Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Таза жүрек» керуені аудандарға жол тартты

0 163

Жамбыл облысы әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы «Волонтерлер жылына» орай «Саулық» жалпыұлттық жобасын іске асыру мақсатында ұйымдастырған «Таза жүрек» денсаулық керуені облыстағы аудан мен ауылдарға жол тартты.

Сәндібек ПІРЕНОВ. Сурет Ағаділ РЫСМАХАН

Аталған керуеннің құрамында тәжірибелі кардиологтар мен волонтерлер бар. Енді олар аудан орталығы мен оған қарасты 3 округте бір күннен аялдайды. Жұмыс барысында мамандар жүрек ауруы бар азаматтарды анықтап, ультрадыбыстық зерттеу, биохимиялық анализдер алу, скринингтік тексеру секілді емшаралар жүргізеді. Бір сөзбен айтқанда аталмыш керуен кішігірім жылжымалы емхана.

«Жастар» аллеясында өткен салтанатты жиынға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты. Шарада облыс әкімі медицина қызметкерлерінің, соның ішінде пандемия кезінде алдыңғы шепте жүрген дәрігерлердің еңбегі өлшеусіз екенін айтты.
– Медицина саласын дамыту – мемлекеттің негізгі басымдықтарының бірі. Жыл сайын медицина саласын қаржыландыру, мекемелерді заманауи құралдармен жабдықтау назардан тыс қалған емес. Жамбыл облысы бойынша «COVID-19» пандемиясымен күреске 4 885,1 миллион теңге бөлінді. Мұның 218,4 миллионы екі инфекциалық стационарда күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге жұмсалды. Бұдан бөлек, 4 медициналық ұйымға оттегі станциясы, 3 компьютерлік томограф, 4 цифрлы, 2 жылжымалы рентген аппараты, ЭКМО аппараты орнатылып, 250 көпфункионалды және 50 дана реанимациялық төсектер сатып алынды. Бұған қосымша 25 дана портативті 53 дана өкпені жасанды желдету аппараты бар. Жалпы бүгінге дейін облыстық жедел медициналық жәрдем стансасына 65 жедел жәрдем автокөлігі алынды, – деді Бердібек Сапарбаев.

Артынша облыс әкімі аудандық емдеу мекемелерінен келген жауапты дәрігерлерге 8 диагностикалық медициналық кешеннің кілтін табыстады. Осы орайда, облыстық жедел медициналық жәрдем стансасы 18 жедел жәрдем көлігімен толыққанын айта кеткен жөн. Сондай-ақ көліктердің барлығы да алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған құралдармен жабдықталған. Шара соңында Бердібек Машбекұлы пандемия кезінде індетпен күресте көзге түскен бірқатар дәрігерді Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен тағайындалған «Халық алғысы» медалімен марапаттады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.