Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қоғам қауіпсіздігі – басты назарда

0 575

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков пен қала прокуроры Нұржан Боранбаевтың қатысуымен Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті.

Жиында әуелі Тараз қаласы прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау бөлімінің бастығы Мақсат Жетігенов отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу жөнінде қабылданған шараларға тоқталып, біраз кемшіліктерге назар аударды.
Келесі кезекте Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова білім беру мекемелеріндегі оқушылардың мектептен тыс және демалыс кезінде бос уақытын қамтамасыз етуге жоспарланған шаралар жөнінде баяндады.
Бұдан кейін Тараз қаласы полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы Айбек Асабаев шаһар аумағында кәмелетке толмағандармен және оларға қатысты құқық бұзушылықтардың, оның ішінде олардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстардың, өзіне-өзі қол жұмсауды болдырмау мәселелеріне тоқталды.
Сонымен қатар жиын барысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстар да қаралды.
Жиынды қорытындылаған шаһар басшысы бұл мәселеде салғырттық танытуға болмайтынын баса айтты.
– Қоғам қауіпсіздігі қашанда басты назарда болуы қажет. Бұл тұрғыда әлі де атқарылар жұмыс ауқымды. Әсіресе тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесінде түйткілді түйіндер өте көп. Осы орайда, әкімшілік құқық бұзушылық жасаған азаматтарды қоғамдық жұмысқа тарту қажет деп санаймын. Сонымен қатар айықтыру орындарының санын арттырып, тірек пункттерінің инфрақұрылымын жақсарту да маңызды. Тағы бір айта кетерлігі, жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздігін назардан тыс қалдырмағанымыз жөн. Ол үшін жазғы лагерьлердің талапқа сай болуын қадағалауымыз керек. Сондықтан бұл мақсатта әкімдікке қарасты бөлімдердің мамандарынан жұмыс тобын құрып, лагерьлерге бақылау орнату қажет, – деген Бақытжан Әмірбекұлы жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Басқосуда қала прокуроры Нұржан Қанайұлы да қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жергілікті әкімдікпен бірлесе жұмыс жүргізуге дайын екенін жеткізді.

Құрбанәлі ШАХАБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.