Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бауырлас елге барлық көмек көрсетілуде

Игі істен жамбылдықтар да шет қалмауда

0 324

Ақпан айының 6-сынан 7-сіне қараған түні Түркияда болған жер сілкінісі күллі жұрттың қабырғасын қайыстырды. Сол күні таңертең және түсте магнитудасы 7,8 және 7,6 екі бірдей күшті жер сілкінісі тіркелген.

Еуропа-Жерорта теңізі сейсмология орталығының мәліметі бойынша, зілзала кіндігі миллионнан аса тұрғыны бар Газиантеп қаласының маңында, 10 шақырым тереңдікте болған. Салдарынан елдің 10 ірі қаласы зардап шеккен. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мұны «Түркия тарихында 1939 жылдан бері болмаған күшті апат» деп атады.
Қазақстан алғашқылардың бірі болып бауырлас елге көмек қолын созды. Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Үкімет жойқын жер сілкінісі салдарынан зардап шеккен Түркия Республикасына шұғыл көмек ретінде 1 миллион доллар бөлді. Сондай-ақ Президент пәрменімен төтенше жағдайлар министрлігінің 41 маманы мінген ұшақ Түркияның Газиантеп қаласына аттанды. Олар қонған бетте-ақ бірден іздестіру-құтқару жұмыстарына кірісті. Бұған қоса, оқиға орнына жеткен қазақстандық мамандар апаттың аса ауқымды болғанын көзбен көрген соң қосымша күш сұратып, нәтижесінде тағы елімізден 60 құтқарушы жіберілді. Олардың ішінде Төтенше жағдайлар министрлігінің білікті мамандары, Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері, кинология қыз- меткерлері бар. Осы жедел әрекет ету күштері Түркияға авариялық-құтқару құралдары мен жабдықтардың 150-ге жуық және дәрі-дәрмектердің 160-тан астам түрін алып барған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де Түркия Республикасының Қазақстандағы елшілігіне барып, бауырлас елдің оңтүстік-шығысында болған алапат зілзала салдарынан мыңдаған адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты. Сондай-ақ Қазақстанның жан-жақты қолдау көрсететінін жеткізді.
Қарапайым отандастарымыз да сырт қалмай, басына іс түскен бауырына жанашыр болатын туыс екенін танытуда. Айталық, Түркияның Қазақстандағы елшілігі ашқан арнайы есепшотқа қаржы аударып жатқандар да, арнайы қаржы жинауды ұйымдастырушы еріктілер де жеткілікті. Тіпті бірер күнде 9-10 миллион теңгеден қаржы жиналған. Олар бұл қаржыға киіз үй немесе шатыр сатып алып, Түркияға жөнелтуді жоспарлап отырған көрінеді. Одан бөлек, ерікті болып аттануды қалайтындардың да аз емес екені байқалады. Ал «Отандастар» қорының қызметкерлері апаттан зардап шеккендерге бір күндік жалақысын да аударған.
Қазақстаннан бөлек, Түркияға Біріккен Ұлттар Ұйымы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, халықаралық «Қызыл ай» қоғамымен қатар, әлемнің 70-ке жуық мемлекеті гуманитарлық көмек пен құтқарушыларын жөнелтуде.
Ресми мәлімет бойынша, Түркияда зілзаладан қаза тапқандардың саны бүгінге дейін 14 мыңнан, жарақат алғандардың саны 62 мыңнан асқан. 2 000-нан аса ғимарат пен тұрғын үй жермен-жексен болған. Өкініштісі, сол елде жүрген 4 бірдей отандасымыздың із-түссіз жоғалғаны белгілі болды. Олардың бірі Сабина Мамедярова үйінділердің астынан аман-есен табылған. Өзге қазақстандықтарды табу мақсатында құтқарушылар мен еріктілерден арнайы топ құрылып, іздеу-құтқару жұмыстарын үздіксіз жалғастыруда. Сонымен қатар апат болған аймақтағы 80 отандасымыз эвакуацияланып, арнайы ұшақпен елімізге жеткізілді.
Жойқын апат тек Түркияны ғана емес, Сирияны да әбігерге салды. Қазірдің өзінде онда жер сілкінісінен ажал құшқандардың саны 3 мыңнан асып кеткен. Мемлекет басшысы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинге Ислам Ынтымақтастық Ұйымы арқылы Сирияға да гуманитарлық көмек жіберуді тапсырды.
Бір сөзбен айтқанда, еліміз бауырлас елдің ауыртпалығын жеңілдету үшін аянып қалмайтынын көрсетуде. «Қайғыны бөліссең азаяды, қуанышты бөліссең көбейеді» деген бабалар даналығы осындайда айтылса керек. Ал қиналғанға қол ұшын созу – адамгершіліктің белгісі. Біз де өз тарапымыздан түрік халқының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз. Түбі бір түркінің түтіні әрдайым түзу ұшсын!

Құрбанәлі Шахабай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.