Қалалық қоғамдық-саяси газет

Кеселдің бірі – құмарлық

0 394

Қамшының сабындай қысқа өмірдің қадір-қасиетін жете түсінетіндер болғанымен, өкінішке қарай, бағамдай білмейтін жандар да жетерлік. Осындай кеселдің бірі – құмарлық . Бұл сырқат жер бетіндегі адамдарды арбауда. Әсіресе, лотерея мен ойын автоматтарының жанкүйерлері үшін бұл меже өмірінің соңғы нүктесі іспетті.

Мұндағы басты мәселе – құмар ойынға қызығушылықпен бірге, сол қатерлі дерттің әлсіздігіне адамның өзі айналып отырғаны. Ерте заманда «Әлсіз адам – құмарлығы бар адам» деп Декарт бекер айтпаған. Әрине, оның сөзі рас. Шынында, құмар ойындар бүгінде қоғамның өзекті дертіне айналды. Негізі, бұл ойындардың салдарынан қаншама адам ақшасын ауаға жұмсап, үйінің құт-берекесін қашыруда. Бұл кеселдің зардабы – елдің дамуына кері әсерін тигізіп, жаһанды жаулап, сайып келгенде, алтындай уақытын, жастық шағын, нағыз елге қызмет жасайтын сәтте пайдасы жоқ құмар ойынмен бүкіл ғұмырын өткізіп алуы.

Ақ жолдан айныған адамдар «оңай ақша табудың көзі» деп ақша жасаса, кейбіреулер құмар ойын әсерінен жалақысын, қымбат та бағалы заттарын, жеңіл автокөліктерін ұтқызып, тіпті баспаналарынан да айырылып жатыр. Арасында үйіндегі жақындарын да ойынға айырбастап жатқандарды естіп, жаға ұстайтын сәттер де аз емес. Мұның бәрі «жеңіл ақша табамын» деп құмарланудан бастау алған. Бірақ оңай жерде ақша жоқ. Оңай жолмен табыс табам деп ойлау – надандық. Ең өкініштісі, қанымызда жоқ нәрсе қазіргі кезде санамызды улап, бойымызға сіңуде.

Қазақты текті халық дейміз. Бұрынғы ата-бабаларымыз құмартпаған ойындарды бүгінгі ұрпақ ойнап не тапты? Осы нәрселердің бәрі терең ойлануды қажет етеді. Себебі құмар ойынға салынған адамның басында құт-береке болмайды, әрқашан қарыз бен үлкен шығындарға ұшырайды. Одан қалса, уақыт өте келе абыройсыздыққа, арсыздыққа душар болады.

Өзіңе де, өзгеге де зиян екенін біле тұрып, құмар ойыннан неге құтыла алмаймыз? Оның алдын алу үшін не істей аламыз немесе ойынның құрбандарына қалай тосқауыл боламыз? Әрине, күрмеуі күрделі мәселе. Мұндай ғасыр дертіне душар болмастан бұрын, дүниеге алып келген ата-ананы, бауыр мен жақын достарды еске алу керек. Қазақ халқының «Бала бер, бала берсең, сана бер. Сана бермесең, ала бер» деген сөзіне үңілейікші. Бұл ойын адамды өтірік пен жалқаулыққа, тіпті баукеспе ұры болуға да мәжбүр етеді. Ата-ана санасыз баласынан бас тартпағанда қайтсін?! Осындай құмарлықтың құрбандары болған талай жандар әлі де бар. Айрандай ұйып отырған қаншама шаңырақ шайқалуда. Ойынның салдарынан қаншама жандар өмірлерімен ерте қоштасуда. Сондықтан есті алатын ойындарға қатты қызығып, құмартпайық. Оның үстіне Ислам дінінде де құмар ойындарға қатаң тыйым салынған. Сондықтан біздің өмірдегі кез келген материалдық табысымыз көркем әрекет нәтижесінде, еңбекпен, маңдай термен келуі тиіс. Құмар ойындардың құлы болғанша, Қазақ елінің үлгілі ұлы болайықшы.

Ақнұр НҰРЖАНҚЫЗЫ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 2-курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.