Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сәкен серінің Таразда тұрғанын білесіз бе?

0 1  171

Тар жол, тайғақ кешуден тайсалмаған азамат ақын өткен ғасырдың 20-жылдарының I жартысында ірі мемлекет қайраткері, үлкен саясаткер ретінде көрінеді. 28 жасында Қазақстан үкіметінің басшысы, Бүкілодақтық Атқару комитетінің мүшесі болады.

Архив құжаттарын ақтара келе аннотациясында «Сәкен Сейфуллиннің тұрған үйі» деп көрсетілген 1967 жылдың 15 ақпанында түсірілген сурет назарымызға ілікті. Ол бізді қызықтырғанымен, нақты мекенжайы көрсетілмегендіктен, үй жайында сөз қозғау қиынға соққан. Сурет авторы облыстық газеттің фотокорреспонденті Орлик Ким болғандықтан ба, ескі газеттерді ақтардық. Дәл сурет түсірілген уақытта шыққан басылымнан ештеңе таппағаныммен, 1991 жылдың 2 тамызында облыстық «Ақ жол» газетінде жарияланған ақын, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғафу Қайырбековтің «Әулиеата толғауы» атты үндеу мақаласын оқыдым. Онда ол жалынды ақын Сәкен Сейфуллиннің тұрған үйі туралы әңгімелейді. Алматыдан жолданған бұл үндеу хатта тіпті ол үйдің суреті де жарияланған. Сол суретпен архивтегі суретті салыстырдық. Екеуі де бір үй, тек түсірілген жылдары бөлек. Мақалада үй Абай көшесіндегі 118 нөмірде орналасқаны, үйдің иесі Қалмағанбет Танкин екені көрсетілген. Қазір бұл үйдің орнында «Бақ сарай» мейрамханасы орналасқанын да аңғардық.
Сәкен Сейфуллиннің өмірбаянымен таныса келе ол Әулиеатаға 1918 жылы келгенін білеміз. Алайда өмірбаянында көрсетілген қызмет орны бойынша облыстық архивте дерек анықталмады. Колчактың «азап вагонынан» қашып құтылған революционер Сәкенге әулиеаталық азамат Қабылбек Сарымолдаев Ақмолаға оралуына көп көмектескен. Әуелі Бетпақдаланы асып Шуға, кейіннен Әулиеатаға келген Сәкен Қалмағанбет Танкиннің үйінде екі ай жатқан. Ол өзінің атақты «Тар жол, тайғақ кешу» романында: «Жататын үйіміз сол Әулиеата қаласындағы Қалмағанбет деген аз ғана оқыған арғындікі болды», – деп көрсеткен.
Ғафу Қайырбековтің айтуынша, Қалмағанбет Танкин – Ыбырай Алтынсариннің алғашқы шәкірттерінің бірі. Ол Торғайдан Әулиеатаға келіп, он сегіз жасында уезд басшысының тілмашы қызметін атқарыпты. Осындағы дулат руының қызына үйленіп, Әулиеатада тұрақтап қалған. Қазан революциясына дейін Шу, Меркіде болыс, даулы мәселелерде бітімгер де болды. Әулиеатада беделі асқан Қалмағанбет ақсақалдың үйі тек Сәкенге емес, кейіннен Міржақып Дулатов, Мұстафа Бұралқиев, Әбен Сатыбалдиев сынды қазақ зиялыларына да пана болған. Ал Ғафу ақын Қалмағанбет Танкиннің ағайын немересі еді.
Қалмағанбет Танкиннің отбасы туралы деректерді оқи отырып, оның Әбдісамат және Әбдіхалық есімді екі ұлы да оқыған, жоғары білімді, көзі ашық адамдар болғанын білдік. Кіші баласы Әбдіхалық әуелі Мәскеудегі теміржол институтында оқып, журналистика, педагогика салаларын да қатар алып жүріпті. 38-жылдары Темірбек Жүргеновпен байланысы бар деп саяси қуғын-сүргінге ұшыраған. Інісінің істі болуы Ауыл шаруашылығы Наркоматында (қазіргіше министрлік) басқару қызметінде болған ағасы Әбдісаматты да жаншып, қызметтен қудаланып, өткен ғасырдың 80-ші жылдарына дейін зорлық көріпті. Қалмағанбеттің баласы Әбдіхалықтан қалған жалғыз ұл Марат Барманқұлов бүгінгі күні атақты профессор, филология ғылымының докторы болды. Осы ретте Бөлтірік шешеннің «тектіден текті туар саңқылдаған …» дегені еріксіз тағы еске түседі. Тағы бір қызығы, Қалмағанбет Танкиннің әулиеаталық әйгілі болыс Бұралқы Сұлтанбековпен бажа болуы. Бұл мақалада Бұралқы болыс меншігінде заводы бар тұңғыш қазақ екені де жазылған. Қазіргі тілмен айтқанда, уездің меценаты. Қалмағанбет ақсақал өзі 1930 жылы дүниеден озғанымен, артынан мол ұрпақ қалыпты.
1991 жылғы бұл мақалада қаланың орталық көшесіндегі Танкиннің үйін бұзуға рұқсат берілгені де айтылады. Сол кезеңде бұл мақала ескерусіз қалыпты. Патшалық биліктің шашбауын көтергендей аты жоқ, заты жоқ, бірақ орыс көпесінің үйі деген ауызекі әңгіме негізінде біраз үй тарихи құнды жәдігерлер санатына еніп, мемлекет қорғауға алғанда, қазақтың арыстарына пана болған бұл үй бұзылып кеткені өкінішті-ақ.
Бір үйдің айналасындағы тарихты қозғай келе, әңгіменің соңын Ғафу ақынның мына сөздерімен аяқтағым келеді: «Әулиеатада тарихи орындар көп… Үйлердің сол тарихы – біздің өз тарихымыз емес пе? Иә, жалпы біз тарих дегенді құнттап көрдік пе осы?!
… Мен Әулиеата тұрғыны емеспін, мұнда туғаным жоқ. Бірақ мен үшін Әулиеата қымбат. Өйткені ол – қазақтың Әулиеатасы. Бұл әшейін қызыл сөз емес. Әулиеата – қазақтың тірісінің де, өлісінің де рухын қосатын жер».

Назым ҚОЖАМАРОВА,
Ш. Мұртаза атындағы руханият және
тарихтану орталығының бөлім меңгерушісі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.