Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әлемдегі ең бай спортшыларды білесіз бе?

0 488

Жуырда әйгілі Forbes журналы 2021 жылы материалдық тұрғыдан ең көп олжаға кенелген спортшылардың рейтингін жариялады. Әдетте үздіктер тізімінің алдыңғы легінен футболшылар мен теннисшілерді немесе гольфшылар мен кәсіпқой боксшыларды көретін едік. Бұл жолы олай болмады. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша бай-қуаттылар көшін атышулы ирландиялық аралас жекпе-жек шебері Конор Макгрегор бастап тұр.

Ирландияның астанасы – Дуб­линнің дәл іргесінде ор­наласқан Крамлин қаласында туып-өскен Конор қара жұмысқа ерте жегілді. Өзінің еңбек жолын сантехник болып бастаған ол 20 жастан асқан шағында аралас жекпе-жекке ден қой­ды. Өзінің табандылығы мен жанкештілігінің арқасында елеулі табыстарға қол жеткізді. Арада бес жыл өткен соң әлем­дегі ең белді ұйым – UFC ма­мандарының назарына ілікті. Америкаға келген бетте Мак­грегор қатарынан жеті жекпе-жекте жеңіске жетіп, жартылай жеңіл салмақта чемпиондық белбеуді иеленді. Одан таяқ жегендер арасында Маркус Бри­мейдж, Макс Холлоуэй, Дигеу Брандан, Дастин Порье, Деннис Зифер, Чед Мендес және Жозе Алду сынды саңлақтар болды. Жоғарыда атап өткен жеті кездесудің алтауын Конордың мерзімінен бұрын аяқтағанын да айта кеткеніміз абзал.

Кельттер елінен келген жігіттің өнері бірден жан­күйерлердің көңілінен шықты. Ол өзіне ғана тән стилімен көзге түсті. Жүріс-тұрысы бөлек, өз-өзін ұстау мәнері өзгеше, сөзге шешен спортшы әр жекпе-жекті шоуға айналдыра білді. Оның қатысуымен өткен баспасөз мәс­лихаты немесе көз түйістіру рәсімі әр кез дау-дамаймен аяқ­талатын. Жанжал шығып, арты төбелеске ұласқан кездер де аз емес. Ал жекпе-жек десе деле­бесі қозып, қаны қыз-қыз қай­найтын көрермендерге де керегі сол. Бір сөзбен айтсақ, ол аралас жекпе-жек өнерін жаңа деңгейге көтерді.

Бір қызығы, былтыр 33 жас­тағы Макгрегор небәрі екі кездесу өткізіп, екі ретінде де өзінің сыралғы қарсыласы – америкалық Дастин Порьеден техникалық нокаутпен ұтылды. Октагонда бар-жоғы 752 секунд айқасты. Соның өзі байлыққа белшеден бату үшін жеткілікті болды. Ирландия өкілінің таза спорттағы табысы 22 миллион долларын құраса, жарнамадан түскен кіріс – 158 миллион доллар. Барлығы – 180 миллион доллар. Үлкен өмірін сантехник болып бастаған қарапайым жұмысшы қазіргі кезде үлде мен бүлдеге оранып отыр. Не ішемін, не жеймін демейді. Керісінше, ақшасын қайда жұмсарын білмей, түрлі брендтер ойлап табуда. Конор осының барлығына өзінің еңбегі мен табандылығы, ептілігі мен іскерлігінің арқасында қол жет­кізді. Міне, осыдан кейін «Әр­кімнің өз тағдыры өз қо­лында» дегенге сенбей көріңіз!

Бай-қуатты спортшылардың тізімінде екінші және үшінші орындарды әлемдік футболдың шоқжұлдыздары – Лионель Мес­си мен Криштиану Роналду өзара бөлісуде. Аргентинаның мақ­танышы 130 миллион (еңбек­ақы мен сыйақы – 97 млн дол­лар+жарнама – 33 млн доллар) та­быс тапса, португалиялық сұрмер­геннің кірісі – 120 млн доллар (70 млн доллар+50 млн доллар). Сон­дай-ақ «ТОП-10» спортшының қата­рында америкалық футбол өкілдері Дак Прескотт (107,5 млн доллар) пен Том Брэди (76 млн доллар), баскетболшылар Джеймс Леброн (96,5 млн доллар) мен Кевин Дюрант (75 млн доллар), футболшы Неймар (95 млн доллар), теннисші Роджер Федерер (90 млн доллар) және «Формула-1» спортының серкесі Льюис Хэмилтон (82 млн доллар) сынды спортшылар бар.

Forbes өткен жылы ең көп табыс тапқан әйелдердің де есімдерін жария етті. Бұл тізімге мыналар енді: Наоми Осака (теннис) – 57,3 млн доллар, Серена Уильямс (теннис) – 45,9 млн доллар, Винус Уильямс (теннис) – 11,3 млн дол­лар, Симона Байлз (спорттық гим­настика) – 10,1 млн доллар, Гар­бинье Мугуруса (теннис) – 8,8 млн доллар, Ко Джин Янг (гольф) – 7,5 млн доллар, Пусарла Венката Синдху (бадминтон) – 7,2 млн доллар, Эшли Барти (теннис) – 6,9 млн доллар, Нелли Корда (гольф) – 6,2 млн доллар және Кэндис Паркер (баскетбол) – 5,7 млн доллар.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.