Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әріптестер әзілі

0 373

Тоқал тауып бер…

Бірде тоқал туралы мақала жаздым. Ол мақалада тоқал болуға келісетін екі қыздың айтқаны келтірілген. Бұл мақала әлеуметтік желіні шарлап кетті. Араға 4-5 күн салып, «Жамбыл-Тараз» газетінің журналисті Құралай Сейсенбекқызы керек» деген дауысты құлағым шалды. Соңыра қияқ мұртты, елуді еңсерген ер адам кабинетке кіріп келді. Таныс-білістен соң, ол кісінің Ақтау қаласының тұрғыны екенін білдім.
– Тоқал туралы майын тамызып жаздыңыз. Тоқал алуды қолдайтыныңызды да білдім. Енді маған бір тоқал тауып беріңіз. Бай емеспін. Бірақ бүкіл айлығымды тоқалдың қолына беремін. Бәйбішем момын, қорықпасын. Қанша шақырымды артқа тастап, сізге сеніп келіп тұрмын, көңілімді қалдырмаңыз. Маған бойы ұзын, арық қыздар ұнайды. Семіздермен таныстырып, мазамды алмаңыз. Қыз мәселесі шешілген соң, сыйақыңызды беремін. Үш күн қонақ үйде күтем, хабарласыңыз! Асығыспын! – деп телефон нөмірі жазылған қағазды қолыма ұстатып, кетіп қалды…
«Мен де аң-таң, апам да аң-таң»…

Қоштасу портреті

Әкем туған күніммен құттықтап, гүлмен көмкерілген өз портретімді сыйлады. Үстелімнің үстінде тұрған суретке әріптесім Нұржан Қадірәлі жымиып қарап отыратын. Бір күні жұмысқа келсем, жай күндері бас изеп өте шығатын еден жуушы апай құшақтай алды. Хал-жағдайымды сұрап бәйек болды. Таңданып қалдым. Мән-жайды сәлден соң түсіндім.
Нұржан Қадірәлі портретімді қабырғаға іліп, астына «Қоштасу» деп быттита тақырып қойып, ақ қағазға жазба жазып, суреттің астына іліп кетіпті. «Құралай Сейсенбекқызы! «Жамбыл-Тараз» газетіне берген материалдарыңыз желеп-жебесін. «Фейсбукте» жазған посттарыңыз алдыңыздан жарылқап, басылған лайктардың шарапаты тиіп, сізге айтылған пікірлер тие берсін. Әріптестеріңіз сізді ешқашан ұмытпайды», – деп жазыпты.
Таңертең редакцияға бірінші болып келген еден жуушы апай қабырғадағы қоштасуды көргенде көзіне жас келіп, аяқ-қолының буындары ұстамай отыра қалған екен. Соңынан келген журналистерге: «Құралай кеше ғана аман жүр еді ғой», – деп айта беріпті. Журналистер кабинетке кіргенде мән-жайды түсініп, бұл тірлік әзілқой Нұржан Қадірәлінің ісі екенін біліпті…

Вася деген теке сатылады

Бірде хатшы қыздың кабинетіне кірген ер адам әй-шай жоқ: «Жамбыл-Тараз» газетін сотқа беремін», – деп шу шығарыпты. Ер адамның келбеті сондай сұсты әрі бәлеқор екені жүзінде тұрған көрінеді. Мән-жайды сұрастырғанда: «Хабарландыру бергендеріңді сотқа беремін», – деп қайталапты. Хабарландыруды іздеп тауып, оқығанда, «Вася деген теке сатылады» деген жазуды көрген Юрий Ефимов: «Сонда теке сатылатыны қате жазылған ба?» – деп сұрайды. «Ойбай, Вася деген – мен! Бұл хабарландыруды маған қастасып, мені текеге теңеп, әйелім берген», – деп жынданыпты әлгі кісі. Алайда Юрий Ефимов: «Теке десе теке, не деген дәл теңеу!» – деп ойлап қала беріпті…

Театр бригадасы

Жас тілші жұмысқа жаңа келген кезі. Ұлы Отан соғысының ардагерін қала әкімі құттықтауға барады да, соның ақпаратын әлгі жас тілші жазып беруге тиіс еді. Алайда ақпаратты оқыған басқа тілшілер таң-тамаша қалады. Онда «Театр бригадасының оркестрі өнер көрсетті» деп тұр екен. «Театрда қандай бригада?» – деп сұраған тілшілерге жас тілші: «Бұл дұрыс мәлімет», – деп бой бермейді. Соңыра өз сөзінің дұрыстығын дәлелдеу үшін диктофон қосып, тыңдаттырады. Онда «театр бригадасы емес, пятая бригада» деп айтылғаны анықталады. Жас тілші солай күлкіге қалған еді…

Бетті қызартқан қате

Бірде әлдекім қоңырау соқты. «Қарағым, Құралай Сейсенбекқызы! Мақалаларыңды біреуін қалдырмай сүйсініп оқып жүремін. Бұл жолғы бір батыр ана туралы жазған жазбаң да сондай әсерлі. Өзіме ұнағаны соншалық, сүйсініп оқып шықтым. Бірақ 1946 жылы дүниеге келген адам 1922 жылы 1-сыныпқа қалай барады?», – деді.
Сөйтсем, «1952 жылы бірінші сыныпқа барды» деудің орнына «1922» деп қате басылып кеткен екен. Сөйтіп, бір санның қате басылуы бір мақаланың ажарын құртып, бетті қызартты.

Оқырман ойындағы сұлулық

Бір ақынның кеші өтті. «Жамбыл-Тараз» газетінен жазуға мені жіберді. Кеш аяқталған сәтте сұхбаттаспақ болып, ақынның қасына бардым.
– «Жамбыл-Тараз» газетінің тілшісі Құралай Сейсенбекқызымын, – деп өзімді таныстырдым.
Ақын жігіт бетіме қарап тұрды да:
– Білдей бір газет тілшісінің атын жамылып жүруге ұялмайсыз ба? Мен Құралай Сейсенбекқызын өмірде көрмесем де, суреттерінен байқағанмын. Ол бойы сұңғақ, жас әрі сұлу әйел. Сіз сияқты кішкентай, жасы ұлғайған алаяқ емес. Сізді сотқа беру керек! – деп ұрысып берді.
Өз оқырманымның ойында сұлу, жас әрі сұңғақ бойлы болып қала беру үшін үнсіз сыртқа шығып кеттім.

Дайындаған Құралай Сейсенбекқызы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.