Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мемлекеттің қолдауынан ешкім тыс қалмайды

0 445

Тараз қалалық мәслихатының 2020 жылғы 23 желтоқсандағы №66-8 шешіміне сәйкес, Ұлы Отан соғысының қатысушыларына, жеңілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген азаматтарға, басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне және еңбек ардагерлеріне Қазақстан Республикасының шегінде санаторий-курорттық емделуге жолдама беріледі.

Жасы бойынша зейнеткерлерге санаторий-курорттық емделуге жұмсалған шығындары шипажайдан демалып келген соң, тиісті құжаттарды ұсынғанда (счет-фактура, акт, чек), бір реттік әлеуметтік көмек көрсетіледі.
Өтемақыны төлеу барысында отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынады. Өтемақы ең төменгі күнкөрістің бір еселенген мөлшерінен аспаған жағдайда, нақты шығындарынан кем емес жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төленеді.
2023 жылы І тоқсанда күнкөріс деңгейі – 43 343 теңге, АЕК 3 450 теңге болып бекітілді. Мысалы, отбасында 5 адам, табысы 200 000 теңге болса, демек, жан басына шаққандағы орташа кіріс 40 000 теңгені құрап отыр. Ал отбасындағы зейнеткер өз қаражатына шипажайда ем алған шығыны 145 000 теңгені құрайды. Зейнеткерге 69 000 теңге өтемақы төленеді. Қалған шығын өтелмейді. Сонымен қатар мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және оқитын балалары бар халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына (мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасыларды есепке алмай) ай сайын бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (АЕК 3 450 теңге) ай сайын әлеуметтік көмек көрсетіледі.
Аталған көмек мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекiтетiн аурулар тiзiмiнде аталған кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдарға, жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жасөспірімдерге, қандастарға, экологиялық зiлзалалар, табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айырылған адамдарға, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталғандарға, көпбалалы және толық емес отбасыларға да беріледі.
Аталған әлеуметтік көмекті төлеу барысында кәсіпкерлік қызметтен түскен және де өзін-өзі жұмыспен қамтушының табыстары айлық есептік көрсеткіштің жиырма бес еселенген мөлшерінен төмен еместігі ескеріледі. Бұдан өзге, Ұлы Отан соғысының қатысушыларына, басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталғандар немесе бұрындары «Батыр ана» атағын алғандар, сонымен қатар I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға, бірінші топ мүгедектігі бар, нашар көретін екінші топ мүгедектігі бар адамдарға, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, мүгедектігі бар, мектеп-интернаттарда тәрбиеленетін немесе оқитын мүгедектігі бар, білім беру кезеңінде кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталықтарында жатқан балаларға 1 (бір) айлық есептік көрсеткіш көлемінде қалалық бағыттағы жолаушылар көлiгiнде жол жүруге өтемақы төленеді.
Қоғамның осал топтары мемлекеттің қолдауынан ешқашан тыс қалған емес. Егемендік жылдарында олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында ілкімді істер қолға алынды. Жоғарыда аталған шаралар – соның бір бөлігі. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және
әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мүгедектермен және ардагерлермен жұмыс
жүргізу секторы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.