Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ел іргесінің бүтіндігі маңызды

0 254

Барыс жылы елімізде ауыр, қаралы күндерден, қиын сәттерден басталды. Бұл – тәуелсіздігіміздің, халқымыздың бірлігінің сыналған кезеңі. Осы күндері біз ел болып бір мақсатта бірігіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың айналасына топтастық. Бұл кезеңнен де аман-есен өтіп келеміз. Арнайы топтар бейбіт шеруге шыққан халықты пайдаланып кетті. Содырлар құқық бұзушылыққа барып, еліміздің оңтүстік астанасы Алматыны өртке орап, одан бөлек, бірнеше облыс орталығын қиратқанына теледидар, әлеуметтік желілер арқылы куә болып отырмыз. Осындай опасыздықтың нәтижесі елімізде адам өліміне алып келді. Батырларымыз, полицияның, әскери құрылымның қызметкерлері осы күндері арнайы топтарға төтеп беріп, халықты қорғау жолында жандарын қиды.
Ең алдымен үлкен жауапкершілік Президентімізге түсті. Мемлекет басшысы – әрине, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуші бірінші адам. Расында, президенттік институт азаматтарымыздың тұрақтылығы мен қауіпсіздігінің кепіліне айналды. Мемлекет басшысының күндіз-түні жұмыста болып, халыққа Үндеуін айтып, шұғыл шаралар қабылдап жатқанын көріп жүрміз. Қазіргі жағдайда Қасым-Жомарт Тоқаев дұрыс шешім қабылдады, бұл елдегі жағдайды қысқа мерзімде тұрақтандыруға мүмкіндік берді. ҰҚШҰ-ның бітімгершілік күштерін енгізу Қазақстанға төніп тұрған террористік қауіпке жауап болып есептеледі. Әскерлер ұрыс қимылдарына қатыспайды және бұл шаралар қазақстандық әскери күштерді босатуға және Алматы қаласындағы қантөгісті тоқтатуға мүмкіндік бергенін түсінеміз. Президент Конституцияның кепілі болып табылады, сондықтан оның барлық іс-әрекеті бұл мәселені тезірек шешуге бағытталған. Президент террористерге қатысты өте дұрыс шешім шығарды. Бұл бейбітшілік пен тұрақтылықтың бүгін қайта оралуы үшін ғана емес, болашақта оларға қауіп төндірмеу үшін де жасалып отыр. Мұны біз, жас қазақстандықтардың түсінуі ерекше маңызды. Осының арқасында бүгінде террористер ұсталып, еліміздегі ахуал оңалып келеді. Осы орайда жастар әрдайым Президентті қолдайтынын жеткізгім келеді.
Қазіргі таңда ең басты құндылық – еліміздің тыныштығы мен іргесінің бүтіндігі екені сөзсіз. Себебі егемен елде алшаң басып, бейбітшілік бесігінде тербелуден асқан бақыт жоқ.

Айбек ТАУТЕН,
облыстық жастар ресурстық орталығының директоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.