Достық үйі ғимаратында Жамбыл облыстық Өзбек этномәдени бірлестігінің өкілдерімен кездесуі өтті.
Жиынға Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілхан, бірлестік төрағасы Набижон Салахотдинов бастаған қауым, төраға орынбасарлары Ғанижан Каримов пен Толқын Курбанов, мәдениет және спорт жөніндегі кеңесші Нурали Абдуллаев, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Гиясхан Хасанов қатысты.
Сонымен қатар, Шымкент қаласынан арнайы келген Қазақстан Республикасы өзбектері этномәдени бірлестіктері «Дўстлик» қауымдастығының мүшелері — Орифжон Холназаров, Шухрат Рузметов, Октамбек Ибрагимов, Аббос Шамирзаев және Саид Турсунметов жиынға қатысып, ысырапшылдық, дін, салт-сана мәселелеріне қатысты баяндамаларын жасады.
Іс-шара барысында жергілікті бірлестік өкілдері әлеуметтік салаға қатысты өзекті мәселелерді көтеріп, бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Ашық әрі конструктивті форматта өткен кездесулер өзара түсіністік пен қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған диалог алаңына айналды.
Сонымен қатар, Шымкенттен келген қонақтар мен Жамбыл облыстық өзбек этномәдени бірлестігі өкілдері арасында тәжірибе алмасу ұйымдастырылып, ұйым жұмысының негізгі бағыттары кеңінен талқыланды.
Кездесу барысында конституциялық реформаның басты бағыттары, оның қоғамдық-саяси жаңғыру үдерісіндегі рөлі мен стратегиялық маңызы кеңінен сөз болды. Қатысушылар ел дамуының басым міндеттері жөнінде пікір алмасып, реформаларды іске асырудан күтілетін нәтижелерге тоқталды.
Іс-шара қорытындысында Асқарбек Сейілхан кездесудің мазмұнды әрі нәтижелі өткенін атап өтіп, оның табысты ұйымдастырылуына үлес қосқан қонақтар мен өңірлік өзбек этносы өкілдеріне жергілікті ассамблея атынан алғысын білдірді.