Қалалық қоғамдық-саяси газет

Нан бағасы көтерілді

0 232

Өңірде ас атасының бағасы өткен сенбіден бастап 70 теңгеден 75 теңгеге өсті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Бұл туралы ауыл шаруашылығы басқармасы азық-түлік және экспорт бөлімінің басшысы Марс Сейдыбаев БАҚ өкілдеріне берген сұқбатында хабарлады.
– Бұған дейін ақпан айында нан бағасы 65 теңгеден 70 теңгеге көтерілген еді. Оған 2018 жылдың соңында бидай бағасының 45 теңгеден 65 теңгеге, бірінші сұрыпты ұнның 63 теңгеден 94 теңгеге дейін қымбаттауы әсер еткен болатын. Инфляцияны тежеу мақсатында 5 наурыздан бастап тұрақтандыру қорынан 94 теңгеден алынған 4 314 тонна ұнның келісі наубайханаларға 85 теңгеден 17 шілдеге дейін жеткізіліп, бөлке нанның бағасы 70 теңге деңгейінде тұрақталды. Ол үшін тұрақтандыру қорынан 38,8 миллион теңге қаржы жұмсалды. Қазіргі уақытта нан бағасының өсуіне 3-класты астық бидайының бағасы 70-75 теңге, ұн бағасының 96-105 теңге аралығында көтерілуі әсер етіп отыр, — деді Марс Сейдыбаев.
Қазір облыста астық ору науқаны жүріп жатқаны белгілі. Орылған бидайдың көлемі нарықтағы бидай бағасын төмендетуге өз әсерін тигізбейді, бірақ баға тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Ауыл шаруашылық басқармасының мамандарының айтуынша, Тараз қаласы мен облыс орталығына жақын маңдағы аудандарда ас атасының бағасы 5 теңгеге көтерілгенімен, 75 теңгеден аспайды. Облыстағы бір бөлке нанның орташа бағасы республика бойынша ең төменгі 70-75 теңге деңгейінде сақталып отыр. Әлеуметтік дүңгіршектер, коммуналдық базар және «Корзина», «Small», «Нұрислам», «Дәмдес», «Гаухар» секілді ірі сауда орындарында да нан бағасы тұрақты. Ал нанды өзіндік құнынан төмен бағадан тарату науқаны «Ассорти», «Кристалл», «Нұрислам», «Акбар» және тағы басқа сауда орындарында жалғасады екен.
Бөлке нанның бағасын жергілікті биліктің өсіріп отырған себебі ақпан айында тұрақтандыру қоры наубайшылардың бағаны көтеруге қатысты сұранысын орындай алмапты. Сондықтан олар 94 теңгеден алынған қордағы 4300 тоннадан астам ұнды наубайханаларға 85 теңгеден беруге мәжбүр болған. Осы орайда, облыстық қор төмендетілген бағада ұн таратқаны үшін 40 млн теңгеге жуық шығынға ұшыраған. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін нан бағасының өсуі тиімді. Бүгінде шаһарда 8 наубайханадан күніне 104 мың бөлке нан шығарылып отыр. Олардың ай сайынғы ұнға деген сұранысы 1300 тоннадан асады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.