Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұлтқа қызмет етудің озық үлгісі болған тұлға

0 2  076

«Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» дейді хакім Абай. Сапарбаев Бердібек Мәшбекұлы – өз ісінде үзеңгілестерінен оқ бойы озық болған тұлға.

Ағамыз өзін-өзі аямай еңбек етіп, маңдай терін сарқып, қызметтік парызын парасатпен пайымдап, «Түн ұйықтамадым, күндіз отырмадым…» деген Тоныкөкше мемлекет ісінде мүдіруді білмеді.
Күні кеше ғана алдымызда ардақты аға болып жүрген қаранар қайраткердің ақтық демі қалғанша туған халқына қалтқысыз қызмет еткені бұл күнде сәулесі сөнбес сағынышқа айналды.
Бердібек Мәшбекұлының Әулиеатаның әлеуетін көтерудегі ерен еңбегін, күрделі мәселелерді тап басқан, сан салаға серпін сыйлаған батыл бастамалары мен жобаларын Жамбыл жұрты жоғары бағалайды. Себебі ол кісі өңірдің тізгінін қиын шақта қолға алды.
Ұлтаралық жағдай ушығып, берекелі жұрттың бірлігіне қауіп төнген Қордай оқиғасына байланысты Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен оқиға орнына мемлекеттік комиссияны бастап келген Бердібек Мәшбекұлына бүлінгенді бүтіндеп, қирағанды қалпына келтіру ғана емес, ел арасындағы татулық пен бірлікті нығайтудың айрықша миссиясы жүктелді.
Келе сала енді мұндай жағдайдың қайталанбауын қадағалайтын «Бейбітшілік пен келісім» жобасын құрды. Қордайдағы елді мекендер көгілдір отынмен толық қамтыла бастады. Ауызсу, тұрғын үй, жол құрылысы және көшелерді абаттандыру қолға алынды. Жалпы бір жылдың ішінде осы ауданда 392 жоба жүзеге асырылды. Сонымен қатар Қордайда Тілдерді оқыту орталығы, имамдар үйі ашылды. Бес ауылдық округте қоғамдық кеңестер жасақталып, олар ішкі тұрақтылықты нығайту жөніндегі жұмыстарына кірісті.
Әулиеаталықтарды ғана емес, әлем жұртын әбігерге салған пандемиямен күрес кезінде де Бердібек Мәшбекұлының қайраткерлік қыры айқындала түсті. Қарапайым бетперденің өзі қат дүниеге айналған тұста Мемлекет басшысының бастамасымен Отарда отандық вакцина шығаратын ТМД-да теңдесі жоқ «OtarBioPharm» зауыты құрылысының қолға алынуына мұрындық болды.
Медицина саласындағы маман тапшылығы мәселесін түбегейлі шешу үшін С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Тараз қаласындағы филиалының ашылуын ұйымдастырды.
Қордайдағы татулық тұрақталып, жер-жаһанды жаулаған аурумен арпалыс жүріп жатқан тұста орын алған Байзақтағы әскери қоймада болған жарылыс та облыс әкімі үшін сын сәттердің бірі еді. Жойқын жарылыс салдарынан қираған дүниені, орын алған шығынды айтпағанда, қызмет бабында шейіт болғандардың жағдайы қабырғаға қатты батты. Бұл жолы да Бердібек Мәшбекұлы зардап шеккен халықтың қасынан, істің басынан табылды. Аз ғана уақытта жарылыстан жапа шеккендердің жанұяларына жанашырлықпен жәрдем беріп, зардап шеккен нысандарды қайта қалпына келтірді. «Орнында бар оңалар» деп дана халқымыз айтқандай, тұрғындардың қалыпты тіршілігіне қайта оралуын жан-жақты қамтамасыз етті.
Атышулы Қаңтар оқиғасы Қазақстан тарихына қаралы күндер ретінде енді. Бұл оқиға жайбарақат жатқан Жамбыл жұртында айналып өткен жоқ. Ол күндері қаза болғандар мен жарақат алғандардың саны бізде де тіркеліп жатты. Еліміз үшін ең басты құндылық – тәуелсіздігіміздің тағдыры таразы басында тұрған тұста Бердібек Мәшбекұлының табандылығын тағы да көрдік. Ашулы топтың ортасына қаймықпай кірді. Ағалық, аталық ақылын айтты. Алайда қарасы қалың топ ол кезде сөзге тоқтаудан қалған болатын. Облыс орталығындағы бірқатар маңызды нысандар қирады. Жаппай тәртіпсіздік орын алды. Бұзылған, өртенген ғимараттар кейіннен күрделі жөндеуден өтті. Бұл бүгінде айтуға оңай болғанымен, аса ауқымды жұмыстар еді. Осылайша Бердібек Мәшбекұлы ел басына күн туған аумалы-төкпелі сәттерде ауыртпалықты еңбекпен еңсерді.
Сауапты істер санатындағы «Туған жерге туыңды тік», «Асарлатып үй салу» және «Жомарт түлек» секілді жобалар басталды. Асарлатып үй салуды қазақ ұмытқалы қай заман еді?! Осы салт қайта жаңғыртылды. Баспана бақытына қол жеткізе алмай жүрген 350-ге жуық отбасы осы жоба аясында үйлі болды. Ал Тараз қаласының қақ төрінен бой көтерген «Анаға тағзым» орталығы мен оның алдындағы қазақ әйеліне орнатылған ескерткіш – дана халқымыздың барша аналары мен аруларына көрсеткен сый-құрметі.
Облыс әкімі өзі бастап апарып, балалар үйінен облыста басшы лауазымдарда жүрген әріптестер мен кәсіпкерлерге бір-бір баладан қамқорлығына бекітіп берді. Бастаған ісін аяқсыз қалдырмайтын қайраткер қашанда халықпен жаны бір, рухы егіз екенін нәтижелі істерімен дәлелдеді.
Әкім болған екі жыл ішінде 460 мәрте елді мекендерге шығып, мыңға жуық нысандарды аралды. 163 рет халықпен кездесті. Кездесу қорытындылары бойынша 800-ден астам мәселелердің оң шешілуіне ықпал етті. Бір ғана мысал, Талас ауданының бұрынғы орталығы Ақкөл ауылының әлеуеті үшін алаңдап жүрген ақсақалдардың бір өтініші – бос тұрған бұрынғы колледждің ғимаратын қайта пайдалану болатын. Кезекті бір кездесуде осы мәселе көтерілгеннен кейін Арнаулы әлеуметтік қызмет ұсыну орталығы құрылып, 2021 жылы 194,0 млн теңгеге нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2022 жылдың басынан 200 қызмет алушы қабылданды. 171 жаңа жұмыс орны ашылды. Ашылған жұмыс орындарының басым бөлігіне Ақкөл ауылының тұрғындары қабылданды.
Бұрынғы қарашаңырақ болған соң облыс әкімі Ақкөлдің тыныс-тіршілігіне көп алаңдайтын. Көлдің суының деңгейін өзі келіп көріп кететін. Көлге келген сайын: «Мына көлдің айналасы тура менің ауылым секілді. Топырағы да, ауасы да, суы да ұқсайды. Осы күні ауылды көп еске алам, ағайындарды сағынам», – деуші еді.
Ағамыздың жауапкершілігі мен іскерлігін қанша жазсақ та тауысу мүмкін емес. Өзінің өзекжарды лебізінің бірінде: «Мен Сыр бойынан сабақ алып, Оңтүстіктен ой түйіп, Алтайдан өр мінезді көріп, Жайықтан жайдарылықты алған едім, енді міне, киелі Әулиеата топырағының батасын алып жүрмін», – деп шын пейіл, шынайы көңілін жасырмай айтатын. Бекзат болмысты, антына адал, аманатына берік Бердібек Машбекұлы сол дегеніне жетті! Әулиеатадан аттанар алдында да тектіліктің кең бесігіне айналған киелі аймақтың ақпейіл жұртының ақ батасын алды. Қимастықпен қоштасты.
Қазіргі таңда сарыала қаз сағынышқа айналған саналы ғұмырын ұлт пен ұрпақ жолында сарп еткен Бердібек Сапарбаев қоғамның әр саласында қолтаңбасы қалған, адамгершілік пен парасаттың тізгінін тең ұстаған тұлға ретінде жүрек төрінде қалды. Ел басқару ісінің озық ойлы ақтаңгері атанған, сындарлы саясаттың саңлағы, кісілік келбеті, үлкенге құрметі, кішіге ізеті айрықша Бердібек Мәшбекұлының жарқын бейнесі жадымызда.
Ол кісі кемел адам еді. Бір артықшылығы – әрдайым әріптестердің көңіл-күйін бағамдап, жүріс-тұрысынан, сөйлеген сөзінен-ақ қаншалықты қабілетті қызметші екенін біліп отыратын.
«Егер бектер қай жолмен жүрсе, онда ол бектің жолы – қызметкерінің де, халқының да жолы» дейді Баласағұн. Байтақ даланың бес өңірін абыроймен басқарып, халықтың бақ-берекесін арттыруға өлшеусіз үлес қосқан Бердібек Мәшбекұлының жолын кейінгі жастарға берсін!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Қанатбек МӘДІБЕК,
Жамбыл облысы әкімінің орынбасары

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.