Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мемлекеттік тілді менсінбейтін кімдер?

0 444

Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту үшін тіл сауаттылығына мән бергеніміз жөн. Өкінішке қарай, көптеген жарнамаларда, түрлі ақпараттық жазуларда бірқатар қателіктерге жол беріліп жатады. Мұны көзіміз көріп жүр.

Көрнекі ақпарат пен жарнама тіл саласындағы ең бір өткір мәселеге айналды. Жиі-жиі сынға да ұшырайды. Жарнама беруші сататын затына мән береді де, оның тіліне мән бермейді. Тілді білмей немесе сауаты жетпегендіктен емес, салғырт қарағандықтан түрлі кемшіліктерге жол береді. «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңның 21-бабында: «Мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшалары мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тілдерде де орналастырылады», – деп шегелеп көрсеткен болатын. Ал қолданыстағы заңның бақылау, талап ету құзыреті жоққа тән. Сондықтан да қала аумағында естіген құлаққа түрпідей тиетін, грамматикалық, стилистикалық қателері бар жарнамалар мен ақпараттар кездеседі. Орыс тіліндегі мәтіндер қазақ тіліне сөзбе-сөз аударылып, мағынасы бұзылған жарнамалар да аз емес.
Көшелерде, сауда орындарындағы, дүкендерде, қоғамдық тамақтану орындарындағы ас мәзірін жазу сияқты көпшілікке арналған хабарландырулардың қазақ тіліндегі нұсқасы сирек. Осындайда ойымызға «Жауаптылар қайда қарап отыр?» деген заңды сауал туындауы сөзсіз. Ойдағы сұрақтың жауабын білмекке қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаеваға хабарласып көрген едік. Оның айтуынша, заңнамалық қателіктерді жергілікті атқарушы орган қызметкерлері тексеріп, бақылай алмайды екен.
– Бүгінгі жағдайда біз ескерту, түсіндіру жасаудан, әдістемелік көмек көрсетуден әрі аса алмаймыз. «Канцтовары», «хозтовары» «ведется видеонаблюдение», «мы открылись», «закрывайте двери», «требуется продавец» секілді мемлекеттік тілді ескермей, тек орыс тілінде рәсімделген ақпараттар тұрғындардың наразылығын туындатады. Көпшілігінде жарнама берушілер – жеке сектор өкілдері. Ал шағын бизнес субъектілерін тексеру және профилактикалық бақылау жүргізуге 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап үш жылға мораторий енгізілген. Біз кәсіпкерлерге, жарнама агенттіктеріне көрнекі ақпараттар мен жарнамаларға қатысты әдістемелік көмек көрсете отырып, тегін аударма жасаймыз. Әрине, бұл шаралар көрнекі ақпарат саласындағы заң бұзушылықтарды толық жоюға мүмкіндік бермейді. Кәсіпкерлік нысандардың атаулары «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңмен реттелмейді, – дейді Бақыт Тілегенқызы.
Сондай-ақ ол: «Кәсіпкерлер жұмыстарын Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі негізінде жүргізеді. Әрбір заңды тұлға «Электрондық үкімет» веб-порталы және кірістер басқармасына тікелей өтініш жазу арқылы жеке кәсіпкер ретінде тек қана аты-жөнін көрсету арқылы тіркеледі. Тіркелу барысында нысанның атауы көрсетілмейді. Бөлім тарапынан тұрақты түрде деректемелер мен көрнекі ақпараттың сауаттылығын қадағалау, тілін реттеу, жүйелеу, оларды заңнама талаптарына сай орналастыру бойынша құқықтық түсіндіру, әдістемелік көмек көрсету жұмыстары бірнеше бағытта жүргізілуде», – деді.
Бүгінде тілдерді дамыту басқармасымен бірлесіп жарнама мәтіндерін дайындау ісінде әдістемелік көмек көрсету, көрнекі ақпараттардың сапасын арттыру мақсатында «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасымен өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалған екен. Меморандумның тармақтарын жүзеге асыру мақсатында жарнама агенттіктері басшыларының қатысуымен офлайн және онлайн семинарлар өткізіліп, әдістемелік көмекші құрал әзірленіп, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Айталық, былтыр «Көрнекі ақпарат пен сыртқы жарнамаға сауаттылық» атты айлық, жеке кәсіпкерлер және жарнама агенттіктерінің өкілдерімен «Сауатты жарнама – тіл абыройы» атты семинар-кездесу, қоғамдық көліктердің тақтайшаларындағы мәтіндерді біріздендіру және Қазақстан Республикасындағы «Тіл туралы» Заңы талаптарының сақталуын зерделеу мақсатында «Мемлекеттік тіл – қоғамдық көлікте» атты акциясы өткен. Сонымен қатар «Қала келбеті-2022» зерделеу жұмысы, «Көрнекі ақпарат пен сыртқы жарнамаға сауаттылық» атты айлық, «Таза қалаға – таза жарнама» атты акциясы ұйымдастырылған. Акция аясында жалпы зерделенген көрнекілік саны – 2665, оның ішінде анықталған кемшіліктер саны – 12, ескерту берілген көрнекілік саны – 12, нысан иелері тарапынан алынып тасталған қателігі бар көрнекілік саны 2 екен. Сонымен қатар облыстық тілдер басқармасымен бірлесе отырып қаладағы шағын және орта бизнес, жарнама агенттіктерінің өкілдерімен «Көркем тіл – көрікті жарнама» тақырыбында семинар-кеңес өтіп, шаһардағы жекеменшік ғимараттарда, олардың маңдайшаларында шетелше немесе көмескі жазылған, мүлдем түсініксіз атаулардың болуына жол бермеу және жаңа ғимараттарды атау мәселесі, жарнаманы орналастырудағы тіл нормаларының сақталуы туралы айтылған болатын.
Шағын және орта бизнес өкілдеріне, жарнама агенттіктеріне сыртқы көрнекі ақпараттың (жарнама) сауатты жазылуына, орналасуына, тағы басқа да мәселелер бойынша тегін консультациялық көмек көрсету үшін бөлімнен «Call-center» құрылып, жауапты маман бекітілген.
Қазіргі таңда қала көшелеріндегі нысандарда орналасқан жарнамалардың мәтіндеріндегі қателіктердің алдын алу мақсатында жеке кәсіпкерлер жарнаманы орналастыруға рұқсат алуда мәтіндерін мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен келісуде. Жыл басынан бері жүргізілген айлық, зерделеу жұмыстары барысында анықталған кемшіліктер бойынша жұмыстар жүргізіліп, бірқатары түзетілген.
Мемлекеттік тілге деген құрмет қашанда жоғары тұруы керек. Бұл туралы еліміздің Ата Заңында да тайға таңба басқандай анық жазылған. Сондықтан алдағы уақытта мемлекеттік тілге мұрын шүйіре қарайтындардың саны азайып, олқылықтардың орны толар деген сенімдеміз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.