Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сүйікті қаланың сұрқын қашырмайық!

0 286

Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде қала әкімі Қайрат Досаевтың төрағалығымен тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша кеңейтілген кеңес отырысы өтті.

Толғанай АТАБАЙ Суреттерді түсірген Ю.ЕФИМОВ

Кеңеске ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Равиль Төлебаев пен қалалық аумақ басшылары мен тиісті сала мамандары қатысты. Көрікті де көне шаһарда бүгінде қордаланған мәселелер аз емес. Облыс орталығындағы түйткілдер жайын жиын барысында қала әкімінің кеңесшісі Жанболат Таңатаров мәлімдеді.

Қоқыстан қашан құтыламыз?
Жиында көтерілген негізгі мәселелердің бірі – қоқыс жайы. Тұрмыстық қалдықтар уақтылы қала сыртына шығарылмағандықтан, кей аумақтарда үйіліп тұр. Тұрғындар болса қала ажарынан бөлек, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға алаңдаулы. Ал қалада тұрмыстық қатты қалдықтарды шығарумен алты мекеме айналысады. Бәсекелестік ортаға берілген аталмыш қызмет сапасына халық риза емес. Қоқыс шығару үшін қазынадан жыл сайын қыруар қаражат бөлінсе де, сала мамандарының жұмысын тиянақты атқармайтындығы айтылды. Тау болып үйілген қоқыстардың көбі «Жасыл Ел-Тараз», «Сұлтанқазы», «Сәрсенбай», «Баймұханбетов» ЖШС-іне тиесілі. Кеңес отырысында жұмысына салғырт қараған мекеме басшыларынан жауап та алынды. Жауаптан жалтарған мекемелер сан сылтауды айтып ақталды. Айына 1 тұрғын үшін қоқыс қалдықтарын жинау, әкету және кәдеге жарату қызметінің құны 84-94 теңгені құрайды. Тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға арналған полигон қаладан 15 шақырым жерде Жамбыл ауданы, Көлқайнар ауылдық округінің шекарасында орналасқан. Қазіргі таңда оның төртеуі жөндеуді қажет етеді екен. 1985 жылы пайдалануға берілген полигонға жылына жеткізілетін тұрмыстық қоқыстардың жоспарлы көлемі – 35 400 тонна. Ал шаһарда тұрмыстық қатты қалдықтарды тастауға арналған 313 алаңша бар, онда 1366 қоқыс контейнері орналастырылып, қоқыс алаңшалары бетондалып, алдына асфальт төсеніштері де төселген. Ағымдағы жылы күл-қоқыс алаңшаларының артындағы бейберекет қоқыстардың жинақталуының алдын алу, дер кезінде шығару үшін 50 қоқыс алаңшасына асфальт жабынын салу жұмыстарына сметалық құжаты жасалып, қазынадан 15 миллион теңге бөлінген. Сондай-ақ тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға арналған контейнерлерді сатып алуға бюджеттен 9 миллион теңге қарастырылған.
– Алайда бекітілген кестеге сәйкес қоқыстың шығарылмауы тозығы жеткен техникалар мен арнайы техникалардың жетіспеуі салдарынан қызметтің сапасыздығы жөнінде тұрғындардың көптеген арыз-шағымдарын әлеуметтік желі парақшаларында көруге болады. Қоқысты контейнерлерден арнайы машинаға тиеу тасымалдауды жүзеге асыратын ұйым қызметкерлеріне жүктелген. Осы шешімнің талаптары орындалмаған жағдайда жергілікті полиция қызметкерлері ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 505-бабына сәйкес ескерту немесе айыппұл салу қарастырылған. Жергілікті полиция қызметкерлерінің мәліметі бойынша қаланың санитарлық жағдайына ықпал ететін құқық бұзушылықтар саны 2019 жылдың 5 айында барлығы 1293 құқық бұзушылық анықталып, 1290 ескерту берілсе, 3-іне ғана айыппұл салынған, айыппұлдың жалпы құны 75 750 теңгені құрайды. Бұл – өз кезегінде жұмыстың өз деңгейінде атқарылмай отырғандығының айғағы, – дейді баяндамашы Ж.Таңатаров.
Мәлімдемеден соң, қала тазалығына немқұрайлы қараған 1290 құқық бұзушылық фактісінің көбеюі кеңесте қаузалды. Оларға жай ғана ескертумен шектелмей, айыппұл салу қажет деп табылды. Сонда ғана қала тазалығы бір жүйеге келеді дейді жиын қатысушылары. Сондай-ақ қала ішімен өтетін 8 каналдың тазалық жұмыстары да көңіл көншітпейтіндігі анықталды. Жалпы ұзындығы 82,55 шақырым, ирригациялық арық жүйелерінің ұзындығы 164 шақырымды құрайтын арналарды тазалау, күтіп ұстау жұмыстарына 148 миллион теңге қаржы қаралған. Алайда шағымдану сатысында тұрған жұмыстардың салдарынан каналдарды тазалау қызметі өз деңгейінде жүргізілмей отыр.

Ойдым-ойдым жерлермен…
Инженерлік құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін жолдарды ойдым-ойдым еткен компаниялар жұмысына жүйе керек-ақ. Бұл тұрғындарды мезі еткен тақырыпқа да айналды. Құбыр жүргізу үшін қазылған көшелерді қалпына келтірмей, жұмысына жүрдім-бардым қараған мекемелердің тірлігіне тоқтам болмай тұрғаны да айтылды. Онда қала басшысы Қайрат Әскербекұлы тиесілі компания иелеріне маусым айының соңына дейін жұмыстарын жүйеге келтіруін қадап айтты. Қала әкімі кеңесшісінің хабарлауынша, шаһар көшелерінің жолдарын орташа жөндеу жұмыстары бойынша бүгінгі күнге 72 жобалық-сметалық құжат дайын екен. Бес миллиардқа жуық теңгені құрайтын жолдардың ұзындығы – 148,701 шақырым. Биыл қаладағы көше жолдарын ағымдағы жөндеуге 100 миллион теңге бөлініп, 22 620 шаршы метр жолды жөндеу жоспарланыпты. Қазіргі таңда 20 196 шаршы метр жол шұңқырлары жөнделген. Ал көпқабатты тұрғын үйлердің ішкі жолдарын, мектептер мен балабақшаларға баратын жолдар мен жаяу жүргіншілерге арналған жолдарды жөндеу үшін 31 лот бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсына хабарлама берілген екен. Жоспар бойынша 71 122 шаршы метр жол жөнделеді деп жоспарлануда.

Көше саудасы қызып тұр
Кеңесте облыс орталығындағы бейберекет сауданы реттеу де назардан тыс қалмады. Аталмыш мәселе төңірегінде санитарлық тазалыққа қолданылған әкімшілік шаралар бойынша Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Мухамед Жұмадиллаев баяндады. Жиында құзырлы орган жұмысын одан әрі жандандыру қажеттігі айтылды. Себебі халық көп шоғырланған «Қаратау», «Салтанат» мөлтек ауданындағы шағын базар маңында жабайы сауда жасайтындар қатары артқан. Қала аумағында орналасқан 29 учаскелік полиция пунктінде 127 учаскелік полиция инспекторы қызмет атқарса, әр учаскелік полиция пункті қызметтік автокөлікпен толық жабдықталған.
– Жүргізілген талдау көрсеткендей, қала аумағындағы қоғамдық орындарда жасалған 1053 қылмыстың 674-і ұрлық. Қылмыстың бұл түрінің алдын алу мақсатында қоғамдық автобустар, аялдамалар, базарларда үнемі үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп келеді. Осыған қарамастан, автобус ішіндегі қалта ұрлығы азаймай отыр, яғни тіркелген жалпы ұрлық қылмысының 64,2% немесе 433 дерегінің 310-ы қоғамдық көліктерде орын алды. Есепті мерзімде ЖПҚб қызметкерлерімен барлығы 8701 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Бүгінгі таңда Тараз қаласында сырттай бақылайтын 206 бейнебақылау камерасы орналастырылған. Солардың көмегімен бейберекет сауда жасап жүрген тұлғаларды, қоғамдық орындарда қоқыс тастау, абаттандыру қағидаларын бұзу деректері анықталуда. Нәтижесінде жыл басынан бері қала аумағы бойынша ӘҚБтК-нің 434-бабымен барлығы 155 дерек анықталған, оның ішінде әкімшілік қамауға алынғандар саны – 68, ал 87 тұлғаға әкімшілік жаза ретінде жалпы 487 268 теңге айыппұл салынған. Ал бұдан басқа қала аумағының санитарлық жағдайына ықпал етуге, жабайы сауда орындарын анықтауда және қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алуда 837 жаяу бағыт, 31 атты, 43 автопатруль күштері жұмылдырылып отыр, – дейді Мухамед Жұмадиллаев.
Сонымен қатар Шөлдала, Құмшағал аумағының тұрғындары бұған дейін «Алатау» мөлтек ауданындағы әлеуметтік базарда еккен егістіктерін саудалай алатын. Алайда «Алатау» сауда орталығының әкімшілігі ол маңға көлік тұрағын салған екен. Салдарынан аталмыш аумақ тұрғындары саудасын үлкен жолдың бойында саудалап отыр. Көтерілген мәселені қала әкімі қалалық кәсіпкерлік бөліміне реттеуді жүктеді. Бұдан өзге, келелі кеңесте қаладағы ретсіз жарнамалар мен қоғамдық көлік жыры да айтылды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Равиль Төлебаев «Жамбыл – адалдық алаңы» жобасы аясында аталған жұмыстар бойынша тиісті шаралар қабылданып, өз міндеттемелерін тиісті деңгейде орындамаған мекемелермен бірге жұмыс істеп, орындауын бақылауға алатынын жеткізді.
– Алдағы уақытта қаладағы бейнекамералардағы фото, бейне анықтаулар орталықтандырылған жүйеге көшеді. Осы бағыт бойынша жұмыс жасалып жатыр. Енді жеке азаматтардың әкімшілік құқық бұзу бойынша дерегі ұялы телефондарына түсіп, бұлтартпау шараларымен айыппұл төлейтін болады, – деді департамент басшысы.
Кеңес отырысын қорытындылаған қала басшысы Қайрат Әскербекұлы: «Тараз жасыл қала делініп, көркімен талайды ынтық еткені баршаға мәлім. Бүгінгі кеңесте көтерілген мәселелер жүйеге келсе, шешімін табады деген сенімдемін. Сүйікті қаламыздың тазалығы үшін барлығымыз аянбай еңбек етуіміз керек», – дей келе, қала тұрғындары, жергілікті полиция, пәтер иелерінің кооператив төрағалары болып бірігіп, жұмыла жұмыс жүргізуге шақырды. Сонымен қатар шаруашылық жүргізуші мекемелердің жұмысын жандандырып, шенділердің жауапкершілігін күшейтуді тапсырды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.