Қалалық қоғамдық-саяси газет

Балалар қауіпсіздігіне қаншалықты көңіл бөлінуде?

0 399

Қандай да болмасын мәселеге қатысты шешім қабылдамас бұрын қала, аудан әкімдері мен басқарма басшылары оны жан-жақты зерделеу керек. Облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов осыны баса айтты. Сондай-ақ басқосуда балалар қауіпсіздігі күн тәртібіне көтеріліп, оған жауаптылар қаншалықты көңіл бөліп жатқаны талқыға түсті.

Жалпы жиында жергілікті атқарушы органдардың халықпен кері байланысы жіті қаралды. Облыс әкімінің кеңесшісі Нұрмұхаммед Ниязбеков әлеуметтік желіде көптен бері көтеріліп, шешімін таппай келе жатқан екі-үш мәселеге шолу жасаса, баспасөз қызметінің жетекшісі Данияр Асқарұлы басшылардың әлеуметтік желідегі белсенділігі, сұрақтарға жауап беру көрсеткіші туралы баяндады. Сондай-ақ «Жамбыл облысы бірыңғай диспетчерлік қызметі» КММ-нің басшысы Бақкелді Тұрсынбек тұрғындардың өтініштерінің қаралу барысына тоқталды.
Аймақ басшысы тиімді кері байланыс орнату шараларының маңыздылығын атап өтті.
– Біз бұл мәселені қарауды жалғастыра береміз. Сонда ғана осы бағыттағы жұмыстарды жүйелей аламыз. Көрсеткішті толығымен жақсартуға тиіспіз. Қарапайым мәселелерге нақты, ашық әрі дер кезінде жауап берілмегендіктен, жағдай күрделене түседі. Қала және аудан әкімдері, басқарма басшылары кез келген мәселе бойынша шешім қабылдамас бұрын оның тиімділігі мен нәтижелігіне жан-жақты талдау жүргізу қажет. Атқарылып жатқан жұмыстарды көрсете білу де аса маңызды, – деді облыс әкімі.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе ретінде білім саласындағы мекемелердің қауіпсіздігі қаралды. Білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангөзов білім беру ұйымдарындағы оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатқандығын жеткізді.

Оның айтуынша, облыстағы 444 мектептің, 430 балабақшаның барлығы 100 пайыз бейнебақылау камераларымен қамтылған. Мектептерде 8976 дана бейнебақылау камерасы орнатылса, олардың 3 377-сі (37,6%) мектеп сыртына, 5 599-ы (62,4%) мектеп ішіне қойылған.
Басқарма басшысы бейнебақылау камераларын жаңарту, бейнебақылау камераларын полиция департаментінің Жедел басқару орталығына интеграциялау, «Дабыл түймелерін» және турникеттер орнату жұмыстары туралы да айтып өтті.
– Балалардың қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс. Үкіметтің тапсырмалары орындалу керек. Мектептерді толығымен мамандандырылған күзет қызметімен қамту бойынша жұмыстарды күшейтіңіздер. Инспекторлар өздеріне бекітілген мектептерге аптасына кемінде екі рет барып отыруы маңызды. Ұйымдастыру, бақылау-қадағалау шараларына басқармамен бірге аудандар, қала әкімдері де жауапты болады, – дей келе, Нұржан Нұржігітов тиісті басқармаларға оқу ордаларының іргесіндегі қауіпті нысандар бойынша зерделеу мен шаралар қабылдауды тапсырды.
Жиында балық шаруашылығын дамыту мәселелері де қаралды. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұратхан Шүкеевтің ақпаратына сүйенсек, қазіргі таңда облыс аумағында 142 жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдыны және республикалық маңызы бар Балқаш көлінің 18 учаскесі тіркелген. Бүгінгі күнде 79 жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындары 70 табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген. Ал 63 балық шаруашылығы су айдыны бос тұр.
2025 жылға дейін балық өндірісін 3000 тоннаға жеткізу жоспарланған.
Облыс әкімі өңірде балық шаруашылығын дамытудың 2022-2023 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының орындалу барысын сұрады.
– Мұндай қарқынмен біз жоспарды орындай алмаймыз. Аудан, қала әкімдіктері тиісті басқармалармен өзара тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу керек. Бекітілмеген су айдындарын жан-жақты зерделеп, талдаңыздар. Бұл бағытта біздің мүмкіндігіміз де, әлеуетіміз де жетеді. Тек соны тиімді ұйымдастыра білу керек. Сіздер тек мәселені анықтап қоймай, оның шешу жолдарын қарастырыңыздар. Бюджет қаражатынан бөлек, инвестиция тарту ісіне айрықша назар аударыңыздар, – деді аймақ басшысы.
Жиында заңсыз балық аулау, «Сапсан» мамандандырылған қызметінің жұмысына қатысты да мәселелер талқыланды.
Нұржан Нұржігітов әр мәселедегі кемшіліктер бойынша бірқатар қала, аудан әкімдерінен жеке-жеке жауаптар алып, нақты тапсырмалар жүктеді.

Лаура Абайқызы 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.