Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мемлекетті қолдау – әр азаматтың міндеті

0 1  016

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел газеті «Егемен Қазақстанда» жарияланған «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» атты кең көлемді сұхбатында қоғамды толғандырған өзекті де өткір сауалдарға нақты жауап бергені қуантты.

Сұхбат барысында Президент «Еліміздің алдында қандай міндеттер тұр?», «Қайтадан кері кетпейтінімізге қандай кепілдік бар?», «Қаңтар оқиғасын қалай сипаттар едіңіз?», «Қазақстанда әлі күнге дейін саяси тұтқындар бар ма?», «Тұңғыш Президенттің мемуарынан қандай әсер алдыңыз?», «2024 жылдың наурызында Ресейде өтетін президент сайлауы жаһандағы және аймақтағы ахуалға қалай әсер етеді?» деген сұрақтарға жауап берді.
Әуелі Мемлекет басшысы өткен жылы атқарылған ауқымды жұмыстарға тоқталып, биыл қолға алынуы тиіс ілкімді істерге назар аударды. Айталық, ұлу жылы ұлы тұлғаларымыз ұлықталатын жыл болмақ. Бұл жөнінде Президент: «Ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету дәстүрі еліміздің жалпыұлттық бірегейлігін нығайта түсуге зор септігін тигізеді. Биыл әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125, даңқты батырлар Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толады. Сонымен қатар тарихшылардың пайымдауынша, Жошы ұлысының іргесі қаланғанына – 800 жыл. Мемлекеттілігіміздің тамыры тым тереңде жатқанын әйгілейтін осы айтулы датаға орай кең ауқымды зерттеулер қолға алынады. Биыл Қазақстан тарихының көптомдығын әзірлеу жұмыстарын да аяқтаймыз. Бұл – өзімізден 200-ден астам, шетелден 60-қа жуық маман жұмылдырылып, тыңғылықты жасалып жатқан үлкен шаруа», – деп, осындай маңызды оқиғалардан бөлек, күнделікті атқарылуға тиіс жұмыстар да аз емесін, сондай-ақ бұл жылдың ел тарихында қандай орын алатыны барша азаматымыздың ерік-жігеріне де байланысты екенін баса айтты.
Сонымен қатар сәті түскен сұхбатта Президент Қазақстан сыртқы саясатта еліміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтау, Қазақстан азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау, ұлттық экономиканың дамуына барынша қолайлы жағдай жасау бағытында жұмыстар жалғаса беретіндігі туралы тоқталды. Сондай-ақ ағымдағы жылы мемлекетіміз үшін аса маңызды халықаралық шаралар өтеді. Айталық, Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Түркі мемлекеттері ұйымына, Аралды құтқару халықаралық қорына, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына төрағалық етпек. Жыл барысында Астанада осы халықаралық ұйымдардың жиыны өтеді. Оның ішінде Орталық Азия мемлекеттері басшыларының басқосуы мен Астана халықаралық форумын өткізу жоспарланған.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы өзінің 2024 жылдан не күтетінін және еліміздің алдында қандай міндеттер тұрғандығын атап өтті. «Мен өткен қыркүйектегі Жолдауымда жаңа экономикалық үлгіге көшетінімізді айттым, 2029 жылға қарай жалпы ішкі өнімді қазіргіден екі есеге арттыру мәселесін басты стратегиялық мақсат ретінде белгіледім. Көп ұзамай Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді. Онда еліміздің былтырғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы шығарылып, алдағы жұмыстың амал-тәсілдері айқындалады. Ұлттық құрылтайдың отырыстары идеология саласындағы мәселелерді, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру ісін, қоғамның құндылықтар жүйесін жаңғырту жайын талқылайтын тиімді пікірталас орнына айналды. Бұған дейін жаздыгүні шақырылып келе жатқан Құрылтайдың отырысын биыл сәл ертерек, көктемде өткізетін шығармыз.Осылайша, биыл экономикалық, қоғамдық-саяси және гуманитарлық салаларда атқарылатын жұмыстың негізгі бағыт-бағдары бірінші тоқсанда-ақ айқындалады», – деді Президент.
Сонымен қатар аталған сұхбатта халықтың қарызға батуы назардан тыс қалмады. Осыған қатысты Мемлекет басшысы: «Сол үшін нақты шаралар қолға алынып жатыр. Мысалы, соңғы жылдары банктер мен микрокредит ұйымдарына қойылатын тұтыну несиесі капиталының көлеміне қатысты талаптар бес есе күшейтілді. Төлеу мерзімі өтіп кеткен берешегі бар адамдарға несие беруге тыйым салынды. Сондай-ақ қарызын уақытылы өтей алмаған борышкерге 90 күннен әрі айыппұл салуға болмайды. Коллектор агенттіктеріне тұрақты тексеру жүргізіледі. Борышкерлер құқығын қорғау үшін несие беру туралы заңнамаға енгізілетін түзетулер әзірленді. Бұл өзгерістер банктерге, микрокредит ұйымдарына және коллектор агенттіктеріне талапты одан да күшейте түседі. Несиелерді коллектор компанияларына сатуды шектеу ұсынылады. Коллектор компаниялары қарызды өзіне алған соң мәселені реттеп көруге міндетті болады. Банк омбудсменінің өкілеттігі де кеңейтіледі. Қазір бұл құжатты Мәжіліс депутаттары қарап жатыр. Мен бұл бастаманы қолдауға дайын-мын», – деді.
Жалпы біз көршісін сыйлаған елміз, сондықтан да халқымызда «Көршіні ешкім таңдамайды, Кұдай қосады» деген сөз бар. Жас мемлекеттің іргесінің берік, еліміздің тұрақты даму жолына түсу үшін көрші елдермен татау болғанымыз жөн. Бұл туралы Қасым-Жомарт Кемелұлы әңгіме барысында Қытай жайында һәм Ресей төңірегінде: «Қазақстан тиімді әрі салиқалы сыртқы саясат жүргізу арқылы өзінің ұлттық мүддесін қорғап, стратегиялық міндеттерін орындап келеді. Біздің өзгермейтін мақсат-мұратымыз бар. Бұл – еліміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтау, Қазақстан азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау, экономикамыздың орнықты дамуына барынша қолайлы жағдай жасау. Мен он жыл Сыртқы істер министрі болғанда осы басымдықтарды айқындауға тікелей атсалыстым. Қазіргідей аумалы-төкпелі геосаяси жағдайда бізге шетелдік серіктестеріміздің бәрімен, әсіресе көршілерімізбен өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту маңыз- ды», – деп өз түйіндеуін жасады.
Халқымыз – той-тамашаға, өнерге жақын халық. Дегенмен бүгінде бұл дәстүр өз деңгейінен асып бара жатыр. Мемлекет басшысы сұхбатында аймақтарға сапармен барғанда әкімдерге өзін ұшақтан гүлмен қарсы алуға, аста-төк дастарқан жаюға, думандатып концерт, шоу өткізуге тыйым салғаны туралы да тоқталды. «Президент ретінде алғаш рет ел аралауға шыққанымда, әкімдер салтанатты шаралар ұйымдастыруға, көл-көсір дастарқан жаюға, билбордтар орнатуға тырысты. Қазір мұның бәрі тыйылды. Мен облыстарға жұмыс бабымен ғана барамын. Уақыт өте келе жергілікті жерлерде де осындай жұмыс дағдысы қалыптасатынына сенімдімін. Халықты жинап, қыруар қаржы шығындап, салтанатты шаралар ұйымдастыру біржола тоқтатылады», – деді.
Сондай-ақ сұхбатта Президент елдік мұраттарды әрдайым биік қоятынын айтып, салиқалы пікірін білдірді. «Менің ойымша, соңғы оқиғалар мен үшін мемлекеттің мүдделері бәрінен жоғары екенін көрсетті. Және «Платон – менің досым, алайда ақиқат қымбатырақ» сөзін де көпшілікті қолдау үшін айтпадым немесе бұл жай ғана сөйлеу мәнері емес. Жоқ. Шын мәнінде, мемлекеттің мүдделері, әсіресе Президентке, Мемлекет басшысына қатысты болса, сөзсіз, бәрінен жоғары тұруы керек деп есептеймін. Менің ойымша, бұл жақсы сигнал, оның ішінде мен шынымен жақсы қарым-қатынаста болған адамдарға да. Бірақ мемлекет мүддесі туралы сөз қозғалса, мен осы қарым-қатынастардан аттап өтуім керек», – деді Мемлекет басшысы.
ҚР азаматы ретінде мен үшін Президент көтерген аса маңызды мәселе – саяси және экономикалық жүйенің тиімділігін арттыру мәселесі болды. Бүгінгі таңда Президент қабылдаған өзгерістер халыққа өте қажет! Айтылған өзгерістер арқылы оң нәтижеге қол жеткізу үшін біз Президентімізді қолдауымыз керек және оларды жүзеге асыруға аянбай өз үлесімізді қосуымыз керек. Президенттің дұрыс шешімдерінің, оның дипломатиясының және көрші мемлекеттердің қолдауының арқасында біз еліміздегі бейбітшілік пен тыныштықты сақтай алдық.
Бұдан бөлек, сұхбатта Қаңтар оқиғасы, сыртқы саясаттағы бағыт-бағдарымыз, экономикалық даму, саяси реформалар сынды өзекті мәселелер көрініс тапты. Бір сөзбен айтқанда, бұл сұхбат көптің көкейіндегі көп сауалға жауап берген мазмұнды әңгіме болды.

Махкам ОРИФОВ,
тәжік этномәдени бірлестігінің төрағасы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.