінің ерекшелігі – бұл дерт адам психологиясына санаулы секундта өте қатты әсер етіп, ұйқысы бұзылып, депрессияға ұшырап қана қоймай, үнемі белгілі бір дене қимылдарын қайталай береді.
Ең сорақысы, бұл дерттің қармағына ең бірінші болып жаны жаңалыққа құмар жастар ілігіп жатады. Бәлкім, санасы қалыптаспаған, ақылы кемелденбеген жастарды көптеген қалалардың көпқабатты үйлерінің қабырғаларында және басқа да қоғамдық орындардағы граффити стилімен, түрлі-түсті аэрозоль бояуларымен жазылған жазулар мен хэштегтер қызықтыратын да болар. Ал есесіне есірткісіз тұра алмайтындар, былайша айтқанда, «тәжірибелі тұтынушылар» бұл жасырын жарнаманың есірткіге қол жеткізу каналы екенін жақсы біледі.
Әрине, қазір әлеуметтік желісіз өмірімізді елестету мүмкін емес. Дегенмен әлеуметтік желілердің заңмен тыйым салынған есірткі заттарының жасырын жарнамасын жасап, кеңінен таратуға таптырмас мүмкіндік жасап отырғанын да ескерейік.
Сондықтан да қазір синтетикалық нашақорлықтың таралуы, интернеттегі оның жарнамасы мен саудасына қоғам, орта болып бірлесе қарсы тұрып, немқұрайлылық танытпағанымыз жөн.
Ең қарапайым дегені жоғарыда айтылған жасырын жарнамаларды жазып жатқан адамдарды немесе есірткі тұтынып отырған, қандай да бір орында ақылға қонымсыз қимылдар жасаған адамдарды көрсеңіздер, азаматтық ұстанымдарыңызды басшылыққа алып, бейжай қарамай, тиісті органдарға хабарлағандарыңыз жөн.

Арманай СЕИТБЕКОВА,
ҚР БП Құқықтық статистика және
арнайы есепке алу комитетінің
Жамбыл облысы бойынша департаментінің прокуроры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.