Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ел дамуының жаңа дәуірі

0 1  675

Мемлекет басшысы 2019 жылғы Президент сайлауынан кейін «қоғамдық келісімнің жаңа форматы қажет» деп айтқанын білеміз. Ол үшін, әрине, ең алдымен тың реформалар қажет екені түсінікті. Бұл ретте Президент халықпен кері байланысты күшейтуді тапсырып, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жариялады. Соның нәтижесінде барлық мемлекеттік органдардың интернеттегі жұмысы жанданып, онлайн қоғамдық қабылдаулар тетігі іске қосылды, бірінші басшылар әлеуметтік желілер арқылы тікелей байланысқа шыға бастады.

Қоғамдық бақылау механизмі жаңа өзгерістермен жетілдірілді. Оның негізінде қоғамдық талқылаудан өткен арнайы заң жобасы әзірленіп, Мәжіліс қарауына енгізілді. «Адамдар мемлекет үшін емес, мемлекет адамдар үшін» деген ұстаным негізінде құрамына елге танымал азаматтар, майталман сарапшылар, қоғам белсенділері, саясаттанушылар енген – Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды.
Мемлекет басшысы бұған дейін ашық демократиялық қағидаларға негізделген саяси реформалардың 4 пакетін ұсынған болатын. Атап айтқанда, «Бейбіт жиналыстарды өткізу тәртібі туралы», «Саяси партиялар туралы», «Сайлау туралы», «Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы», «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңдар қабылданды. Партия құру үшін қол жинау шегі төмендетілді, Мәжіліс пен мәслихаттардағы әйелдер мен жастардың үлесі квотамен өсті. Парламенттік оппозиция институты енгізілді. Алғаш рет ауыл әкімдерін сайлау саяси науқаны сәтті өтті. Бұл реформаны халық жылы қабылдады, өздерінің нақты таңдауларын жасады. Келесі кезекте аудан әкімдерін сайлау міндеті тұр. Әлбетте мұның барлығы да бұрын қоғам тарапынан жиі айтылып жүрген ұсыныстар болатын.
Президенттің қолдауының арқасында олар нақты іске асып жатыр. Ол жариялаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы «нақты мәселелерді шешу» қағидасына ауысып жатыр.
Президент мемлекеттік басқаруды жетілдіру жұмыстары жүйелі түрде жалғасатынын да бірнеше рет айтқан болатын. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында жарияланған жаңашылдықтар – осының кезекті дәлелі. Соның бірі – Ұлттық қоғамдық сенім Кеңесінің жұмыс ауқымын кеңейтіп, Ұлттық Құрылтай деңгейіне көтеру. Бұл күні кеше жүзеге асып, жемісін берді. Халық болып бірігіп, алқа құрып, ақыл қосуды білдіретін «құрылтай» ұғымы – халқымыз үшін қашан да қастерлі түсінік. Сонымен қатар, Парламенттің Үкіметтің алдындағы есеп беру тетігі күшейеді. Саяси партия құрудың шекті мөлшері тағы да қысқарды. Ендігі жерде партия құру үшін ел аумағында 5000 қол жинаса жеткілікті. Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын партиялық тізіммен қатар, мажоритарлы жүйемен сайлау жүйесі енгізіледі. Бұл сөз жоқ, халықтың өзі сайлаған депутаттары арқылы Парламент мінберінен Үкіметке нақты мәселелерін естірту мүмкіндігін кеңейтіп отыр.
Президентіміз айтқандай, Қазақстан саяси модернизация курсын жүйелі түрде жалғастыра беретін болады. Осылайша кезекті саяси реформалардың сәтті іске асуы қоғамды одан әрі демократияландыруға ықпал етеді. Ең бастысы, «Жаңа Қазақстанды бірге құру» жолында ел болып бірігіп, қоғам болып жұмылып ұйымшылдық таныта білу қажет.

Қалаукүл Қиықбаева,
заңгер

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.