Аса мейірімді Алланың атымен бастаймын. Қашанда өзінің көрегенділігімен ерекшеленген Мемлекет басшысы елімізде орын алған төтенше жағдай кезеңінде халқымызды сабырлыққа, бірлікке шақырды. Шынында да, Бауыржан Момышұлының «Тəртіпке бас иген ел құл болмайды, тəртіпсіз ел болмайды» деген қанатты сөзі осы уақытқа арналған секілді. Тәуелсіз Қазақстан өз тарихында тұңғыш рет біздің мемлекетіміздің өмір сүруіне қауіп төндіретін елеулі сынаққа тап болды. Осы сын сағатта еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Үндеу жолдады. Үндеуде: «Еліміздегі тыныштық пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін ерекше жанашырлық пен ынтымақ танытуымыз керек. Бәріміз бірлесіп ең басты игілігіміз – халқымыздың бірлігін сақтай отырып, қиындықтар мен сынақтарды еңсереміз!», – деді. Жаратушы Алла Тағала қасиетті Құранда: «Шынында, әрбір қиыншылықтан кейін жақсылық болады», – деп айтқан. Осындай қиын-қыстау заманда бірлігіміз бен ынтымағымызды көрсетейік. Алдымызда жарқын болашаққа деген бағыт-бағдар бар. Кешегі болған оқиға біздің жастар мен өскелең ұрпаққа сабақ болады деп сенемін. Алдағы уақытта мұндай қателіктер мен кемшіліктерді болдырмау жолында ел бірлігі үшін жұмыс жасауымызды Алла нәсіп етсін. Бүгінгі жағдайда еліміздің тыныштығы үшін, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірігіп, Президентімізді қолдайық. Бірліктің, татулықтың, бейбітшіліктің туының астына жиналайық. Ел іргесі тыныш, жұртымыз аман болсын!
Бейбіт МЫРЗАГЕЛДИЕВ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының
облыс бойынша өкіл имамы