Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қорылдың артында қандай қорлық тұр?

0 293

Түн тыныштық үшін берілген. Дәлірек сол тыныштықта адам тынығып ұйықтауы керек. Алайда сол тыныштықты бұзып, түнімен қорылға басатындар бар. Қорылдың сондай жағымсыз екенін бәріміз білеміз. Алайда оның зиян екенін біле бермейміз. Қорылдап жатқан адам да өзінен шыққан жағымсыз дыбысты тоқтатуға дәрменсіз. Тіпті көбіне өзінің қорылдайтынын білмеуі де мүмкін. Ал кей-кейде өз қорылының даусын естіп, өзі де оянып кететіндер бар. Кімге болсын бұл абырой алып келмейтіні анық. Қорылдың артында қорлық, ұят, тіпті дерт тұруы да ықтимал…

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Күндізгі күйбең тіршіліктен арылып, ай шығып, жұлдыз жымыңдаған соң, құс жастыққа бас қойып, мамыражай тыныштыққа елтисің. Сам жамыраған шақта жаман ойдан арылып, аласапыран уақыттың шаршатқанын ұмытып, маужырап ұйқыға батасың. Түннің ең сенімді серігі ұйқының құшағына енесің. Күні бойы дамыл таппаған жан мамық төсекке жатысымен-ақ тынши түседі. Бірақ тынышыңды әлдене бұзып кетсе ше? Қасыңда ұйықтап жатқан серігің, аспаннан жай түсіргендей дамылсыз қорылға басып, тәтті ұйқыңды қашырса не істемек керек? Әрине жағымсыз дыбыстан жерініп, оятуға тырысасың. Түртесің. Бірді-екілі ескертесің. Оятасың. Жар құлағың жастыққа тимей тыпыршисың. Қандай ыңғайсыз күйге түссең де, ұйықтап жатқан адамның әдейі істемейтіні анық. Оның орнында өзің болуың да әбден мүмкін.

Қорылды жәй жағымсыз жатып ұйықтаудың нәтижесі, шаршағанының белгісі деп ойлап, оған немқұрайлы қарау дұрыс емес. Қорыл жәй ғана жағымсыз дыбыс емес, кейде ол әлдебір аурудың белгісі екен. Сондықтан қорылға жеңіл қарауға болмайды. Медицинада қорылы бар адам, ауыр дертке шалдыққандықтан еркінен тыс осылай жасауы әбден мүмкін екендігін айтады. Не болса да зерттеп, зерделеп, көрдік.

Көбіне қорыл ұйқы синдромының себепшісі болып табылады. Мұндай кідірістің ұзақтығы бір түнде 4 сағатқа дейін немесе одан ұзаққа созылуы мүмкін. Нәтижесінде – оттегінің жетіспеушілігі, ұйқышылдық ауру, жиі болатын бас ауруы, ашушаңдық, шашыраңқылыққа әкеп соғады. Ауыр жағдайда – жүрек аритмиясының әр түрлі формасы, инфаркт, миокард, инсульт және ұйықтап жатып, кенеттен өлуге келіп тіреледі. Бірақ бұл туралы ойға алмау керек. Дәрігерлер адам ұйқысына қарап, қаншалықты ұзақ өмір сүретінін анықтауға болатынын айтады. Медицина түсінігі бойынша: «Адам неғұрлым аз ұйықталса, соғұрлым өмірі қысқарады, себебі организм қалпына келіп үлгермейді» деген түсінік бар.

Өз қорылынан зардап шегіп, ұятқа қалып, кісі үйіне қонудан, тіпті кісі көзінше ұйықтаудан қалғандардың бірі менмін. Басында өткінші деп ойлап, жеңіл қарағаныммен, уақыт өте келе үдеп келе жатқанын сездім. Жайсыз жатқаннан, шаршағаннан дегенді де естідік. Алайда олай емес екендігіне көзім жетті. Дәрігерлер қан қысымы жоғары адамдарда қорыл пайда болатынын айтты. Ал мен қан қысымының жоғарылағанынан жапа шеккендігіме он жылдың жүзі болыпты. Алдағы уақытта дәрігеріммен белгілі бір уақытта кездесіп, тексеріліп, ем-дом шараларын жүргізуге келістім. Және өзім сияқты қорылынан қорлық көріп, ұятқа қалып жүргендер болса, осы мақаланы оқып, әжетіне жаратсын деген ниетпен қалам алып, қорылдың зияны мен уақыт өте келе асқынуының нәтижесінде адам қандай жағдайға душар болатыны жайлы ақпар жинадым. Ендеше, оқып көріңіз!

Себептері
Жас бала немесе сәбидің қорылдауы оның суықтағанын, тұмау жұқтыру қаупінің жоғарылығынан хабар береді екен.
Кей-кейде дені сау, жастар да (әсіресе жігіттер) қорылдап ұйықтайтынын байқауға болады. Дәрігерлер мұны тегін емес дейді. Бұл темекінің улы қалдықтарының ыс сияқты тыныс алу жолдарында шамадан тыс көп жинақталып қалуынан немесе бұлшық еттің шаршағанынан болуы мүм­кін екен. Ал бойжеткендерде жоғары тыныс алу жолдарының суықтауға байланысты ісінуінен болуы ықтимал.

Салмағы мөлшерінен артық адамдарда да жиі қорылдау байқалады. Себебі бұл кезде тыныс алу жолдары тарыла бастайды. Қорылдамау үшін денедегі артық салмақтан арылып, қалыпты тепе-теңдікте болғаны жөн.

Алкогольді ішімдіктерді көп пайдалану мен оларды дәрі-дәрмектермен бір мезетте пайдалану да қорылдауға себеп бола алады. Алкогольді ішімдіктен алшақ болғаныңыз жалпы денсаулығыңыз үшін де пайдалы.

Аллергиялық аурулардың да кей кездері сіздің қорылдауыңызға өз үлесін қосуы ықтимал. Сондықтан оны емдеткеніңіз абзал.

Әсері
Дәрігерлердің айтуынша қорылдың әсерінен бас сүйектері жұқара бастайды. Бұл жұлын-ми сұйықтығының ағып кетуіне әкелуі мүмкін. Мұның медициналық атауы – ликвор ағуы. Осыдан кейін ақыл-парасаттың кеми бастауына ұқсас симптомдары белгі беріп, адам содан зардап шеге бастайды. Ликвор ағуы – бір дерек деңіз. Одан бөлек, қорылдау жүрек соғу жылдамдығын бұзады және жалпы жүрек-қан тамырлары аурулары, соның ішінде инфаркт пен инсульт қаупін арттырады екен. Қандағы оттегінің жетіспеушілігін тудырады. Бұл өз кезегінде бұл миға зиян тигізеді, депрессия, бас ауруын және стресс деңгейінің жоғарылауына түрткі болады. Сондықтан да дәрігерлер ұйықтағанда қатты қорылдайтын адамдарға қорылдаудың себебін анықтап, міндетті түрде тиісті ем қабылдау үшін дәрігерлерге қаралып, бұл әдеттен арылуға кеңес береді.

Қорылдаудың зияны қазір байқалмағанымен, оның салдары уақыт өте келе біліне бастайды. Келеңсіз мәселелерт тудырмау үшін, қорылдайтыныңды сезген күннен дерттің алдын алу мақсатында дәрігер көмегіне жүгіну керек.

Басыңыз ауырады
Қорылдаудың әсерінен бастың ауыруы жиілей түседі. Ұйқы кезінде дұрыс тыныс алмасаңыз, оттегіні жұтып, көмірқышқыл газын бөліп шығару қиынға соғады. Соның салдарынан мидағы қан тамырлары қысылып, бас ауруы пайда болады. Қорылдауды тыйып, дұрыс тыныс алу үшін стоматолог, отоларинголог секілді мамандармен кеңесіп, ақыл сұраңыз. Ұйықтар алдында бүйіріңізге жастық қойып жатсаңыз, қорылдауды өздігіңізден тыюыңыз мүмкін.

Инсульт
Қытай ғалымдары қорылдайтын адамдардың ағзасында инсульттың 26 пайызға артатынын анықтаған. Қорылдаудың әсерінен күретамырда түйіндер пайда болады. Бұл инсультке әкеп соқтырады. Зерттеулерге сүйенсек, көбіне толық адамдар қорылдайды екен. Демек, инсультке толық адам көп шалдығады деген сөз.

Есте сақтау қабілеті
Қорылдаған адамның есте сақтау қабілеті қорылдамайтындарға қарағанда 10 жылға азаяды. Тыныс алудың бұзылуының әсерінен ми жұлынындағы сұйықтық көлемі артады. Қан айналымын реттейтін және мидың қызметін қадағалайтын сұйықтық ақпаратты миға жеткізеді. Сондықтан оның өз мөлшерінен артуы денсаулыққа кері әсерін тигізеді. Егер дер кезінде қорылдауды тыйып, емделетін болсаңыз, мұның да өз қалпына келетіні сөзсіз.

Жүрекке де зияны бар
Жас ұлғайған сайын қорылдау тыйылмаса, адам жүрек ауруына шалдығады. Үнемі шаршап жүретін адамдар бұған қалай кезіккенін аңғармай да қалады. Негізінен адам шалқасынан жатса қатты қорылдайды. Қорылдаған адамды оң жақ бүйірімен жатқызу керек, сол жақ бүйірімен жатқызуға болмайды. Себебі, дұрыс тыныс ала алмайтын адамның жүрегіне салмақ түссе, іс насырға шабады.

Күйзеліске шалдығасыз
Қорылдайтын адамдардың 50 пайызы күйзеліске ұшыраған жандар. Аустралиялық ғалымдардың айтуынша, қорыл күйзеліске, күйзеліс қорылға әкеледі. Яғни, адамда бірінші қорыл пайда болса, күйзеліске ұшырайды. Егер алдымен күйзелістен шаршап жүрсе, түн ұйқысын қорылмен өткізеді. Ғалымдар мұның алдын алу үшін аптаның үш сағатын жаттығу залында өткізу керек екендігін айтты. Бұл күйзелісті 19 пайызға төмендетеді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.