Қалалық қоғамдық-саяси газет

Облыс бойынша 103 мұғалім жетіспейді

Кадр тапшылығын қалай шеше аламыз?

0 208

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында білім саласына баса назар аударып, бірқатар тапсырмалар жүктеген болатын. Соның бірі – өңірлердегі мұғалім тапшылығын жою.

Бұл жөнінде Президент: «Сапалы білімге қолжетімділікті арттыру сөзсіз басым бағыт болып табылады. Бұл – бүкіл қоғам дамуының аса маңызды факторы. Біз мектептерді қалай материалдық жағынан қамтамасыз етсек те, білім сапасын жақсы мұғалімдерсіз көтеру мүмкін емес. Ұлы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «мұғалім – мектептің жүрегі». Сондықтан мен мұғалімдер тапшылығы бар өңірлерге үздік педагогтарды тартудың арнайы қолдау пакеттері бар арнайы бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын», – деді.
Ізінше Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі бұл тапсырмалардың қалай жүзеге асатынына кеңінен тоқталып өтті. Ведомство басшысының айтуынша, арнайы бағдарлама қазіргі таңда әзірлену үстінде екен. Соған сәйкес, педагогтардың осы салаларда жұмыс істеуіне мүдделі болуы үшін жалақының арттыру коэффициентін белгілеу, тұрғын үй беру немесе тұрғын үйді жалға алу құнын өтеу, коммуналдық қызметтерді төлеу өтемақысы және тағы басқа осы сияқты әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылмақ. Мұндай әлеуметтік пакет арнайы рәсімнен өтіп, белгілі бір өлшемдерге сәйкес келетін және белгілі бір мектептерге жұмысқа ауысатын мұғалімдерге берілмек көрінеді. Облысымызда да бүгінде кадр тапшылығы байқалып отырғаны жасырын емес. Облыстық білім басқармасының дерегінше, қазіргі таңда аймақ бойынша 103 маман қажет екен. Оның 9-ы Қордай, 10-ы Меркі, 18-і Сарысу, 5-і Талас, 61-і Шу ауданына тиесілі.
– Облыс мектептерінің 700-ге жуық түлегі жоғары оқу орындарында педагогика мамандықтары бойынша білім алуда. Олармен мектеп басшылары жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті және өңіріміздің М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті мен білім басқармасы арасында түлектердің жұмысқа орналасуына көмек беру мақсатында меморандум жасалып, бітіруші түлектерді ауыл мектептеріне тарту жұмыстары қолға алынған. Бұдан бөлек, жоғары оқу орындарын бітіруші түлектер үшін бос орындар жәрмеңкесі онлайн режимде тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Жалпы бұл мәселе ұдайы бақылауда, – дейді басқарманың баспасөз қызметі.
Бұл мәселеге қатысты сала мамандарының да өз айтары бар. Мәселен, облыстық мәслихат депутаты, Халықаралық Тараз инновациялық институтының ректоры Ерболат Саурықов мұны түбегейлі шешудің бірнеше жолын ұсынды.
– Білім беру үрдісі, жастарды заманауи әрі қажетті білім бағдарламаларымен қаруландыру – қазіргі таңдағы өзекті мәселе. Елімізді дамытып, болашағын өркендетіп, экономикасын өсіретін – жас мамандар. Әрине, қалалық жерлерде кадр тапшылығы ауылдық өңірлерге қарағанда біршама төмен. Жоғары оқу орнын тәмамдаған түлектеріміздің ауылдық жерге баруы да, тұрақтауы да қиынның қиыны. Осыдан барып аудандар мен ауылдық округтерде кадр тапшылығы мәселесі туындайтыны сөзсіз.
Осыдан бірнеше жыл бұрын «Дипломмен ауылға» бағдарламасы мемлекет тарапынан қолға алынып, жүзеге асты. Дегенмен бірнеше факторларды негізге ала отырып, бұл бағдарламаның тиімсіз тұстары да байқалуда. Атап айтсақ, бағдарлама шеңберінде белгілі бір елді мекенге жолданған жас маман келісілген уақыт мерзімі, яғни 3 жыл өткен соң өзінің туған жеріне қайтып кету жағдайлары өте көп кездеседі. Сондай-ақ бағдарлама бойынша ауылдық елді мекенге келген түлек үшін мемлекет тарапынан берілетін көтермелеу шаралары, яғни баспанамен, қаржылай көмекпен қамтамасыз етіп, олардың дер кезінде және толық мөлшерде берілуінде олқы тұстар бар. Тағы бір айта кетерлігі, жолдамамен барған жас түлектің мамандығы ауылдық елді мекен талабын қанағаттандырмауы мүмкін. Міне, осындай түйіні тарқатылмаған түйткілдер баршылық. Ал енді бұл мәселені қалай шеше аламыз? Біріншіден, аудан немесе ауыл әкімдіктері өздерінің елді мекендерінде орналасқан мектептердің директорларымен, мал және егін шаруашылығымен айналысып отырған кәсіпкерлермен тікелей сөйлесе отырып, ауылдың тыныс-тіршілігін, әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру үшін қажетті негізгі кадр тапшылығын анықтау қажет. Мұндай ақпаратты облыс көлемінде анықтау мүмкіндігі өте төмен, өйткені нақты цифрлардан алшақтық, қайталау кетуі әбден мүмкін. Сол себепті кадр тапшылығының нақты картасы жасалуы қажет. Екіншіден, сол аудан немесе ауылдық округтегі мектеп бітіруші түлектердің жалпы санын анықтаған жөн. Оның ішінде ер немесе қыздар саны, олардың таңдап отырған бейіндік пәндерін нақтылау керек. Бұл тұста да білім ордалары мен әкімдік арасында тығыз жұмыс жүргізілуі тиіс. Үшіншіден, бұған министрліктің емес, жергілікті әкімдіктердің бюджетінен қаржы жұмсалуы керек. Соған сәйкес аудан немесе ауыл әкімдігі, білім беретін жоғары оқу орны және түлектің ата-анасы арасында үшжақты келісімшарт жасалғаны абзал. Өйткені егер жас түлек университетті тәмамдаған соң, оқу төлемақысын төлеп берген аудан немесе ауылға түрлі себептеріне байланысты барып қызмет етуден бас тартса немесе оқуын аяқтамай тастап кеткен жағдайда, ата-анасы сол соманы міндетті түрде ауылдық әкімдіктің бюджетіне қайтаруы шарт. Ал егер жас түлектің білімі мен білігі өңірде құрылған біліктілік комиссиясының талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, білім берген университет 4 жылдық төлемақы сомасын аудан әкімдігі бюджетіне міндетті түрде қайтаруы тиіс. Яғни мамандықты ата-ананың да, оқушының да үлкен жауапкершілікпен таңдауына мұның тигізер септігі зор. Сонымен қатар білім беретін жоғары оқу орындарына да үлкен жауапкершілік жүктеледі. Байқағанымыздай, мемлекеттік грантпен оқыған қаншама студент 2 немесе 3-курстан соң оқуды тастап кеткен жағдайда, олардың осы жылдар аралығында пайдаланған мемлекет қаржысы қайтарылды ма, әлде жоқ па және оларға қандай талап қойылуда деген мәселелерге нақты жауап жоқ. Осы түйткілдерді дұрыс шешкен жағдайда, мемлекеттік бюджеттің есепсіз кеткен қаржысының орнын толтыруға болады. Біз бұл мәселені өткен жылдың соңында Парламент Мәжілісі депутаттарына жолдаған «Қажетті маман – нақты қадам» жобасында түгелдей қамтыдық. Енді осы көтерілген жайт аудан, ауыл әкімдеріне негізгі ұсыныс есебінде жолданып, болашақта жүзеге асатын болса нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Әрі нақты қадам жасай отырып, еліміздегі, оның ішінде ауылдық округтердегі кадр тапшылығы өз шешімін табар еді деген сенімдемін, – дейді Ерболат Байұзақұлы.
ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, сала ардагері Есенкүл Кохаеваның да пікірі осыған саяды. Оның айтуынша, жас мамандарды кадр тапшылығы бар елді мекендерге жолдамамен жіберу жүйесін қалпына келтіру қажет екен.
– Бұрын кеңестік кезеңде жоғары оқу орнын тәмамдаған жас түлектерді ауыл-ауылдарға арнайы жолдамамен аттандыратын. Алысқа бармай-ақ, өзіміздегі педагогикалық институт облыстағы мұғалім тапшылығын жоюға көп үлес қосты. Ендеше, соны неге қайта жолға қоймасқа?! Себебі университеттер жүздеген түлекке дипломын ұстатады да, өз еркіне жібереді. Бірақ олардың барлығы мамандығы бойынша жұмысқа орналаса бермейді ғой. Алайда оны бақылап отырған ешкім жоқ. Университет жоғары білім бергеннен кейін сол арқылы қоғамға пайдаңды тигізуің керек. Бұл жағына да ешкім назар аудармайды. Содан кейін жастар ауылға бармай, қалада қалудың амалын жасап, табылған жұмысты істеп жүре береді. Жалпы кез келген адамның тұрмысы жақсы болса ғана алаңсыз өмір сүре алатыны белгілі. Сол секілді жастар шалғай ауылдарға қиналмай баруы үшін алдымен өңірлердің жағдайын дұрыстау қажет. Ауыл былай тұрсын, қаланың өзінде пәтерден пәтерге көшіп, тұрмыс тапшылығын сезініп жүрген мұғалімдер қаншама?! Сондықтан олардың пәтерақыларын төлеп, көтерме жәрдемақымен қамтамасыз етуді де қаперден шығармаған жөн. Әл-ауқаты артып тұрса, неге ауылға барып жұмыс істемеске?! Қайбір жылы қабылданған «Дипломмен ауылға» бағдарламасы өзінің жемісін де берді. Ауылға барып еңбек етіп, сонда тұрақтап қалғандары да бар. Дегенмен жағдайы болмай, кері қайтқандардың да саны аз емес. Сол себепті бұл мәселені шешудің нақты жолы – елді мекендердің әлеуметтік жағдайын түзеп, әл-ауқатын көтеру деп білемін. Министрліктен бастап ауыл әкімдіктеріне дейін барлығы қоян-қолтық жұмыс істеп, күш салса, бұл – орындалатын шаруа. Біз әдетте шет мемлекеттерді жиі мысалға келтіреміз ғой. 2014 жылы мен Сингапурге жұмыс сапарымен барып қайтқан болатынмын. Сонда байқағаным, ол жақта мұғалімдерді дайындау мен жұмысқа қабылдау тәртібі мүлдем бөлек. Жоғары оқу орындарына тек мектепті үздік аяқтағандар ғана түсе алады. Университетті тәмамдаған соң, арнайы тағылымдамадан өтіп, өз біліктіліктерін дәлелдейді. Сондай-ақ өндірістік іс-тәжірибе алғашқы курстан-ақ басталады. Сонымен қатар ұстаздар біздегідей 4-5 жыл мерзімді күтпей-ақ жыл сайын, ай сайын өз біліктіліктерін арттыруына болады. Меніңше, үздік мұғалімдерді тарту жөніндегі бағдарлама әзірлерде дамыған мемлекеттердің осындай озық үлгілерін де назардан тыс қалдырмаған жөн, – дейді Есенкүл Ноқрабекқызы.
Облыстық ата-аналар комитетінің төрағасы Ринат Нұрақбаев болса, кадр тапшылығымен күресуде жасөспірімдер алдындағы ұстаздың беделін арттырудың да тигізер септігі мол екенін айтады.
– Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық – ұлық емес, ұлы қызмет» деп баға берген осы мамандық біз үшін қашанда қадірлі. Әлбетте, мұғалім болу оңай шаруа емес. Алдыңдағы 20-30 бала саған қарап бой түзеп, тәлім алатындықтан, бұл жұмыс зор жауапкершілік пен күш-жігерді талап етеді. Сол үшін мұғалімнің тұлғалық бейнесін көбірек насихаттасақ, балалардың оған деген құрметі мен құштарлығы арта түседі. Бұл да үздік ұстаздарды тартудың бір жолы. Сондай-ақ педагогика саласының өзектілігін, осы мамандықтың жақсы жақтарын көрсететін арнайы кездесулерді жиі ұйымдастырып тұрса артық етпейді. Сонда балалардың бойында дұрыс көзқарас қалыптасып, педагог болғысы келген жастардың қарасы артады. Әсіресе ер жігіттердің осы мамандыққа келуіне көбірек ықпал етуіміз қажет. Әрине, қазір педагогтар қауымының материалдық жағдайын жақсарту мақсатында көптеген жұмыстар атқарылып жатыр ғой. Бұл да өз әсерін тигізбей қоймайды. Осыған қазірден бастап ден қойып, білек сыбана кіріссек, келешекте білікті мұғалімдердің буынын жасақтай аламыз, – дейді Ринат Даниярұлы.
«Ел тірегі – өскелең ұрпақ» десек, сол буынның саналы тәрбие, сапалы біліммен қамтамасыз етілуі үшін ұстаздардың білімді, қатарының толық болуы аса маңызды. Бұл тұрғыда атқарылар жұмыстар ауқымды. Дегенмен Президенттің тапсырмасы жүйелі жүзеге асса, түйткілді мәселенің күрмеуі шешілер деген үміт басым.

Құрбанәлі ШАХАБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.