Қалалық қоғамдық-саяси газет

Құрылыс жұмыстары сапалы жүргізілуі керек

0 580

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Тараз қаласындағы аумақтық округтердің тынысымен танысуды жалғастыруда. Осы жолы аймақ басшысы №2 округке ат басын бұрды.

Алдымен №15 ықшамаудандағы құрылысы аяқталған 80 пәтерлі тұрғын үйге барған аймақ басшысы құрылыс жұмыстарының сапасын тексеріп, бірқатар ескертулер айтты. Тұрғын үй ауласын абаттандыруға да айрықша назар аударуды тапсырды. Мердігер нысанды алдағы бір айда толығымен тапсырмақ.
Бұдан соң Нұржан Нұржігітов «Бурыл» алқабына ат ізін салып, жолдарды асьфальттау жұмыстарымен танысты. Жолай кездескен тұрғындардың сауалына жауап берген облыс әкімі жол салу жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылатынын жеткізді. Мемлекеттік сараптамадан шыққан соң 1-2 жылда көшелерді асфальттау басталмақ.

№54 орта мектеп жөндеуді қажет етеді. Жобалық сыйымдылығы 1200 орынды құрайтын оқу ордасында қазіргі таңда 2100-ден аса бала білім алуда.
Аймақ басшысы мектеп ғимаратын, ауласын аралап көріп, санитарлық торап пен ауладағы тазалыққа қатысты бірқатар ескертпелер білдірді. Ал күрделі жөндеу бойынша жан-жақты шаралар қабылдау үшін жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Келесі кезекте Нұржан Нұржігітов №1 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығының жай-күйімен танысты. Орталық басшылығына келушілерге тұрмыстық, медициналық, психологиялық, еңбек, мәдени, экономикалық, құқықтық қызметтерді сапалы түрде ұсыну керектігін баса айтты. Нысанның спорт алаңшасы және асханасын жөндеу мәселесі назарға алынды.
Асқаров көшесінің соңындағы құрылысы жүріп жатқан 600 орындық орта мектепке барған облыс әкімі мердігерге жұмыстарды сапалы әрі бекітілген кестеге сәйкес жүргізуді тапсырды. Қала басшылығы мен тиісті басқармаларға мектепке келетін жол салу және су мәселесін шешу бойынша шаралар қабылдау керектігін ескертті.
Аймақ басшысының жұмыс сапары «Полиэтилен-Агро» ЖШС-нің жаңа цехында түйінделді. Көпжылдық жылыжай пленкаларын, мульчаға арналған пленка өнімдерін, геомембрана, полипропиленді қапшықтар мен торлы қапшықтар, полипропиленді жіп өндірумен айналысатын кәсіпорында 59 адам жұмыс істейді. Өнімдер еліміздің барлық өңіріне және көрші Қырғыз Республикасына жіберіледі.

Жұматай Көксубай 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.