Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сүйікті әндердің сіз білмейтін тарихы

0 485

Жаңа жылдық кеште, мерекелік үстел басында, мейрам қарсаңында баршамыздың жанымыз ән іздейді. Әлемде дәл осы мереке қарсаңында дүниеге келген, баршамыз сүйіп тыңдайтын туындылар аз емес. Мұндай әндерді өмірге әкелетін сазгерлер мен әншілер жыл сайын талмай еңбек етеді. Себебі сұраныс көбеймесе, азайған емес. Қалай болғанда да, кез келген мерекенің сәні ән емес пе?! Ал сіз бәріміз желтоқсан айында жиі тыңдайтын әлемдік хиттердің тарихын білесіз бе? Ендеше, плейлистіңізді жаңартуға асығыңыз.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

«Happy New Year»

Бұл ән өмірге өте қызық жағдайда келген. «Abba» тобының әншілері әуелде шығарманы жаңа жылдық ән болады деп жоспарламаған. Себебі алғашқы нұсқасы өте баяу әрі мұңды шыққан. Кейінірек әлемдік хит болуы үшін туынды өзінің жарыққа шығар жұлдызды күнін 10 жыл күткен.

Ән 1980 жылдың қаңтарында өмірге келді. Шығарманың авторлары Бенни Андерссон мен Бьерн Ульвеус Барбадоста демалып жатады. Сол жерде олар «Монти-Пайтон» комик-тобының әншісі Джон Клизді кезіктіреді. Олар оған Жаңа жыл қарсаңында жылды қорытындылап, философ болып шыға келетін адамдар үшін күлдіргі ән жазуды ұсынады. Олар тіпті осы қойылым үшін «Daddy Don’t Get Drunk on Christmas Day» шығармасын өмірге әкеледі. Клизді бұл идея аса қызықтырмайды. Осылайша, ол бірлесіп жұмыс істеуден бас тартады. Нәтижесінде мюзикл жайына қалады. Алайда «аббалықтар» аталған композицияны жаңартып, өз репертуарларына қосады. Әлбетте, олар ән мәтінін лирикалық бағытқа ауыстырады. Әннің мәтіні өте мұңды. Кейбір деректерде шығарма қос ғашық Агнет пен Бьерннің махаббат оқиғасына арналған деген де ақпарат бар. Соған қарамастан шығарма барлық жаңа жылдық кештерде ең бірінші болып шырқалады. «Happy New Year» – «Super Trouper» альбомы үшін жазылған алғашқы ән. Ағылшын тілді елдерде бұл ән дәл сол жылы жарыққа шықпаған. Алайда испан тіліндегі «Fecidad» аталатын нұсқасы көпшілікке ұнай бастайды. Ән аргентиналық чартта үздік бестік қатарына ілігеді. 1999 жылы туынды Еуропа елдерінде таралып, бірнеше хит-парадтарда үздіктер қатарынан табылады.

«Last Christmas»

Туындының жарыққа шығып, хит болғанына биыл 35 жыл болды. Композицияны бірнеше рет түрлі әншілер орындады, алайда шығарманы автор Джордж Майклдың өзі шырқағанда, ән ерекше әуезді естіледі. Әннің өмірге келу тарихы турасында композитордың досы, «Wham» дуэтіндегі серіктесі Эндрю Риджли баяндайды.

– Ән өмірге ойда жоқта, ата-аналарымызбен кешкі ас ішіп отырғанда келді. Бір кезде Джордж үстелден тұрып, өз бөлмесіне кіріп кетті. Қайтып оралғанда уайымға қатты берілгені байқалды. Ол өз әлемінен үлкен қазынаға тап болған еді. Екеуміз бірге Джордждың талай мәрте радиобағдарламаларға бірге пародия жазған бөлмесіне кірдік. Бұл бөлмеде екеуміз сағаттап уақыт өткізетінбіз. Осы сәтте Джордж әнді өзінің ескі синтезаторымен сүйемелдеп шырқай бастады. Бұл ғажайып туындының өмірге келген сәті еді. Джорджға осы ән арқылы махаббат пен сатқындық тақырыбын шырқап, Рождество мерекесінің негізгі мағынасын ашып беру мүмкіндігі берілді. Шығарманың шебер орындалғаны сонша тыңдармандар талай мәрте авторға алғыс айтып, хаттар жолдаған, – дейді әншінің досы.

Ән Рождествоға дейін, қос бірдей әйгілі хит Careless Whisper мен Freedom жазылғаннан кейін, 1984 жылы студияда басталды. 21 жастағы Джордж Майкл туындының сәтті шығуын қатаң бақылауға алады. Студияға ешқандай продюсерді, дыбыс жазушы мамандарды, тіпті әріптесі Риджлиді де кіргізбей қояды. Осы сәттің куәгерлері әнді жазу барысында мерекелік көңіл-күй болуы үшін студияны гирлянда мен түрлі сәндік бұйымдармен әрлеуге тура келгенін айтады. Дыбыс режиссері Крис Портер Джордждың әнді «өзім жазып шығамын» деп жұмысқа үлкен зейінмен кіріскенін еске алады.

– Джордж ешқандай музыкалық аспапта ойнай алмайтын. Алайда осы әнді өзі синтезаторда ойнап сүйемелдеуге қатты талпынды. Жазу кезінде жұмыс өте күрделі болды. Ол синтезатор батырмаларын 2-3 саусағымен басып, қиналса да әнді жазып шықты. Біз қатты таңдандық, – дейді әншінің әріптесі.

Үлкен еңбектің тәтті дәмін Джордж Майкл сол жылдың желтоқсанында тата бастайды. Әннің релизі мереке қарсаңында өтеді. Синглдің ғажап танымалдылығына қарамастан, ол әлемдік чарттарда бірінші орыннан көріне алмайды. Рождество кезінде «Do They Know Its Christmas?» әні аталған туындының алдын орап кетеді. Қызығы, бұл әннің жазылуына да Джордж Майкл өзі тікелей атсалысқан. Туынды екінші орынға көтеріліп, түскен пайданың бәрі қайырымдылыққа жұмсалады. Қазіргі таңда әлем бойынша әннің 3,7 миллион көшірмесі таралған. Бір кездері ән авторына туындының плагиат екені турасында да жала жабылған. Алайда автор шығарманың тек өзінікі екенін дәлелдеп шыққан. Ал биылғы жылы туынды «Екеудің Рождествосы» деп аталатын голливудтық туындының саундтрегі болып тыңдарманды тағы да қуантты.

«Jingle Bells»

Желтоқсан бастала сала әр аттаған сайын осы әнді құлағымыз шалады. Бұл туынды – сөзсіз хит. Өмірге келгеніне екі ғасырға жуықтаған бұл шығарманы 1867 жылы Джейм Лорд Пьерпонт жазған. Автор шығарманы әуелі АҚШ-тың Джорджия штатындағы Саванна шіркеуінде алғыс айту күнінде шырқау үшін жазып шыққан. Әннің түпнұсқадағы атауы – «One horse open sleigh». Саванналық тұрғындарға әннің ұнағаны соншалық Рождество түнінде шіркеуде органшы болып жұмыс істейтін Пьерпонт туындыны бірнеше қайтара шырқаған. Қызықты факт: 1965 жылы «Gemini 6» әуе кемесімен ашық ғарышқа шыққан қос ғарышкер Уолли Шир мен Том Стаффорд қызыл киім киген өзге ғаламшарлықтарды көреді. Бұл көрініске таң қалған екеуі сылдырмақ пен гармониканы алып, «Jingle Bells»-ті орындады. Кейінірек екі аспап ғарышта ән орындалған алғашқы инструмент ретінде Смитсонов институтының авиация және космонавтика мұражайына қойылады. Әнді 1941 жылы музыкант Гленн Миллер жазып шығады. Өз заманында туындыны Френк Синатра, Луис Армстронг, Элла Фицжеральд, Бони М шырқаған. Ал Бинг Кросби Декка фирмасында 1943 жазған нұсқа әлемде миллиондаған данамен тараған.

«Let it snow»

Шығарманың әуелде Жаңа жыл мен Рождествоға ешқандай қатысы болмаған. Сенбесеңіз, әннің мәтініне үңіліңіз. Композиторлар Сэмми Кан мен Жюль Стайн шығарманы Голливудта 1945 жылдың аптап ыстығында жазып шыққан. Бұл туралы «Songwriting on Songwriting» кітабында Пол Золл баяндайды. «Let it snow» Hollywood and Vine-да жылдың ең ыстық күнінде жазылды. «Мен Жюль Стайнға «Неге бізге теңізге түсіп, салқындап қайтпасқа?» дедім. Ол маған «Неге бізге осында қалып қақаған қыс туралы ән жазбасқа?» деді. Мен жазба машинкасының алдына отырып «Далада сондай нашар ауа райы, бірақ каминдегі от ғажап. Бізге ешқайда барудың қажеті жоқ, қар жауа берсін, қар жауа берсін, қар жауа берсін» деп тере бастадым. «Let it snow» неліктен үш рет қайталанады? Бұл әнге ерекше лирикалық иірім сыйлайды», – дейді Кан кітапта. Әнді ең бірінші 1945 жылы Вин Монро орындады. Туынды бірден Bilboard чарттарында үздік деп танылып, алдағы 70 жыл бойы теңдессіз жаңа жылдық хитке айналды. Осы жылдар аралығында композицияны Дин Мартин, Фрэнк Синатра, Клифф Ричард, Род Стюарт сынды танымал өнерпаздар шырқады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.