Қалалық қоғамдық-саяси газет

Оралда жол апатына түскен әйел кез келген жерде талып түсіп, отбасын танымай қалады

0 140

Оралда жол-көлік апатына түскен әйел кез-келген уақытта есін жоғалтып, құлап қалады. Оянғанда қызы мен күйеуін танымай қалатын сәттері де жоқ емес. Көмекке мұқтаж отбасының хикаясын «Мой город» порталы жариялады, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Райгүл Мырзакова мен оның қызы Ақтілек осыдан бірнеше жыл бұрын көлік апатына түскен. Апаттан кейін Райгүлдің өт қабын алып тастаған. Қазіргі уақытта оның қан қысымы көтеріліп, басы ауырады. Кейде тіпті, есінен танып құлайды.

«Күтпеген сәттерде құлап қаламын. Әсіресе, ас әзірлеп тұрғанда есімді жоғалтып аламын ба деп қорқамын. Өйткені қауіпті, газды қосып құлауым мүмкін, ал үйде бала бар. Далаға жалғыз шығуға қорқамын, құлаймын. Сан мәрте ауруханада оянғанмын. Жақында 45 жасқа толдым, куәлігімді ауыстыруым керек, бірақ ХҚКО-ға бара алмаймын. Кеңістікте өзімді нашар сезінемін, көзім де нашарлаған», – дейді Райгүл.

Жол апатынан кейін 11 жасар Ақтілектің де денсаулығында ақау туындаған. Қыздың қасында отырған жолаушы оның көз алдында көз жұмған. Бала қатты стресс алған.

«Содан бастап қызым көліктен, автобусқа отырудан қорқады. Қорыққаннан сілейіп қатып, қарсы бағытқа қарай жүгіреді. Ашуланса шіміркеніп, қызарып кетеді. Мен оны сабырға шақыра бастаймын. №5 орта мектебінде, арнайы топта оқиды, мүгедектігі жоқ», – дейді анасы.

Райгүлдің күйеуі Сағындық Рысқалиев базарда жұмыс істейді, күніне 5 мың теңге табады. Бұл ақшаға отбасы азық-түлік алады, пәтерақысы мен несие төлейді. Олар жалға алып отырған времянканың төбесі аласа, едені суық. Жаңбыр жауса, төбеден су ағады, үйде тарақандар құжынап жүр.

Отбасы пәтерді жалға алу мен ұстау ақысына айына 35 мың теңге жұмсайды. Баспанаға кезекте жоқ, себебі тіркеуге тұрмаған. Қандай көмек ала алатынын білу үшін мемлекеттік мекемелерге бара алмай отыр.

Сағындық Рысқалиев жұбайы мен қызының денсаулығы үшін алаңдайды, алайда еш көмектесе алмайды. Өйткені үйде қалсам, тамақсыз қаламыз, дейді.

«Дүкенге шығып, ақшасыз, телефонсыз, азық-түліксіз қайтып келеді. Бір жерде құлап, заттарын жоғалтады (немесе біреу алып кетеді). Ауруханаға түседі, біз сол жақтан алып кетеміз. Сондықтан жалғыз өзін бір жаққа жіберуге қорқамын, бірақ үнемі жанында бола алмаймын», – дейді Сағындық Рысқалиев.

Райгүл мүгедектік бойынша құжаттар рәсімдемеген, ешкімнен көмек те сұрамаған. Себеп баяғыдай. Қажетті жерге жете алмай, есінен танып құлайды.Тұрғылықты мекен-жайы бойынша №4 емханаға қарайтыны анықталды. Онда гипертоник ретінде есепте тұр. Дәрігерлер Райгүлдің сақтандыруы болмағандықтан, 2020 жылы толық тексерістен өте алмағанын айтады.

«Қараша айында сақтандырылды. Үнемі қан қысымына шағымданады, тиісті препараттардың барлығы берілді. Басын МРТ-ға, бауырын КТ-ға түсірді. Соңғы рет өткен жылы келіп, скринингтен өткен, биыл әлі жүгінген жоқ. Невропатологтан кеңес алуға кеңес беріліп, оны бірнеше рет қабылдауына жаздық, бірақ ол кісі келмеді. Оның қайта жазылуын қадағалаймын. Үйіне барып тексереміз. Қызға дискинезия диангозы қойылған. Ол барлық анализдерді тапсырды, көрсеткіштері қалыпты. Бала есепте тұрған жоқ, бірақ толық тексерістен өтеді», – деді №4 емхана директорының орынбасары Светлана Аишева.

Ал қалалық әкімдіктегілер Райгүл Мурзакованың үйіне әлеуметтік қызметкерді жіберетіндерін айтты. Акт құрылып, сол бойынша әйел мен қызға қандай көмек көрсетілетіні анықталмақ.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.