Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жылт еткен жақсылық пен жаңалықтың жаршылары

0 323

Бұқаралық ақпарат құралдары мен билік арасын байланыстырып, журналистерді дер кезінде дәйекті ақпаратпен қамтамасыз етіп жүрген баспасөз хатшылары екені жасырын емес. Жылт еткен жақсылық пен тың жаңалықты сол сәтте басылымға жариялауға асығатын баспасөз хатшылары кейде назардан тыс қалып кететіндігі де рас. Осы ретте БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекесіне орай қызығы мен қиындығы астасқан аталған сала мамандарының бірқатарына тоқталғанды жөн көрдік.

Жас та болса, бас болған Данияр

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз хатшысы Данияр Асқарұлы еңбек жолын өңірлік «Jambyl» телеарнасынан бастаған. Бүгінгі жауапты да, беделді қызметіне тынымсыз еңбектің арқасында жеткен.

– 2012 жылы білім ала жүріп, облыстық телеарнаның есігінен имене кіргенім есімде. Әрине, көкейде журналист боламын деген асқақ арман тұрды сол сәтте. Содан не керек, кастингтен, сынақ мерзімінен өтіп, жұмысқа қабылдандым. Қазіргі таңда Парламент депутаты болып отырған Мейрамбек Төлепберген бастаған телеарнаның сол кездегі басшылығының, әріптестерімнің қолдауымен біраз тәжірибе жинадым. Табаны күректей 8 жыл еңбек етіп, 2020 жылы «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі қызметіне ауыстым. Әлбетте, кез келген журналист үшін ұлттық арнада еңбек ету зор абырой деп білемін. Байзақ ауданында болған жарылыс кезінде сәт сайын эфирге шығып, үздіксіз хабар тараттық. Соны байқаған болуы керек облысымыздың экс-әкімі Бердібек Сапарбаев аттай қалап арнайы шақырып, баспасөз хатшысы қызметін ұсынды. Әрине, алғашында жүрексініп, ұзақ ойландым. Бірақ Бердібек Машбекұлы өзі сенім артқандықтан сол үдеден шығайын деп іске кірістім. Бұл саланың қыр-сырын білмегендіктен, баспасөз қызметіндегі әріптестерімнің жанында отырып, солардан көп нәрсе үйрендім. Телеарнада қанша дегенмен еркіндік бар. Ал мұнда әр сағатың өлшеулі, барлығы дәлме-дәл өз уақытында орындалуы керек. Мұның өзі менің басқа қырынан танылуыма жол ашты. Тағы бір айта кетерлігі, бұрын тек сыртынан тамсанып жүрген журналистиканың сайыпқыран сардарлармен тікелей тілдесіп, жүздесіп, қоян-қолтық, тығыз қарым-қатынаста жұмыс істедік. Осы орайда барша әріптестерімді ортақ мерекемен құттықтағым келеді. Еңбектеріне жеміс, жұмыстарына табыс тілеймін! Қазақ журналистикасының беделі биіктей берсін!, – деді Данияр Асқарұлы бізбен әңгімесінде.


Тілшілердің тілін тапқан Толқын

Осы қызметтің жүгін 13 жылдан бері арқалап келе жатқан Толқын Өмірбаеваның да еңбегі ерек. Ол – облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз орталығының жетекшісі.

– Қазіргі «Jambyl» телеарнасында «Денсаулық» хабарын жүргізетінмін. Содан денсаулық сақтау басқармасынан ұсыныс түсіп, қосымша осы жұмыспен айналыстым. Әрі сол кезде ғылымға бет бұрып, аспирантурада оқитынмын, диссертациямды қорғағалы жүргенмін. Сол кездегі басқарма басшылары сенім білдіріп әрі өзім де маманданып қалған соң осында тұрақтап қалдым. Бастапқы кезде медицина терминдерінің ара жігін ажырата білу қиынға соққаны рас. Алайда оны да меңгердім. Себебі өзімнің анам 40 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан медицина қызметкері болатын. Жалпы осы қызмет мені шапшаңдыққа, ептілікке баулып, әр минуттың қадірін білуге үйретті. Бұл кез келген журналист үшін аса керек қасиет. Осы сәтті пайдалана отырып, журналистер қауымын төл мерекелерімен құттықтаймын! Әріптестік байланысымыз нығая берсін , – дейді Толқын Шәкенқызы.
22 жылдан бері қағаз бен қаламды серік қылып жүрген әріптесіміз облыстық телеарна мен радиода ысылып, шыңдалған маман. Баспасөз қызметімен қоса бүгінде «Jambyl» телеарнасында «Ұлт саулығы» хабарын жүргізіп әрі ұйымдастырады. Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеттерінің аспирантурасында білім алып, «Ақындық поэзиядағы ұлттық сипат және көркемдік ойлау «ХІХғ. аяғы мен ХХғ. бірінші жартысы» тақырыбындағы диссертациялық жұмысын сәтті қорғаған. Осылайша филология ғылымдарының кандидаты атанды. Аймақтық менеджмент Академиясының қауымдастырылған профессоры, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Филология және журналистика» кафедрасының доценті ғылыми дәрежелері тағы бар. Талай маманның қанатын қатайтқан аймақ журналистерінің ұстазы.


Әмбебап маман Ақжігіт

Жамбыл ауданы әкімдігінің жұмысын жүйелеп, тірлігін тіктеп жүрген Ақжігіт Жетпісбайдың да қаламы қарымды, ойы жүйрік. Әріптесіміз іргедегі ауданның көзі, құлағы һәм тілі іспетті, өңірдің тыныс-тіршілігін оқырманға жедел жеткізуде. Ауданның айнасына айналған «Шұғыла-Радуга» газетінде де еңбек етіп, тілшілік тіршіліктің қазанында қайнауда.

– Еңбек жолым жоғары оқу орнын тәмамдаған соң аудандық газетте басталды. Бастапқыда сөйлем құрай алғаныммен ақпаратты әрлеу, шарықтау шегіне жеткізуді аса біле қоймағаным шындық. Уақыт өте келе бұған да төселіп, шыңдала түстім. Кейін аудандық ішкі саясат бөлімінің сол кездегі басшысы Мадияр Самбетов әкімдіктің баспасөз хатшылығына жарты жүктемемен жұмыс істеуді ұсынды. Келіскеніммен бұл қызметтің міндетін толық түсіне қоймадым. Кейінірек әкімдікте өткен жиындарды облыстық газеттерге, сайттарға және ауданның басылымына жариялап тұру шарт екенін ұғындым. Газетімнен алшақ сала болмаған соң кірістім. Уақыт өте келе көптеген алдынғы буын ағаларымен танысып, әріптестер мен достар жинадым. Алғашқы жылы аса белсенділік таныта алмадым. Тәжірибе жағынан толысқан соң өңірдің ақпаратын жаңа арнаға бұрдық. Өткен жылдың өзінде аудан басшысының 6 авторлық мақаласы жарық көрсе, бұдан бөлек 294 ақпарат басылымдарда жарияланды. Сапалы фото, видео жасауды да үйрендім.
Жалпы жұмыс күнімді ерте бастап, өзгелерден кеш аяқтауға тырысамын. Себебі бұл қызмет осыны талап етеді. Осындай хәл-қадірім жеткенше елге қызмет етіп, журналистика дейтін еңселі үйдің бір уығын болса да қадасып жүргеніме қуаныштымын. Өзім секілді әріптестерімді мерекелерімен құттықтаймын! Сөз қадірін өз қадірінен кем көрмейтін, абыройын жаннан биік қоятын қаламгерлердің қатары көбейе берсін, – дейді әріптесіміз.

Журналистиканы қарусыз майдан деп алсақ, баспасөз хатшылары сондағы тыл еңбеккерлері секілді. Өздері алдыңғы шепте жүрмесе де, жорықтың жеңіспен аяқталуына өлшеусіз үлес қосуда. Себебі, әрбір дерек пен мағлұматтың артында солардың маңдай тері жатыр. Біз де өз атымыздан ашықтық пен жылдамдықты серік еткен әріптестерге тек жемісті жұмысты тілейміз!

Құрбанәлі Шахабай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.