Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әр құжатта бір тағдыр бар

0 315

Өткені жоқ ел, тарихы жоқ халық болмайды. Тарих қойнауына тереңдеп енген әрбір ғасырдың, әрбір кезеңнің өзіндік маңызы мен ерекшеліктері, айқындалатын айтулы оқиғалары, жылнамалары бар. Осы ретте архив ісіне жүктелетін жауапкершілік орасан. Біле білсек, архив – тарихи шежіре қоймасы ғана емес, әрбір ұлт тарихының қазынасы.

Арайлым Шабденова, Суреттерді түсірген Юрий КИМ, Сәкен АБЖАПАРОВ

1939 жылы Жамбыл облысы құрылғаннан кейін оның түрлі саладағы қызметін атқаратын облыстық мекемелері де жасақталды. Соның бірі – облыстың тарихын жинақтап, сақтап отырған қара шаңырақ Жамбыл облыстық мемлекеттік архиві. Облыспен қатар жасап келе жатқан архивке биыл – 80 жыл. Осыған байланысты Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында «Архив – 2025» бағдарламасындағы тапсырмаларды орындау мақсатында облыстың және архив қызметінің құрылғанына 80 жыл толуына орай, «Архив – тарих қазынасы» атты фотоқұжаттар көрмесі көпшілікке таныстырылды.

Бүгінгі архив қызметі елде қалыптасқан «шаң басқан архив» стереотипіндегідей емес. Күн сайын заман талабына сай жаңарып, қызметі түрленіп жатқан қызу жұмыс ортасы. Көзге көріне бермейтін, бірақ қоғам үшін маңызы алуан еңбек. Оны тереңнен тану үшін облыстық архив пен оның бөлімдері атқаратын қызмет өз алдына шежіре. Біздің әрбір күніміз қойнауы терең тарих болса, сол тарихты сақтайтын – архив. Бүгінде көпшілік назарына ұсынылып отырған фотокөрмеде біздер құнды дүниелерді өз көзімізбен көріп, өткен күнге саяхат жасай аламыз.

Көрмеде Қазақ ССР 1939 жылғы №35 қаулысымен облыстың Джамбул болып құрылған өкімінің көшірмесін көруге болады. Сондай-ақ Жамбыл қаласының бірінші бас жоспарының негізгі құжаты Совет төрағасы Д.Қонаевтың қолымен көрмеге қойылған. Құнды құжаттар қатарында Жамбыл қаласында 1959 жылы орталықта В.Лениннің ескерткішінің ашылу салтанатынан көріністер, 1963 жылғы Жамбыл Жабаев ескерткішінің ашылуынан фотоархив бар. Онда ақынның шәкірті Кенен Әзірбаев жыр арнап, Нұрғиса Тілендиев пен Жылқыбай Аралбаев және өзге де зиялы қауым өкілдері қатысқан шарадан көрініс бар. Көрмеге сондай-ақ ұлы тұлғалардың сирек кездесетін фотолары мен фотоальбомдары қойылған. Онда Жамбыл Жабаев, Дінмұхамед Қонаев, Бауыржан Момышұлы сынды ғасырда бір келетін тұлғалардың түрлі сәттердегі деректерді де табуға болады. Облыстың 1939 жылдан бастап басқарған өңір басшыларының өмірбаяны мен фотоларын да көрмеден табуға болады. Түрлі спорт саңлақтары мен эстрада, кино жұлдыздарының бейнесі де көрмеден орын алған.

Сурет – тарих айнасы. Көрмеге ұсынылған әрбір құжат құнды. Көрме архив сақтауындағы облыстың тыныс-тіршілігінен дерек беретін 10 бөлімнен тұрады. Мұнда фотокорреспонденттердің суреттері негізінен «Еңбек туы» (қазіргі облыстық «Ақ жол»), «Знамя труда» газетінде фототілші болған Орлик Ким мен Тілеумағамбет Елемісовтің бұрындары жарияланбаған суреттері қойылған. Ал көрмені тамашалауға келген Орлик Кимнің ұлы өзінің қуанышын жасырмады.

– Менің әкемнің туындылары тарих қойнауына кірген архивтен табылғаны – мен үшін де, ұрпақ үшін де зор қуаныш. Бір күндері менің де фотоларым архивте тұратынына сенімім мол. Өйткені бүгінгі күн – ертеңгі тарих. Ал тарихты жасайтын – біздер мен сіздер. Уақыт өтіп, буын алмасқан шақта мұндай көрмелер өткенімізге көз жүгіртіп, өңірдің тарихына бір сәт мүмкіндік бергені қуантады. Сол кездегі фототілшілер туындылары архив төрінен табылады деп ойламаған да шығар, – дейді «Знамя труда» газетінің фототілшісі Юрий Ким.

Көрмеге 100-ге жуық фотосурет, облыстың әлеуметтік-экономикалық және мәдени тұрғыдан дамуына еңбегі сіңген архив қорындағы 80 адамның жеке тектік құжат көшірмелері мен фотоальбомдары қойылған. Көрменің ерекшелігі – тек сурет пен жалаң сипаттама ғана емес, фотоның тарихы да берілген. Болған оқиғалар, облыстағы кездесулер мен жазбаша сақталған деректер тарихнамасы жазылған. Танымал тұлғалар мен еңбек адамдарына дейін көрменің төрінен орын алған.
– Ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасы іске асуда. Мемлекет тарапынан бұған дейін «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы іске асты. Бұл орайда, архивтегі құжаттарды электронды нұсқаға ауыстыру жөнінде жұмыстар жүргізілуде. Ол жұмыстар тоқтамайды. Құжаттарды сақтауда, шын мәнінде, сан алуан жұмыс атқарылуда. Жамбыл облысының мемлекеттік архивінде 2594 қорда 466803 сақтау бірлігі мемлекеттік сақтауға қабылданған. Алдағы уақытта да жұмыстар өз жалғасын таппақ, – дейді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мадиева.

Архив – мемлекеттің кешегі және бүгінгі тарихының сақтаушысы. Ұлтымыздың кешегісі мен бүгінін құрайтын құнды құжаттарды болашақ ұрпаққа аманат ету міндеті мұрағатшыларға сеніп тапсырылған. Осы орайда, ұйымдастырылған көрме жыл соңына дейін көпшілік назарына ұсынылмақ.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.