Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мәселеңіз бар ма, әкімдік тыңдауға әзір!

0 471

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының негізі – билік пен қоғам арасындағы байланысты нығайтып, тұрақты диалог орнатуға бағытталған. Бұл тұрғыда жергілікті әкімдіктер қоғамдық қабылдаулар өткізіп, тұрғындардың мәселесін барынша оңынан шешудің жолдарын қарастыруы керек.

Сәндібек ПІРЕНОВ

Қала әкімі Ержан Жылқыбаевтың кезекті қоғамдық қабылдауы №9 аумақтық округтегі «Алатау» шағын ауданындағы №43 орта мектептің ауласында өтті. Мұнда әдеттегідей шаһар басшысымен бірге қала әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары тегіс келді. Ашық аспан астында ұйымдастырылған кездесуде карантин ережелері қатаң сақталды. Тұрғындар кезекпен қала әкімі мен тиісті бөлім басшыларына көкейдегі сауалдарын жолдап, жауабын бірден алып жатты. Қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Күлекеев пен құқық қорғау органдарының басшыларына қайырылғандар да жеке сұрақтарына тұшымды жауап ала алды. Тұрғындардың басым көпшілігінің сауалы тұрғын жай-коммуналдық шаруашылығына қатысты болса, оның ішінде жер кезегіне тұру туралы ақпарат алғысы келгендер аз болмады. Соның бірі – Қанат Мадияров. Оған қала әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркінбек Бижігітов үй кезегіне қалай тұруға болатынын түсіндіріп берді.

Қабылдауда қала әкімі Ержан Жылқыбаевқа Сәтбаев көшесі, №18 үйдің тұрғындары жылдар бойы жөндеу көрмеген көпқабатты үй жаңғыртуды сұранып тұрғанын жеткізді.

– Біздің үйде сегіз подъезд болса, 103 пәтер бар. Құбырдан су ағып, жертөлені су алып жатыр. Мердігерлер қаражат дайын, енді әкімдіктен рұқсат болса деп отыр. Құжаттардың барлығын тапсырдық. Осы мәселені облыс әкімінің орынбасарына да айттық. Бірақ әлі күнге дейін жұмыс басталған жоқ, – дейді аталған пәтердің тұрғыны Әсия Мырзахметова.

Осы ретте қала әкімі Ержан Жұматұлы тұрғын үйді жөндеуден өткізу үшін қандай кедергілер орын алғанын «Тұрғын үй жөндеу-Тараз» серіктестігінің басшысы Кенжехан Әбжановтан сұрады. Белгілі болғаны, аталған үйдің құрылысын жүргізуді қолға алған «Нұрсила құрылыс» серіктестігі үйді жөндеуден өткізу үшін дайындаған құжатта шатыр жабу мәселесін дұрыс есептемеген екен. Сол себепті жұмыс кешеуілдеген. Алайда Ержан Жұматұлы бұл мәселені жіті бақылауына алып, жақын арада құрылыс жұмыстары басталатындығына уәде етті.

Жалпы бұл күні қоғамдық қабылдауға қаланың 69 тұрғыны келіп, көкейіндегі мәселесін көтерді. Енді тұрғындар тарапынан тіркелген әрбір сауал бойынша мамандар кері байланысқа шығып, комиссия жұмыс істейтін болады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.