Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қалада жол құрылысы қарқынды

Биыл бұл бағытта қырық жоба жанданады

0 494

«Жол қадірін жүрген біледі» дейді дана халқымыз. Расында, өңірлерді байланыстыратын күре жолдың да, қала ішінде қатынайтын қара жолдың да жайлы болғаны қажет-ақ. Әрине, тақтайдай тегіс жолмен жүйтку – кез келген жолаушының арманы. Әрі діттеген жеріңе қиналмай жетіп, уақытты үнемдеуге ыңғайлы. Әсіресе уақыт өткен сайын аумағы кеңейіп, халық саны да ұлғайып келе жатқан Тараз қаласы үшін бұл инфрақұрылымның маңызы аса зор. Бұл бағытта шаһарда атқарылып жатқан ілкімді істер де аз емес.

Мәселен, ағымдағы жылы орташа жөндеу жұмыстары бойынша ұзындығы 81,7 шақырымды құрайтын 40 жобаға бюджеттен 3 203 789,7 мың теңге қарастырылып, мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Сондай-ақ Саңырақ батыр, Шостакович көшелерін қайта жаңғырту бойынша жалпы құны 1 354 074,4 мың теңгеге ұзындығы 5,6 шақырымды құрайтын жолдарға мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Бұған қоса, шаһар көшелеріндегі 29 904 шаршы метрді ағымдағы жөндеуге 200 000,0 мың теңгеге мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған. Сонымен қатар қала көшелерін апаттық қалпына келтіру жұмыстарына 100 000,0 мың теңгеге мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылуда.
Жолды жөндеп қана қоймай, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету де қашанда маңызды. Бұл бағытта тындырылған тірліктер жетерлік. Айталық, биыл жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 320 000,0 мың теңге қаралған. Оның ішінде 53 300,0 мың теңгеге мердігер «СтройМонтажGroup» ЖШС-мен жол белгілерін орнату, бағдаршам нысандарын қою мен күтіп ұстау жұмыстарына келісімшарт жасалып, тиісті жұмыстар жүргізілді. Бұдан бөлек, 266 700 мың теңгеге ағымдағы жылға жол қозғалысының техникалық реттеу құрылғыларын орнату, қалпына келтіру, күтіп-ұстау жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттама, техникалық ерекшелік әзірленіп, мемлекеттік сатып алу басқармасына ұсынылды.
Бүгінде шаһардағы көпірлерді зерделеу жұмыстарына ерекше екпін түсірілген. Нақтырақ тоқталар болсақ, қаланың Абай даңғылы бойындағы, яғни Балуан Шолақ, Самарқан көшелерімен теміржолдың арғы бетіне өтетін көпір өткелінің құрылысы бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеп, құны 9 750 000,0 теңгені құраған. Сондай-ақ құны 10 250 000,0 теңге болатын Мәмбет батыр көшесінен №14 ықшамауданға қарай өтетін көпір өткелі құрылысының да техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді. Қазіргі таңда қос жоба да мемлекеттік сатып алу конкурсында. Бұдан бөлек, Тараз қаласынан Алматыға қарай шығатын Талас өзені арқылы өтетін 2 көпірді қайта жаңғыр- ту нысаны бойынша жобалық-сметалық құжаттама 972 749,355 мың теңгеге әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Қазіргі таңда қала әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімімен қаулы және сәулеттік-жоспарлау тапсырмалары даярлануда. Кейін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу, мемлекеттік сатып алу конкурстары жүргізілетін болады.
Мұның барлығы қала тұрғындарының жолмен қауіпсіз әрі жайлы қатынауы үшін жасалып жатқаны анық. Бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай да өз жалғасын тауып, жемісті боларына сенім мол.

Құрмаш Қаптағай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.