Қалалық қоғамдық-саяси газет

БЖЗҚ 500 мың адамды жарылқады

0 1  641

Қазақстандықтар зейнетақы қорындағы артық ақшасын алуды белсенді түрде жалғастырып жатыр. Қазірдің өзінде 500 мыңға жуық азамат бір реттік зейнетақы төлемін алса, соның басым бөлігі шекті сомадан асатын қаржыны тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсапты. Осы күнге дейін қордан 1,3 трлн теңге алынған.

Бір реттік төлемді пайдалану жарлығы шыққалы бері 466 397 тұрғын зейнетақы қорынан ақша алса, соның 209 998-і қар­жыны ипотекасыз үй сатып алуға жұмсаған. Тағы 62 694 қазақ­стандық «Отбасы банктегі» жалпы сомасы 152 млрд теңге болатын займдарын жапқан. 39 мың адам өзге екінші деңгейлі банктердегі жалпы сомасы 134 млрд теңге болатын ипотекалық қарыздарынан құтылған. 23 мыңнан астам азамат «Отбасы банкінен» несие ресімдеу үшін бір реттік төлемді алғашқы жарна ретінде құйған. Олардың 82 пайызы екінші нарықтан үй алуды жөн көрсе, 18 пайызы пәтерді құрылыс салушылардан тікелей сатып алды. Төлемнің тек тұрғын үй үшін пайдаланылмайтыны белгілі. 89 480 азамат 91 млрд теңгені емдеу мақсатына бағыттаған.

Негізінен Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Маңғыс­тау облысының халқы зейнетақы қорындағы артық қаржымен үй сатып алу бойынша көш бас­тайды. Бұл мүмкіндікті ең аз пайдаланған өлке – Солтүстік Қазақстан облысы. Сондай-ақ 2021 жылдың 16 желтоқсаны­нан бері бір реттік төлемді «От­басы банк» депозитіне аудару мүмкіндігі пайда болған еді. Бұл мүмкіндікті қазірге дейін 35 мың адам пайдаланып, 57 млрд теңге депозиттерді толық­тырған.

«Зейнетақы қаржысымен депозитті толтыру мүмкіндігі – жастарды қолдауға бағыттал­ған тамаша құрал. Осылайша, жұмыс істеп жүрген жастар бас­пана үшін тезірек ақша жинай алады. Сосын жинақ шотының мерзімін есепке ала отырып біз арқылы жылдық 3,5-тен 5 па­йызға дейін тұрғын үй займын ала алады. Дәл қазіргі сәтте бұл тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін ең қолжетімді құрал болып тұр», дейді «Отбасы банк» бас­қарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.

egemen.kz

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.