Қалалық қоғамдық-саяси газет

Облыс әкімі дала және орман өрттерінің алдын алу бойынша нақты міндеттер жүктеді

0 214

Жамбыл облысында өткен жылы 2021 жылмен салыстырғанда жану оқиғасының саны 8 пайызға, орман өртінің аумағы 36 пайызға азайған.

Бұл туралы облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте айтылды. Басқосуда облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ермек Момбаев баяндама жасап, өрт тұрғысынан қауіпті кезеңге дайындық мәселелері бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– Облыс аумағының ғарыштық мониторинг жүргізуге ағымдағы жылы облыс бюджетінен 8 миллион 830 мың теңге бөлінді. Осы жылдың 1 мамырынан бастап орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлері күніне 3 рет облыстың мемлекеттік орман қоры аумағында «Қазавиаорманқорғау» РМҚК авиатехникасымен ұшу арқылы әуеден күзету жүргізуде.

«Қазавиақұтқару» АҚ авиатехникасымен облыс аумағындағы өрт қауіпті учаскелерді аралап шығу және олардың өртке қарсы жағдайына мониторинг жүргізу үшін облыс әкімдігімен ағымдағы жылы 47 миллион  478 мың теңге (48 ұшу сағаты) бөлінді, ал орман қорының аумағын өрттен қорғау жұмыстарын жүргізуге 88 миллион теңге қаралды,-деді департамент басшысы.

Сондай-ақ, мемлекеттік орман қорының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында облыс әкімдігімен ағымдағы жылы 280 миллион теңге бөлініп, оған 10 дана трактор, 12 дана өртті сөндіруге қажетті техника, 10 мотопомпа алу жоспарлануда.

Жалпы, «Ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі» барлық мекемелерде бірінші үлгідегі 15 орман өрт сөндіру станциясы құрылды. Олар 135 адамдық штатпен, 18 өрт сөндіру автомобильдерімен, 36 тракторлармен, 174 аспалы өрт сөндіргіштермен, 24 мотопомпалар және  246 радиостанциялармен жасақталды.

Өткен жылы өрт сөндіру бекеттерін кезең-кезеңімен құру жоспарына сәйкес 3 шалғай елді мекенде өрт сөндіру бекеттері құрылса, биыл тағы үш елді мекенде өрт бекетін құру көзделуде

Өз кезегінде табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққарев та өз тараптарынан атқарылып жатқан жұмыстарды қысқаша баяндады.

Облыс әкімі бұл бағыттағы жұмыстардың маңыздылығын атап өтіп, материалдық-техникалық базаны нығайтуға жергілікті билік тарапынан тиісті қолдаулар көрсетіліп жатқанын, сала қызметкерлерінің жалақысын көтеру мәселесі де алдағы шілде айынан бастап шешілетіндігін баса айтты.

Сондай-ақ,  аймақ басшысы жауаптыларға шалғай елді мекендерде өрт сөндіру бекеттерін құру, еріктілермен байланысты нығайту, жұмыс істеп тұрған 61 мобилді жасақтардың бүгінде қаншалықты жеткілікті екендігін зерделеуді тапсырды.

Кеңестің күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыстық білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбеков балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру туралы жұмыстарға тоқталды.

Оның айтуынша, облыс бойынша 11 қала сыртындағы сауықтыру лагері бар, оның 4-і мемлекеттік, 2-і сенімгерлікке берілген, 5-і жекеменшік лагерь. Аталған лагерьлерден бөлек  жыл бойына жұмыс істейтін «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру орталығы ашылып, осы орталықта балаларды сауықтырумен әрі демалыспен қамту жоспарлануда.

Биылғы жоспар бойынша оқушылардың жазғы маусымында сауықтырумен және түрлі  демалыс шараларымен оқушыларды 100 пайыз қамту қарастырылуда.

Тараз қаласы мен бірқатар аудан әкімдерінің дайындықтары бойынша жауап алған Нұржан Нұржігітов балалардың жазғы демалысын сапалы әрі қауіпсіз өткізуге барынша назар аудару керектігін ескертіп, жауаптыларға нақты міндеттер жүктеді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.