Городская общественно-политическая газета

Мас күйінде көлік жүргізетіндер азаймай тұр

0 120

Жыл сайын қала көшелерінде, жалпы өңірде көліктер көбейіп барады. Олар біздің тұрмысымызды әлдеқайда жеңілдеткенімен, кейбір жағдайларда адам өмірі мен денсаулығы үшін қауіп төңдіреді.

Жыл басынан бері өңірде жолаушылар көлігінің қатысуымен 21 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 52 адам жарақат алса, өкіншке орай 10 адам қаза тапқан болатын. Жалпы Жамбылда ағымдағы жылда автобус жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін бұзған 200-ден астам дерегі анықталыпты.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жолаушыларды тасымалдауды жүзеге асыратын жүргізушілер арасында көлік тәртібін арттыру мақсатында ағымдағы жылдың 5-11 желтоқсаны аралығында Жамбыл облысының аумағында «Автобус» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде.
Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері іс-шараның алғашқы күнінде қоғамдық көлік жүргізушілерімен орын алған жол қозғалысы ережелерін бұзудың 200-ден астам дерегін анықтады. Айып тұрағына 14 автокөлік қойылды.
Сондай-ақ, басып озу және маневр жасау ережелерін бұзғаны үшін — 54, жылдамдықты асырғаны үшін — 8, сақтандыру полисінсіз басқарғаны үшін – 10 қоғамдық көлік жүргізушісі жауапқа тартылды және көлік құралын басқару кезінде жүргізушілердің телефонды пайдалануының 20-дан астам дерегі анықталды. Рейдтік іс-шаралар барысында полиция қызметкерлерімен жолаушылар тасымалын ұйымдастыратын автокөлік кәсіпорындары мен жеке кәсіпкерлерге, олардың азаматтарды тасымалдауда қауіпсіздік талаптарын сақтауына тексеру жүргізіледі. Автобустардың техникалық жағдайына және жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін сақтауына ерекше назар аударылады.
Бүгінгі таңда ішімдік ішіп алып, заң бұзатындарға, оның ішінде көлік айдайтындарға қатаң жаза қарастырылған. Өткен жылы еліміз бойынша жол сақшылары мас күйінде көлік жүргізген жиырма алты мыңнан астам жүргізушіні ұстапты. Бұл ресми дерек. Ал ұсталмай сытылып кеткен, я бармақ басты көз қыстымен құтылып кеткен адамдар қаншама.
Полиция қызметкерлері арақ ішіп алып, темір тұлпар тізгіндейтіндермен күресті тоқтатқан емес. Айталық, Талас аудандық полиция қызметкерлерімен Аса-Ақкөл-Ойық-Ұланбел тас жолының бойында жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін «Ауди Б4» маркалы автокөлігі тоқтатады.Жүргізушімен әңгімелесу барысында оның мас күйде екені байқалды. Сараптама қорытындысы жүргізушінің «жеңіл» дәрежедегі ішімдік ішкендігін растады.Сонымен қатар құжаттарды тексеру кезінде әкімшілік соттың 2021 жылғы 25 қазандағы шешімімен жүргізуші 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны анықталды. Ал, жүргізуші өз кінәсін толық мойындады.
Сала қызыметкерлері қаншалықты қадағалап жатқанымен, жүргізушілер мас болып жолға шығуын тоқтатпай тұр. Айталық қараша айының соңында облыс аумағында «Құқықтық тәртіп» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Талас аудандық полиция бөлімінің патрульдік полиция инспекторлары Ақкөл ауылының көшелерінің бірін патрульдеу кезінде жол-ережесін бұзған ГАЗ-37705 маркалы автокөлігін тоқтатқан.
Медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес жүргізушінiң «орта» дәрежедегі мас күйінде болғаны расталды. Жүргізуші ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігімен жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйде басқаруы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сот шешімімен 15 тәулікке қамаққа алынды және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Сондай-ақ, жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде Талас аудандық полиция қызметкерлерімен 210 әкімшілік құқық бұзушылық анықтаған болатын. Дәл осындай жағдай Жамбыл ауданы Аса ауылында да орын алған болатын. Учаскелік полиция инспекторларымен әкімшілік аумақты патрульдеу барысында жол ережесін бұзған «Лада-2114» маркалы автокөлігін тоқтатқан. Нәтижесінде 45-жастағы ауыл тұрғынының құжаттарын тексеру барысында, оның 2021 жылдың мамыр айында масаң күйде көлік басқарғаны үшін көлік басқару құқығынан 2028 жылға дейін айырылғандығы анықталды.
Автокөлік жүргізушісі арнайы сараптамадан өтіп, дәрігерлермен оның алкогольдік өнімді «орташа» деңгейде пайдаланғандығы расталды. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 346-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Автокөлік арнайы айыптұраққа қойылды, жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.
Дәл осындай заң бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық көліктің қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларының санын азайту және жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылы жылғы 5-11 желтоқсан аралығында Жамбыл облысының аумағында «Автобус» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізізілген болатын. Шараның бірінші күні 6 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Әкімшілік полиция қызметкерлері автобустардың жолға шықпас бұрынғы техникалық жай-күйін, олардың жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі белгіленген талаптарына сәйкестігін, жүргізушілерде тіркеу құжаттарының болуын, нормативтер мен стандарттар талаптарын бұза отырып автобустарды пайдалану, көлік құралдарын заңсыз қайта жабдықтау деректерін анықтап тексереді.
Рейдтік іс-шараның бірінші күні полиция қызметкерлері қоғамдық көлік жүргізушілері жасаған 203 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады, оның ішінде мемлекеттiк немесе мiндеттi техникалық қарап-тексеруден өтпей маршрутқа шыққан 16 автобус, заңсыз түрде қайта жабдықталған 10 автобус бар.
– Бұдан басқа, техникалық ақауы бар автобустарды желіге шығарғаны үшін 6 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, пайдалануға тыйым салынуына байланысты 14 автобус айып тұрағына қойылды, рұқсат етілмеген 3 тұрақ жабылды, — деді Жамбыл облысының Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Жайдарбек Құттыбаев.
Сонымен қатар, техникалық рег- ламенттердің, ұлттық стандарттардың талаптарына сай келмейтін, сондай-ақ көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынатын ақаулары мен жағдайлар бар жолаушылар тасымалдайтын көлiк құралдарын басқарған 8 жүргізуші Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабы 5-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылды. Мәселен, автобустардың дөңгелектерінің протекторлары әртүрлі суреттермен бедерленген яғни қыс мезгілінде қауіпсіз тасымалдауға сәйкес келмейді. Ал көліктің алдыңғы әйнектерінде жүргізушінің жолды көруіне кедергі келтіретін көлемді жарықшақтар пайда болған және тағы басқалар.
Осыған орай облыстық Полиция департаменті көлік құралын мас күйде басқарғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылатыны туралы ескертеді және азаматтарға жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

Дайындаған Жұматай Көксубайұлы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.