Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Сөз бостандығы билікті жөнсіз сынаумен өлшенбейді»

0 537

Әр саланың бетке ұстар майталманы, кейінгі толқынға жол бастар ақылмандары болады. Мұндай азаматтар Жамбыл журналистикасында да аз емес. Солардың көш басында облыстық «Ғұмыр-Дария» газетінің директор-бас редакторы Жаңабай Миллионов тұр десек, қателеспейміз. Кәсіби мереке қарсаңында ардагер әріптесімізбен сұхбаттасудың сәті түскен еді. 

– Журналистикада үлкен жолдан өттіңіз. Биыл мерейлі 70 жасқа толдыңыз. Өткен шығармашылық өміріңіз жайлы өзіңізден кейінгілерге не айтар едіңіз?

– Біздің жас кезімізде ұлы жырау Жамбыл Жабаев туралы айтқанда «екі ғасырды көрген, екі дәуірдің куәгері болған» деп жататынбыз. Біз де тарихи екі дәуірді көрген ұрпақ өкілдері болдық. Кеңестік кезеңде туылдық, оқыдық, азаматтық ұстанымымыз қалыптасты, сол социалистік жүйеге сендік, қызмет атқардық. Жиырмасыншы ғасырдың бүкіл қасіретін көзбен көрмесек те, тарихтан біліп, кітаптан оқып, кинофильмдерден көріп өстік. Кеңес Одағы сияқты алып империяда өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңына таман біз түсінбеген, біз күтпеген оқиғалар орын ала бастады. Нәтижесі Тәуелсіздік алуымызбен аяқталды. Тәуелсіздік алған күннен бастап, егемен елімізге қызмет ете бастадық. Әрине, біз кетпен шаппаймыз, жер қазбаймыз, кірпіш қаламаймыз, біздің қаруымыз – қалам. Қаламмен азаттығымызға еңбек еттік. Ал мұнымыз жақсы ма, жаман ба, оған баға беретін – халқымыз. 2012 жылы менің «Парасат пен пайым» деген кітабым жарық көрді. Биыл «Даналар мектебі» деген жинағымды оқырмандарыма ұсындым. Осы кітаптарымда барынша өткен өмірім туралы жұртшылықты хабардар етуге тырыстым.
Біздің облысымызда артымыздан өсіп келе жатқан қалың қаламгер әріптестеріміз баршылық. Олар біздердің кешегі Баттал Жаңабайұлы, Арғынбай Бекбосынұлы, Әлдихан Қалдыбайұлы сияқты аға буын журналистердің даңқты шығармашылық дәстүрлерін сеніммен жалғастырып келе жатыр деп айта аламын. Бүгінгідей мерекелі күні оларға не айтуға болады? Шығармашылық кәсіптеріне, өздері таңдаған журналистік жолдарына адал болса, еңбек пен ізденісті қатар алып жүрсе деген тілегім бар. Осы қасиеттер бір жерден табылғанда, бүгінгі әріптестеріміздің жұмыстары жемісті болатындығына мен сенемін.

– Бұл салаға қалай келдіңіз, кім түрткі болды?

– Журналистика – менің өмірлік таңдауым. Мектепте оқып жүргенде, алтыншы сыныптан бастап аудандық, облыстық, республикалық газеттерге жаза бастадым. Қазақи дәстүрмен кемпір-шалдың қолында өскендіктен орта мектепті бітіргеннен кейін бірден күндізгі бөлімге оқуға түсуге жағдай болмады. Мектепте оқып жүргенде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген талантты ақын Ескермес Ескендіров деген ағайым болатын. Біз мектеп бітірген жылдары Сарысу аудандық «Октябрь таңы» (қазіргі «Сарысу») газетінде бөлім меңгерушісі болып қызмет атқаратын. Сол кісі қолымнан жетектеп аудандық газеттің редакторы Төкен Мақашевқа кіргізіп, жұмысқа қабылдатты. Сөйтіп, кейінірек өзім 13 жыл бас редактор болған Сарысу аудандық газетіне тілші болып орналастым. Қазақ Мемлекеттік университетінің «журналистика» факультетін өндірістен қол үзбей жүріп оқып тәмамдадым.

– Кеңес дәуіріндегі журналистика мен бүгінгі журналистиканың айырмашылығы неде?

– Ол дәуірде мектепте және жоғары оқу орнында оқығанда капитализмді іріп-шіріген, әділетсіз, адамды қанайтын қоғам ретінде танып білдік. Идеология да солай болды. Ал, баспасөз сол идеологияға қызмет етті. Біз сол тәрбиені бойымызға сіңіріп өстік. Социализмнің мұңын мұңдадық, жырын жырладық. Қазір аға буындағы кейбіреулер мойындағысы келмейді. Біздің ұрпақ тәуелсіздік ұғымын, тәуелсізіктің не екенін өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап біле бастады.Жалпы, журналистер, жазушылар ұлттық құндылықтарға бейім тұратын. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын кеңестік тәртіпке қатып қалған біздің ұрпақ бірден қабылдай алмады. Сол Желтоқсан оқиғасынан кейін көп ұзамай мен Алматыда жоғары партия мектебінде бір айлық оқуда болдым. Жазушы, ақын достарым болды. Солардың ортасында жүріп, әлгі достарымның көзінен от көрдім. Олар еліріп алған. Сонда мен өзімнің бұл қауымнан көш кейін қалғанымды түсіндім.
Ал ендіекі дәуірдің журналистикасына келер болсам, әңгімені басқаша өрбітуге болады. 1985 жылы мен еңбек ететін облыстық «Еңбек Туы» (қазіргі «Ақ жол») газетіне бас редактор болып Арғынбай Бекбосынұлы тағайындалды. Ол кісі бұған дейін облыстық партия комитетінде нұсқаушы, Жамбыл аудандық «Шұғыла» газетінде бас редактор, өзіміздің «Еңбек Туы» газетінде бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарған болатын. Оның келуімен газетіміздің аты да, заты да өзгерді. Шын мәнінде, сол жылдары қазақ халқының тәуелсіздікке деген іштей талпынысын, бұлқынысын көрсететіндей мақалалар жариялана бастады. Ол кезде партиялық, кеңестік жүйенің мызғымай тұрған кезі ғой. Соның өзінде тұралап қалған қазақ тілінің жай-күйі, партиялық жүйедегі кейбір қатып-семіп қалған тәртіптің қасаңдығы туралы мақалалар жарық көрді. Шаруашылықты жүргізудің дербестігі, жоспарлы экономикадағы кертартпалықтар да сынға алынды. Қазақтың біртуар қайраткер ұлдары Дінмұхамед Қонаевқа, Асанбай Асқаровқа жасалған қиянатқа «Ақ жол» газеті қасқайып қарсы тұрды. Бұл кезде Тәуелсіздіктің ауылы әлі де алыс еді. Соның өзінде жақындап қалған егемендікті жеделдетуге облыс журналистері барынша үлес қосты деп ойлаймын.
Әрине, Тәуелсіздікпен бірге журналистерге еркіндік қатар келді. Бүгінгі қаламгер қауым қалай қалам сілтеймін десе де жол ашық.

– Бүгінде өмірімізге интернет келіп, әр қолда телефон, әлеуметтік желі қолданушылар ақпаратты қарша борататын болды. Біреуі біліп,келесісі білмей жазады. Осындай ақпараттар тасқыны заманында журналистиканың болашағы, елмен бірге жасап келе жатқан баспасөздің жағдайы не болмақ?

– Қазір өнердегі құбылыстар туралы көп айтамыз. Жын-шайтанға теңейміз, жеңіл музыка мен әуендерді сынаймыз. Бәрібір соларды жастар тыңдайды. Бірақ, дәстүрлі өнер өлген жоқ, ол халықпен бірге жасай береді. Сол сияқты дәстүрлі баспасөз де өмір сүре беретіндігіне мен кәмілмін. Бұл арада бір мәселе бар. Мәселен, шығып жатқан газеттер жетерлік, бірақ мазмұны жұтаң, тақырып ауқымы тар, қайталау, көшіру көп. Баспасөз құралдарының бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпын. Бәсекелестікке ілесе алмай жатқан газет-журналдарымыз жетіп артылады. Миллиондаған бюджет қаражатына шығып жатқан аудандық газеттерге зер салып көріңізші. Оларды газет деп айтудың өзі қиын. Барлық санын ақтарып қараңыз, аудан әкімдерінің суретін береді, ана жерге, мына жерге барды деген ақпаратын таратады, қалғаны хабарландырулар. Осындай газет бола ма?! Мемлекеттік саясаттың жүргізілуін жазсын, әкім-қараның жұмысы туралы ақпаратты да берсін, оның берілу тәсілі, жазылу әдісі болмай ма?! Осындай жайттардан соң баспасөздің беделі түсіп тұрған жағдайы бар. Ал енді, бірлі-жарым тәуелсіз газеттер, журналдар туралы айтпай-ақ қояйын. Оларды баспасөз құралы деп айтудың өзіне ауыз бармайды.
Жоғарыда да айттым, журналистер өздері қалап алған, таңдаған шығармашылық кәсіпке адалдық танытуы керек. Көбірек ізденіп, тақырыпқа тереңірек бойлап, содан кейін көбірек ойлануы қажет. Біз интернет ақпарат таратушылармен бәсекелес емеспіз. Олар да бізбен таласа алмайды. Неге? Себебі, баспасөзде ұлттың рухы, болмысы, халықтың жаны мен жан айқайы бар. Осыны ұмытпағанымыз абзал.

– Сіздің ойыңызша, қазақ журналистикасы тәуелсіз болу үшін не істеу керек?

– Қазақ баспасөзін қазір тәуелсіз емес деп кім айтты?! Баспасөздің дербестігін айғай-шумен, билікті жөнсіз-жөнді сынау-мінеумен өлшемеу керек. Кез-келген салиқалы, салмақты баспасөз құралын ашып қараңыз, қордаланған мәселелер де айтылады, жөн-жосықсыз басшыларды тізгіндеп те отырамыз, ұлттың, елдің, тілдің мәселелері де жазылып жатады. Жеңіл ақпарат жарға жығады. Біздің баспасөзіміз – тәуелсіздігіміздің шежіресі, тарихы. Әрбір газеттің тігінділерін уақыт өткізіп жіберіп қарап отырсаңыз, бүкіл бір аймақтың шежірелі тарихын оқып шыққандай боласыз. Бір ғана мысал, біздің «Ғұмыр-Дария» газеті 2013 жылдан бері қарай шығып келе жатыр. Амандық болса келер жылдың осы уақытында шыға бастағанына 10 жыл толады екен. Соның тігінділерін анда-санда қарап отырамыз ғой. Өзіміз сан мәрте оқып, санадан өткізіп шығарған газетіміздің өткен нөмірлерін қарап отырып, облыс ардагерлер ұйымының тарихы, аға буын өкілдерінің өмір жолдары туралы тың бір хиқаят оқығандай әсерде қаламыз. Меніңше, барлық газет осындай деңгейде ғой деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Жұматай Көксубайұлы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.