Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мақпал Жүнісова: Елге танымал халық әртісі жалынып тұрып 40 мың доллар алған, кейін алғанын мойындамай қойды

0 56  850

Қазақтың ерке қызы, әнші Мақпал Жүнісова үнемі қайырымдылықпен айналысады. Жолдасы Заманбек Нұрқаділовтің көзі тірісінде-ақ көмек сұраған жанға қол ұшын созған. Алайда кейін өз басыма күн туғанда менен сырт айналғандар болды деп ренжіді.

Бұл туралы әнші “Менің өмірім” бағдарламасында айтты,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

Мақпал Жүнісова елге танымал халық әртісімен ақша үшін ренжісіп қалғанын айтты. Әнші қарыз берем деп өкініп қалды. Кейде адамға жақсылық жасап жаманатты боласың деп кейіді.

“Осы елге танымал халық әртісі бар. Атын атамай-ақ қояйын. Күйеуі де халық әртісі. Әуезов атындағы театрда істеді. Бір күні хабарласып, жолдасының сырқаттанып жатқанын айтты. Егер ақша болмаса, жолдасым өледі деп жылады. Жолдасына шұғыл ота жасау керек екен. Содан 40 мың доллар сұрады. Менде ондай ақша жоқ. Мен Зәкеңе айттым. Ол кісінің жиған 45 мың доллар ақшасы бар еді. Апарып бер деді. Мен қолхат жазып алайық па?” деп едім, “Сенің оның не? Ол халық әртісі, сен де халық әртісісің. Ертең бет көрісетін адамдармыз. Қалай жазғызасың? Жартысын болса да шамасы келсе бере жатар” деді. Солай мен өз қолыммен 40 мың долларды апарып бердім. Ол осыдан 19 жыл бұрын. Ол кезде ол кәдімгідей ақша”, – деді Жүнісова.

Алайда сол ақша ота жасауға да жұмсалмаған көрінеді. Науқас 2-3 күн ішінде отаға жетпей көз жұмған. Ал ақшаның қайда жұмсалғаны белгісіз күйде. 

“Ол кісіге ота жасалмады. Ақшаны беріп қойдық. Зәкең айтты. Қырқы, жылы өтсін. Қазалы үйді мазаламайық деді. Кейін өздері қайтарып берер деді. Бірақ 4 жылдан соң Зәкең өзі қайтты. Мен көк тиынсыз қалдым. Сол кезде мен сұрауға ұялдым. Өзі берер деп жүре бердім. Бірақ жауап болмады. Кейін бір адамды жіберіп сұратқанымда, “Мен ешқандай ақша алған емеспін” деп кері қайтарыпты. Мен 10 мың доллары болса да қайтарсын деген едім. Ешқандай ақша алмадым деп мойындамады. “30 мың теңгедей ғана ақша берген” деп айтыпты. Сондай да адамдар болады екен”, – деп таңғалды халық әртісі.

Жүнісова тойға шығып, ақша табатынынын мойындайды. Қайырымдылыққа жиі барады. Қажет болса миллиондап ақша беретінін жеткізді.

“Арыстағы жағдай болды, басқа да төтенше жағдай болды. Бәріне миллиондап көмек береміз. Мен ақшаны тойдан табамын. Айына 2-3 тойға шығамын. Күнде тойлап жүрген жоқпын. Кей адамдар менен ақша сұрайды. Үйге келіп алатындар бар. Мен де өз еңбегіммен ақша тауып жүрмін. Кей адамдардың түсінігіне таңғаламын. Біздің де шығынымыз бар. Бізге де ақша керек. Бәріне бірдей жеткізе алмаймын ғой, Осы уақытқа дейін 50 мың доллардан аса қайырымдылыққа берген шығармын. Ол әркімнің ниетіне байланысты”, – деді ол.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.