Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасы жақсаруда

0 149

«Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы» Заңға сәйкес, Тараз қаласында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтiк қорғау, қолжетімділікті қамтамасыз ету және мүгедектердің қоғам өмiрiне басқа азаматтармен бірдей қатысуына мүмкiндiктер жасау үшін тиісті жұмыстар тұрақты жүргізілуде.

Айталық, Тараз қаласы мен аудандарда ағымдағы жылы жал-ғызбасты қарттар мен мүгедектерге үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету мақсатында жергілікті бюджеттерден 567,5 миллион теңге қаралып, облыс көлемінде осы қызмет түрін қажет ететін 1164 адамның 980-ы ардагерлер болса, 184 жалғызбасты мүгедектерге үйде арнаулы әлеуметтік қызметтің стандартқа сәйкес 6 түрінен 165 әлеуметтік қызметкер аптасына 2 сағаттан 2 рет қызмет көрсетуде. Орта есеппен әр әлеуметтік қызметкер стандартқа сәйкес 6-8 адамға қызмет жасайды. Сонымен қатар облыс көлемінде орналасқан 4 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталықтарында 370 қарт пен мүгедектерге арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсынылуда.
Жалпы мұндай қызметтердің әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-құқықтық сынды түрлері бар. Атап айтқанда, әлеуметтік-мәдени қызметтер бойынша орталықта өтетін мәдени-мерекелік бағдарламалар мен тынығу, газет-журналдар оқу, шахмат, дойбы ойнау, түрлі іс-шараларға толығымен атсалысады. Қызмет алушылардың еңбек түріне икемділігі анықталып, қажетті үйірмелерге де тартылуда. Ал әлеуметтік-психологиялық қызмет түрі бойынша жасы мен жынысына қарай қажеттілігін ескере отырып, психологиялық бағыттағы кеңестер беріледі. Әлеуметтік-медициналық бағыт бойынша қабылданған қызмет алушының ауруының сипатына байланысты медициналық қызметтердің уақытылы және қажетті көлемде ұсынылады. Әлеуметтік-тұрмыстық бағыт бойынша қызмет алушыға санитарлық-гигиеналық нормалар мен талаптарға сәйкес бөлмелермен қамтылады. Әлеуметтік-құқықтық қызмет бойынша бөлімшеге қабылданған қызмет алушыларға күндізгі бөлімінің ішкі ережесімен таныстырылып, қажеттілігіне қарай құқықтық кеңестер беріледі.
Тағы бір айта кетерлігі, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету «Әлеуметтік қызметтер» порталы арқылы жүзеге асуда. Порталда бүгінде 55 түрлі құралдар, яғни протез-ортопедиялық құралдар, міндетті гигиеналық құралдар, кресло-арбалар, санаторлық-курорттық емделу және жеке көмекшілер қызметі мен ымдау тілі мамандарының қызметі көрсетіледі.
Бүгінгі күнге мүгедектерді оңалту құралдарымен қамтуға жыл басынан бері 9177 көмек түріне өтініш түскен. Оның орындалу көрсеткіші 78,7 пайызды құрап отыр. Ал 1737 өтініш тапсырыс беріп, орындалуын күтуде. Бірақ 524 көмек құралынан бас тартылды.
Мүгедектігі бар адамдардың назарына салатын маңызды мәселе – ол қызмет алушының ұялы байланысының абоненттік құрылғысына «Әлеуметтік қызметтер» порталы арқылы «қажетті қызмет бойынша өнім берушіні таңдауыңыз қажет» деген СМС-хабарлама келген жағдайда өзінің электронды цифрлық қолтаңбасымен (ЭЦҚ) таңдау жасауы қажет. Хабарлама берілген күннен бастап екі ай өткен соң порталда өнім берушіні таңдау мүмкіндігі бұғатталады.
Қазіргі таңда жеке оңалту бағдарламасындағы қызметті ала алмай отырған азаматтарға телефонмен хабарласу жұмыстары ұйымдастырылған. Дегенмен жыл басынан бері таңдау жасамаған мүгедектігі бар азаматтардың назарына берілген мүмкіндікті дер кезінде пайдалану қажеттігін ескертеміз. Өтініш берушінің интернет-ресурсқа қолжетімділігі болмаған кезде, өтініш беруші бөлімінің өзіне-өзі қызмет көрсету секторына жүгіне алады.
Мүгедектігі бар адамдарға қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында инватакси қызметі, ғимараттарға кедергісіз кіріп-шығу, қоғамдық көліктерде жүруге өтемақы төлеу қарастырылған.
«Инватакси» қызметі 2016 жылдан бері көрсетіледі. Қозғалуға қиындығы бар І топ мүгедектеріне инватакси қызметтерін «Шапағат» және көздері нашар көретіндерге «Өмір сапасы» корпоративтік қоры көрсетеді. Бүгінгі күнге дейін мүмкіндігі шектеулі азаматтарға барлығы 4 арнайы автокөлік қызмет көрсетіп келеді.
Ерекше қажеттіліктері бар адамдардың қоғамдық көлікке қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесі де өз шешімін табуда. Мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдық көлікке қолжетімді болуы үшін төмен еденді жаңа 40 автобус сатып алынып, қала тұрғындарына қызмет көрсетуде. Сонымен қатар мәслихат шешіміне сәйкес, қалалық қоғамдық көлікте жүру үшін өтемақы төлеу қарастырылған. Өтемақыны мүгедектігі бар 1-топ және нашар көретін 2-топ мүгедектері алып отыр.
Шаһарда орналасқан әлеуметтік нысандарға кедергісіз кіріп-шығуын қамтамасыз ету мақсатында бейімдеу жұмыстарын жүргізу қолға алынған. Яғни нысандардың кіреберісіне пандус орнату, тактильді жолақшалар төсеу жұмыстарына ай сайын зерделеу жүргізіледі. Биылғы жылғы «Amanat» партиясының «Өзгеру жолы: әркімге лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасына сәйкес, қолжетімділікті қамтамасыз ететін мекемелер тізіміне 55 нысан енгізілген.
Қаладағы бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелер мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кіріп-шығуына толық бейімделген. Мүгедек адамдарды әлеуметтік қорғау ақпараттық порталындағы «invo.gov.kz» қолжетімділіктің Интерактивті картасына қалада орналасқан 283 нысанның төлқұжаты енгізілген. Картаға енгізілген нысандардың ішінде 45 мемлекеттік мекеме, 28 денсаулық сақтау нысаны, 13 екінші деңгейлі банк, 67 білім беру ұйымы, 13 әлеуметтік және 117 әртүрлі нысандар бар.
Мұндай азаматтарға жұмыс орындарын ашу мақсатында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2016 жылғы 13 маусымындағы «Мүгедектерге арналған жұмыс орындарын квоталау қағидаларын бекіту туралы» №498 бұйрығының негізінде Тараз қаласы әкімдігінің 21.12.2021 жылғы №6005 «Мүгедектерге арналған жұмыс орындарына квота белгілеу туралы» қаулысына сәйкес, 34 мекемеден 47 бос жұмыс орны белгіленген. Қазіргі таңда 10 мекемеге 19 мүгедек квота бойынша жұмысқа қабылданды. Сондай-ақ 169 мүмкіндігі шектеулі азамат екі қолға бір күрек тапты. Оның ішінде 104-і тұрақты, 65-і уақытша, 56 ақылы қоғамдық, 7-і жастар тәжірибесімен қамтылса, 2 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға өмір сапасын жақсарту мақсатында, атап айтқанда, көмекші құралдармен қамтамасыз ету, қоғамдық көлікте жүруге өтемақы төлеу, жеке көмекші қызметімен, ғимараттарға кедергісіз кіріп-шығуын қамтамасыз ету ұдайы назарда. Бұл бағыттағы үздіксіз жұмыстар жалғаса береді.

Даурен АБДУҚАСЫМОВ, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.