Қалалық қоғамдық-саяси газет

Латын графикасы – ақпараттық кеңістікте

0 304

Түркі халықтарының ортақ әдеби, мәдени, тарихи құндылықтарын насихаттау, латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиіне қатысты өзекті мәселелерді талқылау мақсатында халықаралық конференция ұйымдастырылды.

Зере Қуаныш

Тіл мәселесі – аса күрделі, аса жауапты мәселе. Тіл мәселесін тілге тиек етерде түркі әлемін, түркі рухани дүниесін санамыздан ұмыт шығармауымыз қажет. Түркі әлемінің келешегі үшін, алдымен түркі елдерінің тілдерін латын графикасына толықтай бірізділікпен енгізгеніміз жөн. Түркі дүниесінің әдебиеті мен тілі ерте ғасырдан қалыптасып, бүгінгі күнге дейін мәңгі жасап келеді. V-VIII ғасырлардағы тасқа қашалған руна жазуы – түркі мұрасының алтын қазығы. Жүсіп Баласұғұн, Махмуд Қашғари, Қожа Ахмед Иассауи, Сайф Сарай, Әлішер Науаи, Әбу Насыр әл-Фараби сынды түркі саңлақтарының әдеби мұрасы, «Манас», «Алпамыс», «Қобыланды», «Қожанасыр» жырлары мен әңгімелерін жасаған біздің түркі халықтарының әлемдік өркениетке қосқан үлестері қомақты. Қазақстан халқы латын графикасына кіру арқылы түркі дүниесімен ортақтасуын арттырады. Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласында көрсетілген міндеттердің алғашқысы – латынға көшу болды.

Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының тапсырмасымен М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-дың мәжіліс залында өткен «Латын графикасы: түркілік тұтастық және жаҺандық ақпараттық кеңістік» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда латын графикасына негізделген әліпби мен емле ережелердің лингвистикалық аспектілері, түркі руханиятымен жаңа қазақ әліпбиіне қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Жиынды М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің бірінші проректоры Асқар Абдуалы ашып, жүргізіп отырды. Конференция барысында Түркия еліндегі Хасеттепе университетінің Phd докторы Халил Четин онлайн байланысқа шығып, латын графикасына көшудің тиімді жолдарын айтып: «Қазақстан бүгінгі таңда беделді мемлекет бола отырып, әлемдік саясатта өте маңызды рөл атқарады. Ондай елдердің әлемдік платформаларға интеграциялануы латын графикасына көшуді міндетті түрде талап етеді. Бұл қадам және басқа түркі халықтарымен жақындастыруды қолдайды» деді. Халил Четин мырзаға оқу ордасының оқытушылары көкейде жүрген сұрақтарын қойып, оған тұщымды жауап алды. Сондай-ақ жиында тақырып аясында баяндамалар жасалды.

Конференцияда Баку мемлекеттік университеті, филология ғылымдарының докторы, профессор, түрколог Фируза Агаева «Новая алфавитная реформа» тақырыбында, Ажинияз атындағы Нүкіс мемлекеттік педагогикалық институтының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Алима Перниязова «Түркі халықтарының латын графикасына көшудегі тарихи-мәдени перспективалары» тақырыбында, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік унверситеті «Абайтану» ғылыми зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, доценті Ақжол Қалшабеков «Латын графикасына көшудегі тарихи-мәдени аспектілер» тақырыбында ой қозғады.

Конференцияға облыстық тілдерді дамыту басқармасының жас мемлекеттік қызметшілері, жоғары және орта арнаулы оқу орындарында жұмыс істеп жүрген жас ғалымдар, докторанттар мен магистранттар, филолог мамандар, филология факультеттерінің студенттері, жас тіл мамандары және қазақ тілінің болашағына бейжай қарамайтын тіл жанашырлары қатысып, пікір алмасты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.