Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының бастамасымен құрылған «Kitap Time» оқырман клубының кезекті жиыны мазмұнды әрі әсерлі форматта өтті. Бұл жолғы әдеби кездесу №3 мектеп-лицейінде ұйымдастырылып, қазақ әдебиетінің көрнекті қаламгері Дулат Исабековтің «Гауһар тас» шығармасына арналды.
Шараға 10 «А» сыныбының жетекшісі Жалалова Н.М. және 10 «Ә» сыныбының жетекшісі Алдажанова Р.Т. жетекшілік ететін оқушылар қатысып, ата-аналар да белсенділік танытты. Әдеби басқосу барысында оқушылар шығарма мазмұнына терең үңіліп, кейіпкерлердің іс-әрекетіне талдау жасап, өз ой-пікірлерімен бөлісті.
Кездесу аясында арнайы сұрақ-жауап бөлімі ұйымдастырылып, оқушыларға шығарма желісі, кейіпкерлер бейнесі, автордың негізгі идеясы мен көтерген мәселелері бойынша сұрақтар қойылды.
Шара соңында кітапхана қызметкерлері Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының қызметі, оқырмандарға арналған жобалары мен мүмкіндіктері туралы кеңінен таныстырып, кітап оқудың маңыздылығына тоқталды.
Осындай тағылымды кездесулер – жас ұрпақтың рухани дамуына жол ашып, кітап оқуға деген сүйіспеншілігін арттыратын маңызды мәдени алаң екені анық.