Қалалық қоғамдық-саяси газет

Құлдықта болып, өз-өзіне қол салған: Шымкентте полицейге қатысты қызметтік тергеу басталды

0 688

Құқық қорғау органдары 28 жастағы азаматты еңбек құлдығында ұстады деген полиция қызметкеріне қатысты қызметтік тергеу бастады. Тұрғын өз-өзіне қол жұмсаған болатын. Оның денесі мал бағатын ферманың қасынан табылған, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Ер адамның құлдықта болғанын туыстары мәлімдеген болатын. 

Көз жұмған Бақытжанның анасы Аягөз Бердалиеваның айтуынша, баласы ақша тауып, отбасылық қарызын қайтару үшін мал бағуға жалданған. Бірақ нағыз құлдыққа түскенін айтады. Жігіттің туыстары пен ауыл тұрғындары оны өз-өзіне қол жұмсауға итермеледі деп күдіктеніп отыр. Оған мал баққызып, қатігездік танытқан азамат полиция қызметкері болған.

Бақытжанды бұндай әрекетке итермелеген мал иесінің жоғалған 10 қойы болуы мүмкін. Осы үшін ол 300 мың теңге талап етіп, өзінің таныстары мен жағдайын айтып қорқытқан. Содан кейін Бақытжан шарасыздықтан осындай қадамға барған көрінеді.

«Полиция қызметкеріне қатысты өзіндік қауіпсіздік басқармасы қызметтік тергеуді бастады. Тергеу барысында аталған оқиғаға құқықтық баға беріліп, заңды шешім қабылданатын болады. Іс департамент басшысының ерекше бақылауында», – деп түсіндірді Түркістан облыстық полиция департаменті.

Қазіргі уақытта Түркістан облысы полиция департаментінің тергеу басқармасы Қылмыстық кодекстің 105-бабы «өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу»бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Осы бап бойынша кінәлі адамға үш жылдан сегіз жылға дейін шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы беріледі.

Оқиғаның барлық мән-жайлары анықталуда, қажетті сараптамалар тағайындалды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.