Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Сүйікті газетімді 11 жылдан бері үзбей оқып келемін»

0 393

Ақпарат құралының өкілдеріне деген бұқараның сенімі жылдан-жылға арта түспесе, кеміген жоқ. Әсіресе жұртшылық қоғамдағы күрмеуі қиын мәселенің түйінін тарқату үшін БАҚ-тың көмегіне жүгініп жатады. Бұл оның төртінші билік деңгейінен түспегендігін көрсетсе керек. Баспасөз қашанда шындықтың айнасы, турашылдық пен әділдіктің үлгісі болған. Әлі де сол тұғырынан тайған емес.

1996 жылы алғашқы саны оқырманға жол тартқан «Jambyl-Taraz» газеті де көпшіліктің мұң-мұқтажына құлақ асып қана қоймай, оның шешімін табуға да үлес қосуда. Осы жылдар ішінде басылымның тұрақты оқырмандары да қалып- тасты. Солардың бірі қалалық ардагерлер кеңесінің жанындағы ұйымдастыру-әдістемелік комиссиясының жетекшісі, Тараз қаласы мен Сарысу ауданының Құрметті ардагері Алдаберді Мақашевті айрықша атап өткеніміз абзал.
Алдаберді Меңлібайұлы газетімізге 2012 жылдан бері үзбей жазылып келеді екен.
– Қазір көпшілікке ғаламторсыз өмір сүру мүмкін еместей көрінеді. Себебі шұғыл ақпаратты сол жерден таба алады. Дегенмен маған интернет ақтарғаннан гөрі газет-журнал оқыған әлдеқайда ыңғайлы. Сондықтан да «Jambyl-Taraz»-дың әр санын қалт жібермеймін. Биыл тұрақты жазылып келе жатқаныма 11 жылдан асыпты. Газетті қолға ұстап, тіпті иісін сезіп оқығанға не жетсін?! Ол ой-өрісіңді кеңейтіп, жан-дүниеңді байытады. Әсілінде, шағын экранның арғы жағындағы кей жұтаң дүниелерді көргеннен, ел ішіндегі жаңалықты, елеулі оқиғаны, рухани-танымдық мақалаларды газет арқылы қолыңа ұстап оқығанның әсері тым бөлек. Ал кітап оқудан алшақтап, ойын қағаз бетіне түсіре алмайтын ұрпақ өспесін десек, газеттен бас тартпауымыз керек.
«Jambyl-Taraz» – өте байсалды басылым. Бұл газеттегі әрбір мақала барынша терең зерттеліп жазылады. Кейбіреулері секілді біржақты мақтап немесе тек қараламайды. Ақты ақ, қараны қара дейтін бірден-бір басылым деп айтар едім. Бір сөзбен айтқанда, халық пен биліктің ортасындағы алтын көпір миссиясын адал атқарып отыр. Сондықтан мен бұл басылымды ерекше жақсы көремін. Сондай-ақ газеттегі әрбір мақала қоғамның жүгін көтеріп тұр. Көне шаһардың тыныс-тіршілігін кез келген оқырман осы газеттің бетінен табады. Өзім де жылт еткен жақсы жаңалыққа қуанып, өзекті тақырыптарды сүйсініп оқимын. Соңғы кездері тек қала шеңберімен шектелмей, алыс аудандарды да қамтып жатқаны өте құптарлық. Соның арқасында шалғай өңірлерде болып жатқан жағымды жайттардан да құлағдар болып отырамыз. Сонымен қатар «Бар мен жоқ», «Оң мен сол», «Құлып пен кілт» айдарларымен жарық көретін мақалалар қоғам тынысын тамыршыдай тап басып, оқырманға ой тастайды.

– Бұл басылымның жетістігі деп білемін. Өзім де ара-тұра мақалаларымды жолдап тұрамын. Жалғыз мен ғана емес, ардагерлер кеңесі де осы басылыммен берік байланыста. Қазір жастар арасында «ХХІ ғасырда газетті кім оқиды, оның ғұмыры бітуге таяу» деген таяз түсінік бар. Мен мұнымен мүлде келіспеймін. Себебі газет болған, бар, бола да бермек. Оның үстіне баспасөзге жазылу ерікті түрде жүргізіледі. Бүгінгідей оқырманды газетпен емес, газетті оқырманмен қамтамасыз ету қажеттілігі туған кезеңде боямасыз ақпарат алғысы келген халық басылымға жазылудан қалыс қалмасы анық, – деген ардагер өзінің ізгі лебізі мен ұсыныс-тілегін де жеткізді.
– Жаһандану дәуірінде көптеген құндылықтар арзандап кеткені шындық. Соның салдарынан жастарымыздың дені рухани тұрғыдан жұтап барады. Ал сол олқылықтың орнын толтырудың бірден-бір жолы – баспасөз. Сондықтан газеттеріңізге танымдық мақалалар көбірек басылса, әдеби дүниелерге орын берілсе, арагідік жақсы поэзиялық немесе прозалық шығармалар жарияланып тұрса, нұр үстіне нұр болар еді. Әсіресе жас буынды тәрбиелейтін туындылар көбірек насихатталуы керек деген ойдамын.
Кешегі ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» дегенді бекер айтқан жоқ. Бұл баспасөзге зор жауапкершілік жүктейді. Осыны жете ұғынған «Jambyl-Taraz» газеті бұдан кейін де оқырманның үдесінен шығып, ұлттың ұпайын түгелдеп, жоғын жоқтай береріне кәміл сенемін. Ұжымдарыңызға тек қана шығармашылық табыс пен жарқын жетістіктер тілеймін. Газеттің ғұмыры мыңжылдықтарға жалғассын! – деп ағынан жарылды ақсақал.
Тұрақты оқырманымыздың өзі де қолынан қаламы түспейтін, жан сырын қағазға ақтаратын жазушы. Ол Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Әкім Ысқаққа хат» кітабының авторы. 40 жылдан астам уақыт Сарысу ауданында жауапты қызметтер атқарған ол жұбайы Әсия Исмаиловамен бірге 7 қызды тәрбиелеп өсіріп, олардан немере-шөбере сүйіп отыр. Перзенттерін де бала кезінен газет-журналдармен, кітаппен дос болуға баулыған. Соның арқасы болар, Жанат және Айдын есімді қыздары бүгінде ғылым докторлары атанып, ел руханиятының дамуына еңбек сіңіруде.
Әрине, газетіміз осындай оқырмандарымен ғұмырлы. Оқырманы жоқ басылым қанатсыз құспен тең. Осы орайда «Jambyl-Taraz» газетінің жылдан-жылға жолынан жаңылмай, үрдісін жалғастырып келе жатқанына оқырмандардың да өзіндік септігі бар. Басылым бетіне жарияланған мақалаларға сын-пікір айтып, журналистің ойына ой қосып отыратын мұндай жандар шығармашылық ұжымның шабытын шалқытып, газет жұмысының жандануына атсалысады. Жасыратыны жоқ, газетке жазылып, тұрақты оқырманы болу да сол басылымды өміршең ете түспек. Олай болса, құрметті оқырман, көне шаһардың айнасы «Jambyl-Taraz» әрдайым қолыңыздан түспей, жан серігіңізге айналсын дегіміз келеді.

Құрбанәлі ШАХАБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.