Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Өрлік пен өнердің өшпес өкілі

0 50

Қазақ халқының руханият әлемінде ержүректік пен парасаттылықтың айқын бейнесіндей тұлға бар. Ол – Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы, әдебиет әлемінде өзіндік ізі қалған жазушы, ұлттың ұлы перзенті Бауыржан Момышұлы. Оның өмір жолы – майдан даласындағы от пен оқтың арасынан өтіп, кейінгі ұрпақты тәрбие, тағылым, тәлім арқылы рухтандырған шынайы батырлық мектеп.

Даңқты батыр 1910 жылы Жуалы ауданы, Көлбастау ауылында малшының отбасында дүниеге келген. Әскер қатарына алынған сәттен бастап-ақ оның бойындағы ерік-жігер, тәртіп пен талап ерекше байқалды. 1941 жылы фашист басқыншыларына қарсы соғыс басталғанда Бауыржан Момышұлы басқарған батальон Мәскеуді қорғауда ерлік пен табандылықтың символына айналды. Панфилов дивизиясының жауынгерлерін жұмылдырып, ұрыс даласындағы тактикалық шеберлігімен, батылдығымен, тәртіпке деген қаталдығымен көзге түсті. Оның Москва үшін шайқас кезіндегі әскери өнері әскери академияларда оқытылатын нақты тәжірибеге айналды.

Бауыржан Момышұлы – тек қару ұстаған батыр ғана емес, қаламы ұшқыр қаламгер. Оның «Ұшқан ұя», «Көз алдымда бәріңсің», «Жон арқа» сынды шығармалары – халықтың рухани байлығы. Жазушының әрбір туындысы адамгершілік, намыс, тәртіп, Отанға адалдық секілді асыл қасиеттерді дәріптейді. Ол өзінің өмірлік тәжірибесін көркем сөзбен өрнектеп, ерлік философиясын келешек ұрпаққа аманат етіп қалдырды. Әсіресе, «Ұшқан ұя» – қазақ тәрбиесінің қайнар көзі. Онда Бауыржанның балалық шағы, әжесі Қызтумас пен анасы Рәзияның мейірімі, дала тәрбиесінің шынайы болмысы көрініс тапқан. Бұл туынды өткен мен бүгінді жалғайтын алтын көпір іспетті.

Ұлт перзентінің өмірінің әр сәтінде ұлт намысын биік ұстады. Қандай қызмет атқарса да, әскерде де, шығармашылықта да, қоғамдық ортада да әділдік пен арды ту етті. Ол – шындықты бетке айтқан, батылдығы мінезінен, мінезі сөзінен көрінген дара тұлға.

Бүгінгі таңда Бауыржан Момышұлының есімі – қазақ рухының символы. Оның ерлігі – тарих, даналығы – қазына, аты – мәңгілік. Батырдың өмір жолы ұрпаққа үлгі болып, елдік пен бірліктің, намыс пен парасаттың шынайы өлшемін айқындап тұр.

Гаухар САМБЕТОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті
«Дулатитану және өңір тарихы» ғылыми-зерттеу
орталығының аға қызметкері

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.