Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мәдина салған ән қандай!

0 179

Мұзбалақ ақын Мұқағалидің сөзіне жазылған «Ұнатамын мен сені» әні – қазақ эстрадасында ойып тұрып орын алған лирикалық шығарма.

Толғанай АТАБАЙ

Жастардың махаббат әнұранына айналған бұл әнді жамбылдықтар көмейіне бұлбұл ұя салған талантты әнші Мәдина Сағымбекова арқылы жете таниды десек артық айтқандық емес. Ол Талас топырағынан нәр алып, жастайынан әнші болуды армандады. Асқақ арманы оны алдамады. Қаршадайынан киелі сахнада ән салып, бүгінде өзінің өнердегі орнықты олжасын еншілей алды. 2001 жылы өнердің қара шаңырағына айналған Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония оның екінші үйіне айналды. Араға жеті жыл салып осынау өнер ордасында алғашқы ән кешін өткізді. Атыраулық бард әнші Табылды Досымовтың «Ұнатамын мен сені» әні кейіпкерімізді халыққа кеңінен танытты.

Төлқұжатына айналған әннің сазгеріне арнап Алматы қаласында алғашқы бейнебаяны да жарық көрді. Бала күнінде әкесі Жақсылық Мәдинаға «егер сен халық әндерін орындамасаң, әнші болмайсың» деген талап қойған екен. Әке тілегін құп көрген әншінің репертуары халық әндеріне толы. Қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқовтың шығармалары да әншінің қоржынында жоқ емес. «Мен ән айтқанда жаным жадырап кетеді. Өзімнің жүрегіме жақын әнді өзім таңдаймын және оған дауысымның келгенін білгеннен кейін ғана ыңылдап айта бастаймын. Өйткені ондай әндерді жүрегім өзі қалап тұрады», – дейтін өнер иесінің ән таңдауға келгенде талғамы жоғары. Мұны әншінің өнерін бағалайтын тыңдарман да жақсы біледі. Ауылда өскен Мәдина радиодан берілетін небір жақұттай әндерді тыңдап отырып, әуеніне елітіп, сөздеріне балқып, сұлулықты, қадір-қасиетті, махаббаттың адалдығын жырлайтын әндерді ұйып тыңдап өсті. Әнге деген әуестігіне студенттік жылдары аймаққа ат басын бұрған мүйізі қарағайдай зиялы қауым өкілдері де куә болды. Тіпті 20 жасында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың алдында жақсы көретін әндерін шырқап, батасын алған.

– Мемлекет басшысының облыс орталығына кезекті сапары болатын. Маған сол кезде ән айту бағы бұйырыпты. Елбасының алдына шығатын кезегімді күтіп тұрғанда кенеттен жарық сөніп қалды. Сонда үлкен ағаларымыз: «Мәдина, тезірек шығып ән айта тұр, біз жарықты қосып алайық», – деп өтініш білдірді. Сөйтіп, ойламаған жерден Шәмші, Нұрғиса аталарымыздың әндерінен бастап Елбасы жақсы көреді-ау деген бірнеше әнді Нұрсұлтан Әбішұлымен қосылып айтып шықтық. Шамамен 20 минуттан соң жарық жанды. Елбасы маған алғыс айтып, дастарқаннан қызыл алма ұсынған еді. Осы бір бақытты сәт әлі күнге дейін менің көз алдымда. Бұл – менің өнердегі керемет естелігім, – дейді Мәдина Сағымбекова.

Өнер өлкесінде жүріп талай байқауларда бағы жанып, лауреат атанды. Мәселен, 1995 жылы Шәмші Қалдаяқов атындағы республикалық ән байқауында бас бәйгені қанжығаласа, араға жыл салып «Жас қанат» республикалық жас әншілер байқауында және 1997 жылы Ашхабад қаласында өткен Дүниежүзілік студенттер мен жастар фестивалінде лауреат атанды. Сондай-ақ табанды еңбек, тынымсыз тірліктің нәтижесінде ол «ҚР Мәдениет саласының үздігі» атағын еншіледі. Биыл бұлбұлша сайраған Мәдинаның қазақ сахнасында ән шырқағанына 25 жыл толды. Бұған дейін де талай жеке шығармашылық кешін өткізіп, көптеген ән жинақтарды жарыққа шығарды. Шығармашылықтағы ширек ғасырлық мерейтойына орай үстіміздегі жылдың 15 мамырында «Баласағұн» мәдениет сарайында әншінің «Сайра, бұлбұл!» атты ән кеші жоғары деңгейде өтті. Рухани кеште ақын Шөмішбай Сариев, Фариза Оңғарсынова, Тұманбай Молдағалиев, Мұқағали Мақатаев, жергілікті ақын-сазгерлер Әуезхан Салабеков, Дүйсенәлі Бықыбаев, Олжас Отардың шығармалары орындалды. Бүгінде әншінің қоржынында үш жүзден астам ән мен үш бейнебаян бар. Әншінің өнердегі қуанышын Қазақстанның эстрада жұлдыздары Айгүл Иманбаева, Досымжан Таңатаров, Әділ мен Дана, Айгүл Мақашева, Индира Расылxан, сондай-ақ өнердегі әріптестері Маралбек Бабақұлов пен Қайсар Көкішовтер бөлісіп, кеш көркін қыздырды. Он алты жасынан бастап киелі сахнадан табылған Мәдина Жақсылыққызы бұл кеште домбыра мен гитара аспабында ән шырқап, тыңдарманның ыстық ықыласына бөленді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.