Қалалық қоғамдық-саяси газет

Оралда көлік тізгіндеген әйел жігітті қағып өлтірген: Марқұмның туыстары тергеудің әділ өтуін сұрады

0 877

Оралда жол апатынан қаза тапқан жігіттің туыстары кінәлінің жазадан құтылып кетуі мүмкін екенін айтады. Қайғылы оқиға бірнеше апта бұрын болған. «Mercedes-Benz» көлігін тізгіндеген әйел Қайрат Айсариевті қағып өлтірген. Куәгерлердің айтуынша көлік жүргізушісі мас болған, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап.

Марқұмның әпкесінің айтуынша апат болар түні Қайрат достарымен түнгі клубта кездескен. Ер адамдар далада әңгіме айтып тұрғанда жанындағы көлік бірден жүріп кеткен. Барлығы кері шегінген, ал інісінің үлгермей қалғанын айтады. Көлікті тізгіндеген әйел полиция мен жедел жәрдемге хабарласпай, Қайратты ауруханаға өзі алып барған.

«Бұл дұрыс болмаған. Себебі інімді көлік астынан алып шыққан, бәлкім сол кезде бір жерін зақымдаған шығар. Дәрігерлердің сөзінше ол көп қан жоғалтқан. Ал рөлде болған қыз Қайратты баспалдақтан құлады деп айтты», – дейді марқұмның әпкесі Малика Мартынюк.

Әйел оқиға орнында бейне бақылау камерасының бар екенін айтқанда ғана өз кінәсін мойындаған. Көлік жүргізушісін екі баласының болуына байланысты қамауға алмаған. Енді ол бес жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

«Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы, 3-бөліміне сәйкес тергеу жұмыстары басталды. Қазір көлік айып тұрағына қойылды. 26 қазан күні барлық сараптамалар тағайындалып, нәтижесінде қажетті шара қолданылады», – деп мәлімдеді БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметкері Дариға Мажитова.

Марқұм Қайрат Айсариветің анасын да осыдан 20 жыл бұрын мас жүргізуші қағып өлтірген екен. Қазір жігіттің отбасы полиция департаментіне хат жазып, тергеу жұмыстарының әділ өтуін сұраған.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.