Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тарихы танымды, тойы тағылымды

0 313

Тасын түртсең, тарихы сөйлейтін Әулиеата өңірі – ықылым заманда ғұмыр кешкен ата-бабаларымыздың өнегелі өмір жолын қойнауында сыр қылып бүккен қасиетті өлке. Тараз қаласының бір кездері Түрік қағанаты, Түркеш, Қарлұқ және Қараханид секілді аты әлемге әйгілі мемлекеттердің орталығы болғаны белгілі.

Арайлым ШАБДЕНОВА, Суретті түсірген Сәкен АБЖАпаров

Жамбыл облысы соңғы уақытта адам танымастай қайта түледі. Мәдени-рухани нысандар бірінен соң бірі бой көтеріп, ел игілігіне берілуде. Соның бірі – Әулиеата ескерткіші.
Тарихи дерекке көз жүгіртсек, Әулиеата ХІ-ХІІ ғасырларда Қарахан мемлекетін 40 жылдай билеген, Тараз өңірінің өркендеуіне, білім мен ғылымның дамуына үлес қосқан, 63 жасында түркі әлемінде алғаш биліктен өз еркімен бас тартқан, ислам дінін таратушы діндар адам болған. Осы тарихи тұлғаның құрметіне арналып тұрғызылған ескерткіш теңіз деңгейінен 663 метр биіктікте орналасыпты. Салмағы 10 тонналық ақ түсті мәрмәр тастан құйылған ескерткіш тұғыртасының биіктігінің өзі 8 метр, ал мүсінінің биіктігі 13 метрді құрайды. Алып тұлғаның болмысын барынша ашуға басымдық берілген. Мүсіннің әр бедер, бөлік, кескіндемелеріне дейін аса ыждаһаттылықпен, ерекше ықыласпен сомдалған. Мәселен, белдігі құдірет пен биліктің, ал ақ сақалы ұлылық пен даналықтың символын суреттейді. Батысқа байыппен қараған ұлы бабамыз Тараз қаласы халқының бақуатты және берекелі өмір сүруіне өз батасын беріп тұрғандай.
Айта кетерлігі, бұл алып мүсін – биіктігі мен салмағы жағынан да республикадағы ең үлкен ескерткіш. Одан беріде Тектұрмас тауының Талас өзені жағындағы ең биік беткейінде Тараз қаласын жоғарыдан көруге арналған тамашалау алаңшасы орналасқан. Бұл алаңда құс ұшу биіктігінен Тараз қаласының тынысы мен Талас өзенінің ағысына қарап, айналадағы тарихи дүниелерді тамашалауға барынша мүмкіндік жасалған.

Тұңғыш режиссерге құрмет

Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойы қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері, Халық әртісі Асқар Тоқпановтың ескерткішінің ашылуымен басталды. Облыстық қазақ драма театрының негізін қалап, ондағы шығармашылық ұжымның кәсіби біліктілігін жетілдіруге өз қолтаңбасын қалдырған режиссердің еңселі мүсіні өнер ордасының алдына қойылды.
Салтанатты шараға КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов пен Қазақстан Театр қайраткерлері одағының төрағасы, Қазақстанның Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов бастаған еліміздің түкпір-түкпірінен келген мәдениет пен өнер майталмандары, зиялы қауым өкілдері мен Асқар Тоқпановтың ұрпақтары қатысты. Еңселі ескерткіштің лентасын Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов пен Қазақ КСР Халық әртісі, Қазақ КСР Еңбек сіңірген өнер қайраткері Есмұхан Обаев қиды. Мұнан соң ескерткішке ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен өңір басшысы Асқар Мырзахметов гүл шоқтарын қойды. Ескерткіштің ашылуында сөз алған тұлғалар Асқар Тоқпанов туралы естеліктері мен тағылымды ойларын ортаға салды.
Мұнан соң А.Тоқпановтың өмірі мен шығармашылығы жөніндегі «Тоқпанов тұлғасы» атты естелік кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Аталған кітаптың лентасын жазушы-драматург Елен Әлімжан мен ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының профессоры Аман Құлыбаев қиды. Сонымен қатар облыстық қазақ драма театрының негізін қалаған тұлғаның қызмет жолы, еңбектері, наградалары, шәкірттері жайлы фотостенд ұйымдастырылып, көпшіліктің назарына деректі фильм ұсынылды. Театр режиссерінің мүсінін белгілі мүсінші Момыш Сұлтан жасап шықты. Оның құрылысына танымал меценат, «Super pharm» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Қайрат Қаймолдаев демеушілік еткен.

«Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де»

Дүбірлі думан аясында жақұттай жырымен, әуезді әнімен ерекшеленіп, бітімі бөлек болмысын халқына танытып кеткен дүлдүл Кенен Әзірбаевтың да ескерткіші ашылды. «Баласағұн» орталық концерт залының алдынан бой көтерген жаңа ескерткішті ашу құрметіне облысымыздың Құрметті азаматы Төле Сүгірбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, күйші-композитор Әбдімомын Желдібаев, К.Әзірбаевтың ұрпағы Мұрат Кененов ие болды. Қазақтың өнерін әлемге танытқан әйгілі ақын, әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткерінің ескерткішін демеушілер қаражаты есебінен мүсінші Көлжігіт Темірхан дайындаған. Жыр алыбы Жамбылдың жанында жарты ғасыр жүріп, қазақ ауыз әдебиетінің мол мұрасымен қаныққан Кенен атамыздың есімі өткен жылы облыстық филармонияға берілген болатын.

Әулиеатаны
«Әуендер әлемі» әлдилейді

Мерейтой аясында мәдениет саласының майталмандарына құрметтің белгісі ретінде «Әуендер әлемі» алаңы ашылды. Мұнда ел абыройын әлемге асқақтатып, халқымыздың сан ғасырлық шежіресі бар саз өнерінің сарынын жалғап жүрген саңлақтардың есімдері отыз тұғыр тасқа ойып тұрып жазылып, биіктігі 6,5 метрді құрайтын ғаламат стела бой көтерді.
Нысан ықылым замандардан бері туындылары тұла бойға сіңген дала сазының даңқты тұлғасы Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінің маңында орналасқан. Жалпы аумағы 700 шаршы метрден асады. Бұған дейін қараусыз жатқан алаң маңындағы аллея қайта жаңғыртылып, қалпына келтірілген. Бұл – еліміздің атын әлемге танытып жүрген әулиеаталық музыка өнері қайраткерлерінің шығармашылығын насихаттап, өнегелі өмір жолын бүгінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында жүзеге асқан жүйелі жұмыстың жарқын нәтижесі. Стеланың айналасындағы отыз тұғыр тасқа бедерленген алпыс жұлдыз белгісіне еліміздің мәдениетіне үлкен үлес қосқан тұлғалар мен өнер жұлдыздарының есімдері өрнектеліпті. Ал стеланың тұғырына Жамбыл Жабаев, Балуан Шолақ, Ықылас Дүкенұлы, Кенен Әзірбаевтың өнер туралы айтқан өнегелі сөздері қашалып жазылған.

Дарабоздар дараланды

Облыстың 80 жылдық мерейтойына арнап ашылған келесі нысан «Даңқты спортшылар алаңы» болды.
Еліміздің спортының арғы-бергі тарихын ақтарсақ, саламатты өмір салтын жанына серік етіп қана қоймай, ел мерейін асырған, абыройымызды асқақтатқан жамбылдық саңлақтардың есімі көп аталады. Кәсіби тұрғыдан болмаса да, қара күшінің арқасында күрес өнерін жетік меңгеріп, ат құлағында да еркін ойнаған Балуан Шолақ Көкшетау өңірінде өскенімен, Әулиеатадан түлеп ұшқан тұлға.
Облыс тарихындағы мерейлі сәтте ел, әлем таныған спортшылардың құрметіне «Тараз-Арена» спорт кешені алдынан алаң ашылды. Аталған алаңның ортасында биіктігі 6,5 метрді құрайтын факел орналасқан. Оның екі шетінде травертин және гранит материалынан дайындалған, биіктігі 3 метр, ұзындығы 9 метр болатын 2 құрмет тақтасы қойылған. Құрмет тақтасында Жамбыл өңірінен шыққан даңқты 145 спортшының және 96 еңбегі сіңген жаттықтырушының есімі жазылған. Айта кетейік, «Даңқты спортшылар алаңын» «Көне Тараз» қоғамдық қоры қаржыландырған. Нысан құрылысын Еркін Құлманбетов жетекшілік ететін «Астана UP» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген.

«Тектұрмас» –
тектіліктің тірегі

Мерейтой аясында ашылған нысандардың ішінде шоқтығы биік, тағылымы терең «Тектұрмас» этнотарихи кешені де бар. Орта Азияда теңдесі жоқ тарихи кешендегі Әулиеата ескерткішінің ашылу салтанатында алдымен бабалар рухына құран бағышталып, тағзым етілді. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімов қатысқан айтулы шарада тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Мәмбет Қойгелдиев сөз алып, «Тектұрмас» этнотарихи кешені Тараз қаласының ғана емес, Әулиеата өңірінің, тіпті мемлекеттігіміздің тарихи болмысын айшықтап тұрғанын тілге тиек етті.
«Тектұрмас» этнотарихи кешенінің кіреберістен-ақ айбатын арттырып тұрған – «Көне Тараз» қақпасы. Шығыс стилінде салынған қақпаның биіктігі 10, ені 14 метрді құрайды. Қақпаның екі жағында күзет тұратын биік мұнаралары бар, ортасындағы қасбеттері әртүрлі ою-өрнектермен безендірілген.
Кешенге кіреберістен басталатын баспалдақтар мен жолдардың барлығы жергілікті табиғи қызыл тастан жасалған. Баспалдақтың екі жағындағы ежелгі петроглифтермен әшекейленген арнайы ақ тастардан жасалған ескерткіштерге Тараз өңірінен шыққан он төрт қаған мен ойшыл ғұламалардың есімдері, билік еткен ғасырлары қашалып таңбаланған. Осы қағандар мен ғұламаларды тамашалап, баспалдақпен жоғары көтерілген адамның алдынан Тараз қаласының негізгі символы – ұлы бабамыз Әулиеатаның еңселі ескерткіші шығады.

«Көне Тараз» туристерді
шақырады

Жамбыл облысының 80 жылдығына арналып ашылған нысандардың ішінде «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің шоқтығы биік болғаны даусыз. Ұмыт болғанымызды жаңғыртып, өткенімізді қайта тірілткен кешендегі жобалар жан жадыратады. Бүгінде мыңжылдықтардың куәсі киелі өлкенің руханиятын оятып, рухын асқақтатқан, мерейін өсіріп, мазмұнын арттырған жобаны мамандар Орта Азияда баламасы жоқ туындыға балап отыр.
Облыс әкімі Асқар Мырзахметов пен еліміздің Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова бастаған той қонақтары ең алдымен «Қолөнер және туризм» орталығына бас сұқты. Орталық өңірдегі қолөнер шеберлері бас қосып, тың идеяларымен бөлісетін, тәжірибе алмасатын бірден-бір орынға айналады деп күтілуде. Оларға онда өздерінің зергерлік шеберліктерін жетілдіруге тиісті жағдай жасалмақ. Мұнда Шығыс, Батыс, Сыр, Арқа, Жетісу және басқа да аймақ үлгісіндегі бұйымдар жасалынатын болады. Қолөнершілердің ғажайып бұйымдарын сатуға да мүмкіндік тумақ.
Облыстың 80 жылдық мерейтойы өңірдегі руханият саласына соны серпін берумен ерекшеленіп тұр. Өйткені мерекеге орай салтанатты түрде тұсауы кесілген «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде Халық жазушысы Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығы іске қосылды. Орталық халық ауыз әдебиеті және әдеби шығармаларын зерттеу бөлімі және «Шерхантану», «Салт-дәстүр», «Дәстүрлі музыка», «Тарихтану», «Өлкетану» бөлмелері сынды бірнеше құрылымдардан тұрады.
«Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі «Ретро-фестиваль» амфитеатрының ашылуы да той көркіне көрік қосты. Театрландырылған қойылыммен түндігі түрілген шарада күмбірлеген күй төгіліп, әуелеген ән Әулиеата аспанын ерекше күйге бөледі. Жалпы ашық аспан астындағы амфитеатрда алдағы уақытта халықаралық байқаулар, өнер бәйгелері және мерекелік кештер өтетін болады. Амфитеатрдың сыйымдылығы 1000 адамға шақталған. Нысанның құрылысын жүргізген «ЖАҢА АРНА 2002» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылысты жоспарлы межеде, барлық стандартқа сай өткеріп отыр.
Келесі кезекте той қонақтары «Көркемсурет галереясындағы» теңдессіз туындыларды тамашалады. Тараздықтар мен қала қонақтарына қазіргі заманғы бейнелеу өнерін жаңа бағытта таныстыруға мүмкіндік беретін бұл ғимарат облыстың 80 жылдық мерейтойына орай ашылған «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі басты нысандардың бірі. Жаңа ғимарат өңірдегі бейнелеу өнерін дамытуға, насихаттауға және қылқалам иелерінің шығармашылықтарын дамытуға негізделген. Қазақ және шетелдік суретшілердің кескіндемелері мен шығармашылық туындылары орналасқан галереяда алдағы уақытта белгілі суретшілердің жеке көрмелері де ұйымдастырылады деп күтілуде. Аумағы 3000 шаршы метрден асатын ғимарат екі қабаттан тұрады. Оның бірінші қабатында 600 шаршы метрді құрайтын үлкен көрме, Брюммер залы мен Гобелен сақтау қоры, зертхана орналасқан. Ал нысанның екінші қабатына көз салсаң, қалпына келтіру шеберханасы мен жұмыс бөлмелері орын алған.
Мерейтой қарсаңында көпшілікке өңір тарихына қатысты тың деректерді ұсынып келген облыстық тарихи-өлкетану музейі жаңа ғимаратқа қоныстанды. Қорында өңір тарихының сан қатпарынан сыр шертетін 65 мыңнан астам жәдігері бар музей өз отауын мерекеде тұсауы кесілген «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің бел ортасынан сайлаған. Ежелгі шығыстық үлгіде салынған музей ғимараты 2 қабаттан тұрады. Оның жалпы аумағы 4015 шаршы метрді құрайды. Мұндағы тарихи жәдігерлер «Тарихқа дейінгі кезең залы», «Тараз қаласының тарихы», «Қазақ халқының этнографиясы», «Әулиеата кезеңі» сынды залдарға топтастырылған. Мұндағы әрбір жәдігер түрлі дәуірдегі өлке тарихынан, сол замандағы өмір сүру дағдысынан хабар береді. Ал «Тараз қаласының тарихы», «Әулиеата кезеңі» аталатын залға шоғырланған жәдігерлер 2000 жылдан астам тарихы бар шаһардың өткеніне шолу жасауға мүмкіндік береді.
Айта кету керек музейдегі тарихи-архитектуралық ескерткіштерді виртуалды түрде таныстыру мүмкіндігі келушілердің көңілінен шықты. Сондай-ақ мұндағы сенсорлы киоскіде Жамбыл облысының Құрметті азаматтарының тізімі, аталған мәртебелі атақты беру ережесі көрсетілген.
Музейге келушілерге олардың қалауы бойынша қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде шолу жасалады. Мұндағы жәдігерлерді толықтыру мақсатында ғылыми-әдістемелік бөлімнің қызметкерлері археологиялық жұмыстар жүргізуге қатыспақ.
Ашылған барлық нысан өңір туризмінің дамуына өз септігін тигізетіні сөзсіз. Ал «Көне Тараз» шаһардың туристік келбеті болары хақ.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.