Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мұрағат – тарих айнасы

0 2  144

Өткен жылы ел Үкіметінің қаулысымен 22 желтоқсан – Архивші күні болып бекітілді. Биыл Архивші күні алғашқы рет аталып өтіледі. Қазақстан Республикасының «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Заңы да 1998 жылы 22 желтоқсанда қабылданған. Осы ретте Тараз қаласындағы архив мекемесінде толайым тірліктер атқарылғанын айта кеткен жөн.

Мұрағаттың қоры күн санап артуда

Тараз қаласының мемлекеттік архиві – қала аумағындағы маңызды нысандардың бірі. Мұнда елдігімізге қатысты құнды құжаттар қоры сақталады. Осы қордағы құжаттарды қалпына келтіру, өңдеу, сақтау мерзімін ұзарту мақсатында атқарып жатқан архившілердің табанды еңбегі мен қажыр-қайратын біреу білсе, біреу біле бермейді. Архив қызметінің басты бағыттары: қор жинақтау, құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету, қор құрамын зерттеп, жүйелеу, ғылыми анықтамалар мен көрсеткіштер жасау, құжаттарды пайдалануды ұйымдастыру және жария ету. Архивте сақталатын мемлекеттік, экономикалық, саяси-идеологиялық құжаттар ұлттық байлығымыздың бір бөлігі болып табылады. Тарих қойнауына тереңдеп енген әрбір ғасырдың, әрбір кезеңнің өзіндік маңызы, айтулы оқиғалары, жылнамалары бар. Бұл тұрғыда архив ісіне жүктелетін жауапкершілік орасан деп ойлаймын.
Архивтің негізгі бағыттарының бірі – құжаттарды көрмелер арқылы халыққа таныстыру, баспаға шығару, сұраныстарды орындау. Әулиеата өңіріне қатысты саяси және әлеуметтік, тарихи оқиғаларға көпшілік қауымның қызығушылығын тудыратын тақырыптық жылжымалы көрмелерде қойылады.
Мекемеде еліміздің ең маңызды күндеріне арналған, яғни Тәуелсіздік күніне, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздеріне, Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске және көрнекті қайраткерлердің мерейтойларына арналған құжаттық көрмелер өткізіледі. Мысалға айтар болсақ, ағымдағы жылы жоғары оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушыларының қатысумен «Өлке тарихы – Ел тарихы» тақырыбында экскурсия, Алғыс айту күніне орай поляк ұлты өкілдерінің қатысуымен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесе «Архив – ел тағдырының айнасы» атты архив қорындағы құжаттардан фотоқұжаттар көрмесі өткізіліп, «Қоныстанушылар. Жамбылдағы поляк ұлты» атты кітап таныстырылды.
ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және «Архив – 2025» бағдарламасы аясында «Тараз қаласы архив беттерінде» атты дөңгелек үстел, фотоқұжаттар көрмесі ұйымдастырылып, өңірімізге белгілі фотожурналистер А.Қартабай мен М.Мұқатаевтың мемлекеттік архив қорындағы жеке тектік құжаттарынан «Тәуелсіздік жылдарындағы Тараз қаласының тарихи фотоқұжаттары» және тағы басқа көрмелер, семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізілді. Сонымен бірге азаматтардың заңды құқығын қамтамасыз ету мақсатында соңғы жылдары республиканың азаматтарына, соның ішінде шетел азаматтарына архивтік құжаттар негізінде әлеуметтік-құқықтық сипатта архивтік анықтамалар беру бойынша мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы мен шет мемлекеттердің азаматтарынан, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардан, жеке және заңды тұлғалардан келіп түсетін сұраныстарды орындау бойынша жұмыс жүргізіледі. Сұраныстар Ресей, Украина, Германия мемлекеттерінен де келіп түсуде. Ұйымдар үшін республиканың және аймақтардың саяси, экономикалық, мәдени даму мәселелері бойынша сұраныстар орындалды.
Қазіргі таңдағы Тараз қаласының мемлекеттік архиві Жамбыл облысы әкімдігінің 26.07.2007 жылғы №160 қаулысы негізінде «Тараз қаласының мемлекеттік мұрағаты» мемлекеттік мекемесі болып құрылған. Архив қорында сақталған көне құжаттар 1923 жылдан басталады.
Бүгінде архив есебінде 114 қор, 31 657 сақтау бірлігі сақтаулы тұр. Ұлттық архив қорындағы құжаттарды толықтыру аясында Тараз қаласының «Құрметті азаматтары», «Ұлы Отан соғысының ардагерлері», «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран», «Тараз қаласының спорт тарландары» және тағы басқа жеке тектік құжаттар топтамасынан құралған қор ашылып, біршама жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар «Электрондық архив» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша қазіргі заманға сай жылдамдығы жоғары сканерлер орнатылған. Яғни жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін жылдам және тиімді қамтамасыз ету жұмыстары жолға қойылған. Бұл тұрғыда «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының «Электронды құжаттардың бірыңғай архиві» ақпараттық жүйесі негізінде Тараз қаласының мемлекеттік архивінде құжаттарды электронды сандық нұсқаға көшіру жұмыстары жүйесін тауып, жоспарлы түрде жүргізілуде.
Құжаттарды электронды нұсқаға көшіру кезінде бірінші кезекте мемлекет үшін аса құнды, ғылыми, әлеуметтік, экономикалық, саяси және тарихи маңызы бар және азаматтардың құқығы мен заңды мүдделерін қорғайтын жиі сұранысқа ие құжаттар сканерленеді. Мұндай жұмыстарды жүзеге асыру мақсатынды мекемеде А3, А4 форматындағы қуаттылығы жоғары сканер құрылғысы компьютер жиынтығымен жабдықталған. Қазіргі уақытта цифрлық саланы дамыту архив саласына да үлкен серпін беріп отыр. Бұл жүйені жүзеге асыру мақсатында мемлекеттік архив қорындағы сақтаулы мәліметтер «Электрондық құжаттар архивінің бірыңғай жүйесі» ақпараттық жүйесіне енгізу арқылы жүзеге асыру жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекесіне орай ел егемендігі жылдарындағы Тараз қаласының әкімдері туралы анықтамалық жарыққа шықты. Бұл жинақта 1992 жылы қалалық әкімшілік аппаратының әкімі болып Алдияр Түсіпов 1995 жылдың қазан айына дейін басқарғаны, одан кейін Болат Жылқышиев (1995-1998), Сейіт Сартбаев (1998-1999), Болат Сауранбаев (1999-2005), Ілияс Тортаев (2005-2009), Ертарғын Астаев (2009-2010), Бекболат Орынбеков (2010 -2013), Нұржан Календеров (2013 -2017), Рүстем Дәулет (2017-2018), Ғалымжан Әбдірайымов (2018-2019), Қайрат Досаев (2019, сәуір-2019, қараша), Айтқазы Қарабалаев (2019-2021), 2021 жылдың 19 наурызынан бастап Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев сайланғаны туралы мәліметтер жинақталған.
«Жамбыл қаласы әкімі аппараты» Жамбыл қаласының әкімінің 1995 жылғы 15 желтоқсанындағы №246 шешіміне сәйкес құрылған, 1997 жылы 8 қаңтарда Қазақстан Республикасының №3315а Жарлығының негізінде «Жамбыл облысы Жамбыл қаласы әкімі аппараты» атауы «Жамбыл облысы Тараз қаласы әкімі аппараты» болып өзгертілген. Сондай-ақ бұл анықтамалықта Тәуелсіздік жылдары Тараз қаласының әкімі болған азаматтардың өмірбаяны, қаланың дамуына, өсіп-өркендеуіне, экономикалық табыстарын арттыруға қосқан үлестері жинақталған. Мұндай мәліметтерді келешек ұрпақ білуі тиіс.

Құнды құжаттар негізінде жарық көрген кітаптар

Архив құжаттары негізінде «Әулиеата зерттеулері» және «Қоныстанушылар» атты екі кітап жарық көрді. «Әулиеата зерттеулері» жинағында алыс-жақын шет мемлекеттерден, көрші облыстардан алынған құжаттар негізінде Әулиеата аумағындағы алғашқы оқу орындарының қалыптасуы, сол кезеңдегі ғимараттар мен қоғамдық бақтар, көпестік тұрғын үйлер, дәріхана, банктер бой көтере бастаған кезеңдер және Әулиеата өлкетану музейінің ашылуы, Әулиеатаға 1864 жылы полковник М.Черняев әскерінің келуі, өңірді зерттеген ғалымдардың қолжазбалары мен зерттеулері туралы мәліметтер архивтік құжаттар негізінде топтастырылған.
Аталған ғылыми-танымдық кітапта осыдан бір жарым ғасырдан асқан уақыттың сыры басқа қырынан зерделенген. Мысалы, 1864 жылдардағы орыстың генерал-адъютанттарының жазбаша берген мәліметтері мен қатынас хаттарынан «Әулиеата кезеңіне» қатысты көптеген ақпараттарды кездестіруге болады. Сонымен бірге Әулиеата уезінің құрылу тарихы туралы да мәліметтерді алуға болады.
«Қоныстанушылар» кітабына болса, Жамбыл жеріне Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде көпшілігі Украина мен Беларусьтің батыс облыстарынан 1941-1944 жылдары қауіпсіз жерге көшірілген (эвакуацияланған) поляк ұлтының азаматтары туралы архив құжаттары негізіндегі деректер жинақталған. Сол уақыттарда Жамбыл жерінде құрылған Поляк Патриоттар Одағы, балалар үйі мен интернаттардағы поляк балаларының тізімдері, аты-жөні мен ата-анасы туралы мәліметтер топтастырылған. Танымдық кітап қалың оқырманға, тарихшыларға, зерттеушілер мен өлкетанушыларға арналған.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толықтай ақтау

Облыс әкімдігінің №22 қаулысымен (25.01.2021 ж.) Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі облыстық комиссия құрылған. Бұл комиссия құрамында тарихшылар, архившілер, құқық қорғау органдары қызметкерлерінен құрылған жұмысшы топтар жұмыс жүргізуде.
Зерттеушілердің негізгі бағыты өңірдегі саяси қуғын-сүргінге ұшыраған байлар, кулактар, жартылай феодалдар және шаруалардың ақталмағандарын зерттеу, қорытынды және ұсыныстар дайындау болып табылады.
Өңірдегі архивтік құжаттарды зерделеу жұмысы аяқталған соң Түркістан, Алматы облыстарындағы мемлекеттік архивтерінде сақтауда тұрған Әулиеата өңіріндегі саяси қуғын-сүргін мәселесіне қатысты құжаттарды да зерделеу жос-парда бар. Бұл бағытта іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін бұқаралық ақпарат құралдарына, Тараз қаласы мен аудандық архивтердің әлеуметтік желілердегі парақшаларында хабарламалар беріліп, тарихшы, өлкетанушылармен бірлесіп жұмыстар жүргізілуде.
Осы орайда барлық әріптестерімді 22 желтоқсан – Архивші күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Ел тарихын ертеңге қалдыру жолындағы ерен еңбектеріңізге табыс тілеймін.

Нұрхат Серікбаев,
Тараз қаласы мемлекеттік архивінің директоры,
тарих ғылымдарының магистрі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.