Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ойнап жүріп от басқандар

Колледж студенттері арасында қылмыс көбейді

0 406

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Тараз қаласының активімен өткен жиында шаһарда қылмыстың өршіп тұрғанын сынға алған болатын. Расында, ресми мәлімет бойынша, осы жылдың 8 айында облыста қарақшылық – 16,7, ұрлық – 4,4, мал ұрлау 21,7 пайызға өскен. Сондай-ақ тонау – 30,5, алаяқтық – 1,1, интернет-алаяқтық – 45,2, ұрлық – 8,1 және бұзақылық 12,6 пайызға көбейген. Ал, ең сорақысы, сол қылмыс жасағандардың 22-сі колледж студенттері екен.

Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылардың көпшілігі бұрын полиция есебінде тұрмаған, тұрмысы нашар, аз қамтылған отбасыларда тәрбиеленетін балалардың жасаған қателігінен екендігі анықталған. Жасөспірімдердің мұндай өрескел әрекетінің себебі көбінесе заңды білмеуінен және психикалық тығырыққа тірелгендігінің салдарынан туындаған көрінеді.
Нарық қыспаққа алған заманда заңды белінен басып, қылмысқа барып, әлдекімді тонап, ұрлық жасай қалғандар жалақысы аз болғандықтан және тұрмыстық таршылықтан барғанын алға тартады. Расында, осындай келеңсіздіктің барлығы қылмыстың көбеюіне ықпал етеді. Жалпы адам баласының бұзақылыққа, қылмысқа көп баруына ұялы телефонның бүгінгі қоғамда кең қолданысқа ие болуы да түрткі. Әсіресе балалар қатарының алды болуға талпынып, өзгелерге еліктеп, қымбат бұйымға деген құштарлықтың салдарынан қылмысқа барады. Осы тұста тіпті күш қолдану арқылы бір-бірінің затын тартып алатындар көбейді.
– Ата-анам ішетін. Оларға балаларының бар-жоғынан гөрі ішімдік қажеттірек еді. Мен 14 жасымда өзгелердің тұрмысынан біздің күнкөрісіміз нашар екенін сезіне бастадым. Сыныптағы ұл-қыздардың киім киісі мен қолындағы ұялысына қызығып жүретінмін. Бірде көшеде жалғыз келе жатқан қыз баланы көзім шалды. Оның жасы менен кіші бола тұра ұялы телефоны бар екені мені қатты қызықтырды. Ол уақытта мен аяғымдағы табаны тесілген етікпен мектепке барып, жаурап, өмірге ызаланып жүр едім. Қызды ұрып, қараңғы бұрышқа апарып, ұялы телефонымен қоса киімдерін де тартып алып, қашып кеттім. Кейін бұл маған әдетке айналды. Қолыма таяқ, темір ұстап алып, қараңғы түскенде қыздарды қорқытып, заттарын тартып алып жүрдім. Кейін ісім әшкереленіп, мені арнайы мектепке алып кетті, – дейді Л. есімді жеткіншек.
Бүгінде жаңа оқу жылының басталуына орай барлық көңіл көтеретін ойын-сауық орындары мен жастар көп жиналатын жерлер құқық қорғау органдарының жіті назарында. Күнделікті рейдтік іс-шаралар өтіп тұрады. Ағымдағы жылдың қыркүйегінде полицейлер облыс колледждерінің директорларымен және өзге де мүдделі органдардың қатысуымен кездесу өткізіп, тәртіпке бағынғанның құл болмайтынын ескеріп, жасөспірімдерді өзгенің ала жібін аттамауға бағыттап, қылмыстың алдын алуға бет бұрды.
Осы орайда Тараз сервис және технология колледжінің педагог-психологы Гүлназ Телгазиевамен тілдескен едік.
– Жасөспірімдердің қылмыстық іске баратын себебі – ата-ананың балаға көңіл аз бөлгендігінен. Сондықтан балалар үйінен алмаған мейірімді сыртқа шығып, көшеден іздеу арқылы қылмысқа барып жатады. Осы тұста «Неге педагог, психологтар бала тәрбиесімен дұрыс айналыспайды?» деген кінә да бізге тағылады. Бірақ баланың ең көп уақыты отбасында өтетіндіктен, жауапкершілік те ата-анаға көбірек жүктеледі. Айта кететін болсақ, әсіресе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалармен жұмыс жасау өте қиын. Біздің колледжде де бірнеше мінезі ауыр бала бар. Біз маман ретінде олардың тұрмыстық жағдайын зерттеп-зерделеу мақсатында үйіне барып, туыстарымен тілдесіп, бала мен әке-шешесінің қарым-қатынасын жақсартуға, нығайтуға тырысамыз, – дейді педагог-психолог.
Қылмыстық көрсеткіштер өңірде барлық бағыт бойынша нашар дей алмаймыз. Соңғы 8 айдың қорытындысында облыс бойынша криминогендік жағдай тұрақты және бақыланатын, ауырлығы орташа қылмыстарды тіркеу 1,7 пайызға төмендесе, тәртіп сақшыларының атсалысуымен басқа да аса ауыр қылмыстарды ашу 9,7 пайызға жақсарған. Ал бөтеннің мүлкін ұрлау үлесі – 4,4, орташа ауырлықтағы ұрлықты тіркеу 12,4 пайызға төмендеген. Ал ұрлықтың негізгі бөлігін пәтер және ұялы телефон ұрлығы құрайды екен. Мұндай қылмыстардың алдын алу мақсатында тұрғындар арасында үйлерді, пәтерлерді техникалық нығайту, бақылау камералары мен автономды сигнал беру жүйелерін орнату немесе жеке күзет фирмаларын орталықтандырылған бақылау пультіне қосу бойынша белсенді түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Жол-көлік оқиғаларына тоқталар болсақ, 707-ден 1029-ға дейін ұлғайыпты. Осыған байланысты «Қауіпсіз жол», «Балалардың назарына», «Автобус» жедел алдын алу іс-шараларын ұйымдастыру қолға алынған. Осындай жұмыс нәтижелері бойынша 207 мыңнан астам жол қозғалысы ережелерін бұзған. Оның ішінде мас күйінде 565 жүргізуші ұсталса, жылдамдық режимін асырғаны үшін 127 мыңнан астамы анықталды. Әкімшілік тәртіпте 547 жүргізуші қамауға алынған. Жалған нөмірі бар 36 автокөлік мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылған.
– Мен жуырда қызыл түсі жанған бағдаршамға қарамай жүгіріп шыққан оқушы баланы қағып кете жаздадым. Бірнеше жылдық жолда жүрген тәжірибемнің арқасында баланы қақпай, рульді дұрыс бұрып, қайғылы оқиғаның алдын алып үлгердім. Осы орайда қалада бастауыш сыныпқа барып жүрген оқушыларды мектепке ата-анасы апарғаны дұрыс болар еді деп ойлаймын. Бала төніп тұрған қауіпті ескермейді, олар сақтықтың не екенін толық ұғынбайды. Сондықтан ойыны қанбаған бала ойнап жүріп от басып қалуы мүмкін. Сол үшін ата-аналарға балаларды жалғыз жібермеуіне кеңес беремін, – дейді қала тұрғыны Нұржан Тілепбай.
Апатты төмендету мақсатында ағымдағы жылдың шілде айынан бастап республикалық маңызы бар тас жолда 12 «Автоураган» орнатылса, жылдамдықты автоматты тіркеумен 5 «Автосканер» мобильдік кешені және 10 «Лассан» мобильдік кешені айналысуда.
Бұдан бөлек, облыстық әкімдіктің бастамасымен мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында «Көркем-Телеком» ЖШС-мен бірлесіп, Тараз қаласының аумағында 1 мың 250 бейнебақылау камерасы және 48 «Сергек» АӨК енгізілген. Бұл шаралар облыстың автожолдарындағы апатты айтарлықтай төмендетуге және жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қандай жағдай болмасын, тәртіпке бағынған құл болмайтынын ұмытпаған жөн.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.